Kyzylorda-news.kz  Қазір жастарға арналған жұмыс түрі көп. Басты ерекшелігі еркін жұмыс кестесі. Осы тұста бұл қызылордалық SMM маман, студент Айнұр Досжановамен тілдесіп көрдік. Оның айтуынша арнайы сала маманы болу үшін міндетті түрде жоғары оқу орнында білім алып жүріп, кез келген пайдалы курсқа қатысу арқылы пайда көзін табуға болады. 

– Мен ниверситете оқимын. Студент болып жүріп те өзімді қаржымен қамтамасыз еткім келді. Сұранысқа ие салаларды қарап шықтым. Қазақстанда қарқынды дамып жатқан әлеуметтік желідегі маркетингтің SMM маманы болу үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Мұндай мамандар маркетинг, аналитика және шығармашылық ойлау дағдыларына ие. Бар болғаны YouTube желісі арқылы керекті бейне сабақтарды қарап шығып, жақсы камера мен қиялға ерік бере алсаң болғаны. Біліктілігімді жетілдіру мақсатында «I teach me 7.0» бағдарламасына өтінім беріп, алғашқы кезеңінен өттім. 3 айлық курсты оқып, кейін жұмыс табу да аса қиындық тудырмады. Әлеуметтік медиа саласындағы алғашқы жобам – балалар киімін сататын дүкен. Әлі күнге дейін жаңа трендтер мен әдістерді үйреніп, белсенді түрде дамытудамын. Айта кететін тағы бір жайт, бұл салада бәсекелестік жоғары. Болашағынан зор үміт күттіреді. Кәсіпкерлер үшін бизнестің жанданып, ел назарында болғаны маңызды. Ал тауарды қызықты контентпен жарнамалап, өтімді етуге SMM мамандар пәрменді. Сонымен қатар олар тартымды әрі қызықты пост жазуға қабілетті болуы тиіс. Себебі көгілдір экран сыртындағы көрермен ұзақ мәтінді оқығанды ұнатпайды. Оның орнына нақты және керекті ақпаратты шолып шыққанды дұрыс көреді. SMM мамандар сізге бұл мүмкіндікті бере алады, – дейді Айнұр Досжанова.

SMM саласында жұмыс істеп жүрген жандардың жалақысы бүгінде көз қуантады. Айнұрдың бұл салада жұмыс өтілі болмаса да, жақсы табыс табуға болатынын алға тартты. 

– SMM саласындағы ең аз айлық – 150 мың теңге. Сондай-ақ өзіңе ыңғайлы уақытта және қашықтықта айналысуға мүмкіндік береді. Студент немесе бірнеше жұмыста істейтін жандар үшін ыңғайлы екені сөзсіз. Бастапқы уақытта тәжірибе жинау өте маңызды. Ол кезде алатын айлық та аздық етуі мүмкін. Бірақ өмірдің кез-келген саласында кездесетін бұл қиындықты кемшілік деп санау, әсте қате болар. Менің жалақым 150 мың, алайда бұған дейін бұл салада өтілім болмағандықтан, мен үшін бұл жақсы айлық деп білемін. SMM мамандарына әрдайым білім жетілдіріп отырған жөн. Жаңа трендтерден қалуға болмайды. Таным кеңістігі барынша кеңейген сайын жұмыс сапалы бола бермек. Яғни сіз секілді маманға да сұраныс арта түседі, – дейді қызылордалық студент А. Досжанова. 

Тәуліктегі уақыттың күні мен түніне қарамастан еркін жұмыс кестесі арқылы табыс табуға болатын сала көп. Сондай жұмыстардың бірі – трейдинг. Трейдер уақытының 90%-ын анализ жасауға жұмсайды. Олар әрбір компанияның жаңалықтарын қалт жібермей, актив құнын бақылауда ұстайды. Бұл да бір SMM секілді еркін жұмыс кестесі мен жоғары жалақы құнын бере алатын салалардың бірі.  

Ең алғаш бұл термин XVII ғасырда пайда болды. Басты себеп – Лондон биржасының пайда болуымен тығыз байланысты. Трейдинг «саудагер» деген мағынаны білдіреді. Ол өз қалауынша әрекет етіп, сауда процесі арқылы тікелей пайда көзін табуға ұмтылады. Бұрын олар биржа арқылы жұмыс істесе, қазіргі мәліметтерге сәйкес биржамен де, одан тыс та нарықта  бағалы қағаз, тауар, валютамен сауда жасайды. Яғни, арнайы биржадағы саудадан пайда көреді. Ол тауарға аз ақша жұмсап, мейілінше қымбат сатудың жолын іздейді. Тауардың сатылымынан көрген пайдадан табыс тауып отырады. 

Трейдинг орындалатын уақытына орай бірнеше түрге бөлінеді. Жиілігі жоғары трейдинг, яғни қас пен көз арасында сауда-саттық жүреді және тек роботтар саудаланады. Келесі түрі – Скальпинг  (Scalping). Өте қысқа мерзімді стратегия, онда трейдерлер қысқа уақыт аралығында бағаның аз өзгеруінен ақша табуға тырысады. Ұзақ мерзімді инвестициялау (Long-term investing) – пайда табу үшін активтерді жылдар бойы ұстап тұрады, сол арқылы ұзақ уақыт үлесін алып отырады. Позициялық сауда (Position trading) – бұлда нарықтағы позицияларды ұзақ уақыт аралығында ұстап қалуға тырысатын түрі. Swing-Trading (Swing trading) – бағаның қысқа ауытқуына негізделген сауда, әдетте бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін ғана көзделеді. 

Интернет-трейдингтің ерекшелігі – интернетке қолжетімділік арқылы қаржы нарығындағы барлық ақпаратқа ие бола алады. Яғни, трейдердің арнайы кеңсесіз, үйінде отырып-ақ ғаламтор кеңістігінің көмегімен саудаласу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ интернет-трейдинг ақпараттандырылған шешімдер қабылдауға және нарық жағдайындағы өзгерістерге лезде жауап беруге мүмкіндік беретін әртүрлі сауда платформаларына, талдау құралдарына, кестелерге және нақты уақыттағы нарық ақпаратына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Оның артықшылығы – әдетте брокерлік фирмалар немесе банктер арқылы дәстүрлі сауда тәжірибелеріне қарағанда төмен төлемдер мен алымдарды ұсынады. Бұл сатып алушыға ұтымды. 

Трейдинг – тәуекелге бел бууға міндеттейтін салалардың бірі. Себебі «қалықтап тұрып», қате шешімдер кесірінен құлдырауға ұшырап кетуіңіз мүмкін. Құлдыраудың екі түрі болады: нарық және валюта. Нарықтағы деградацияның себебі активтердің құбылмалы болуына байланысты. Сауда құралдарының бағасы үздіксіз өзгерісте. Сондықтан түсетін пайда көзінен бөлек, құлдырау процесін де елеп, оның шығындарын есептеп, кез келген жағдайға дайын болу керек. Құлдыраудың келесі түрі – валюталық. Валюта бағамдарының әрқашан құбылмалы екені бәрімізге мәлім. Сіз күтпеген бағытқа қарай өзгеріп кетуі де мүмкін. Нәтижесінде трейдер үшін үлкен қолайсыздықтар туындау ықтималдығы басым. 

– Трейдингпен айналысқаныма 2 жылдан астам уақыт болды. Айлық табысым – 4 млн теңге. Өзің қожа, өзің би. Еркін жұмыс кестесімен жұмыс істейсің. Интернет пен ноутбук болса болды, бос уақытыңның 1-2 сағатын ғана алады. Жүгі жеңіл жұмыс болып көрінгенімен, ауыртпашылығы да басым. Себебі бұл саламен айналыса бастаған соң адам өзінің психологиялық бет-бейнесімен жүздеседі. Яғни, эмоция секілді адам мінезінің маңызды аспектілері жұмыс барысында өзгерістерге ұшырап, соның әсерінен жасалған шешімдер сәтсіздікке әкеліп, адам біраз қажуы мүмкін. Бұл менің де басымнан өткен кезең. «Минусқа» кеткен кездерім аз болмады. Алайда қол қусырып қалмай, еңбек етуге үйреніп, бұл қиыншылықтар артта қалды. Ең бастысы – тәртіп. Адам өзін және болмысындағы кемшіліктерін жеңіп, күш-жігердің жалауын желбіретуі тиіс. Кез келген жағдайда іскерлік мінез болуы қажет, сол арқылы топ жарып шығуға мүмкіндік бар. Арнайы білім алып, жоғары оқу орнын бітіру міндетті емес. Бастысы – адамның ниеті және күш-жігері. 

Көп қаржы бар жерде тәуекел де жүреді. Есесіне жақсы пайда көзін табуға көмектеседі. Бүгінде қазақстандықтар трейдингтің алғышарттарын ұғынып, дамытуда. Ең қуаныштысы да – осы. Көптеген трейдер осы сала арқылы табыс табуға үгіттеп, білім көздерін ашуда. Мен де қалыс емеспін. Курс ашып, трейдинг саласының қыр-сыры туралы ұтымды білім берумен айналысамын. Жеке имиджімді қалыптастырып, өз командамды құрдым, бірге қызмет атқарамыз, – дейді табысты трейдер Арайлым Сәтбек. 

Түйін! Жұмыссыз жастардың көп екені рас. Қазір мұны замана кеселі деуге де болады. Дегенмен осы трейдинг секілді көп мөлшерде айлық табуға болатын табыс жолдары көп. Мәселен, SMM маманы болу, копирайтерлық, тендермен айналысу, фрилансер болу және тағы да басқа еркін жұмыс графигі қарастырылған жұмыс көздері жеткілікті. Ізденіс, ниет, күш-жігер – жастарға керек ең маңызды қасиет. 

 

Қорлан САРЫ
Фото: gerchik.com

Тағы да оқыңыз: