Kyzylorda-news.kz  Виртуалды шындық-ақпараттық технология серпіні арқылы жүзеге асатын жаңа жасанды әлем. Бүгінде VR нарығы өсуде. Ерекшелігі - экран арқылы түрлі бейнелер, видеолар, суреттер керемет эмоция сыйлайды. Осы орайда қызылордалық  жастардың «Ғарыштық көзқарас» жобасымен таныстық.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі «InfogoClub» IT ұйымы мүшелерінің бастауымен жүзеге асқан жобаға қызығушылар көп. 

«Ғарыштық көзқарас» -тек көзіңізді қолдану арқылы космос әлемін метеорлық жаңбырдан құтқару тапсырмасы бекітілген виртуалды ойын. 

- «Іnfogo club» IT ұйымы жақында ашылды. Ұйымның мақсаты – IT саласына қызығушылығы бар жастарды бір алаңға жинау. Жай ғана оқыту емес, теориямен қатар практиканы қолданып, қоғамға маңызы бар жаңа жобаларды іске асыру. Алғашқы жобаларымыздың бірі виртуалды шындық әлеміне бағытталды. Жоба қолдануға дайын. Қызылорда қаласының тұрғындарына жобаны таныстырып, сынақ кезеңін өткіздік. Нәтижесі өте жақсы. Тұрғындарға ұнады. Қызығушылық танытып, қолдау білдіргендерге алғыс білдіреміз, -деді  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті, «Іnfogo club» IT ұйымының төрағасы Ғұбайдулла Орынбеков.

Сонымен қатар, ұйым мүшелері «Korkyt» цифрлық бағдарламасын әзірлеуді бастады. Бұл жобада Қорқыт ата тарихы, маңызы мен үлесі баяндалады. Жобада 3 тіл қамтылады. Көптілді функцияның арқасында өзге ұлт өкілдері де ойын форматындағы цифрлық бағдарламада Қорқыт баба туралы ақпарат алатын болады. Жалпы айтқанда, жастардың кезекті жобасы танымдық бағытта әзірленеді. 

Айта кетейік, жуырда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Іnfogo club» IT ұйымы ашылды. Ақпараттық технология саласына қызығушылығы бар, үйренемін және дамимын деген білім алушыларды бір алаңға тоғыстыратын бұл ұйымда теориямен қатар практика қолданылып, қоғамға маңызы бар жаңа жобалар іске асырылады.

Команда мүшелері де 1-курст студенттері.

Ғұбайдулла Орынбеков – «Іnfogo club» ұйымының төрағасы. Ұйымның барлық бөлімшелері мен мүшелерінің жұмысын үйлестіреді. Клубтың даму стратегиялары мен іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Информатика мұғалімдерін даярлау» мамандығының 1-курс студенті. 

Исатай Есмамбетов – «Іnfogo club» ұйымының әзірлеу бөлімнің жетекшісі. Жобаларды сапалы әзірлеу және қоғамға ыңғайлы өнім жасайды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Информатика мұғалімдерін даярлау» мамандығының 1-курс студенті.

Арман Қуанышбек – «Іnfogo club» ұйымының пиар бөлімнің жетекшісі. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ұйымның болуын қолдайды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті,«Информатика мұғалімдерін даярлау» мамандығының 1-курс студенті.

Қайсар Жарылқасын – «Іnfogo club» ұйымының дизайн бөлімінің жетекшісі. Клубтың іс-шараларына және жобаларға дизайн материалдарын жасайды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Информатика мұғалімдерін даярлау» мамандығының 1-курс студенті. 

Даниал Айжарық – «Іnfogo club» ұйымының музыка бөлімінің жетекшісі. Жобаларға авторлық саундтрек жазады, авторлық музыка шығарады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1-курс студенті.

Ғұбайдулла Орынбековтың айтуынша, виртуалды шындық (VR) пен толықтырылған шындықты (AR) ажырата алмайтын қолданушылар да кездеседі. Бірақ екеуі мүлдем басқа дүние. Толықтырылған шындық нақты әлеммен қабаттасқан тәжірибелерде қолданылады. Ал виртуалды шындықта нақты әлем толығымен өзгеріске ұшырайды. 

 

Қорлан САРЫ
Фото: infogo_club

Тағы да оқыңыз: