Kyzylorda-news.kz Ауыл мектептерінің оқушылары арасында өткен республикалық олимпиадада Қызылорда облысының командасы жоғары нәтиже көрсетіп, өңір абыройын асқақтатты. 16–20 қараша күндері Астана қаласында ұйымдастырылған білім додасына еліміздің барлық өңірінен 433 оқушы қатысып, өзара бақ сынады.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша өткен олимпиадада Қызылорда облысының атынан 29 оқушы білімін дәлелдеді. Нәтижесінде жерлестеріміздің 15-і жүлдегер атанса, 5 оқушы Алғыс хатпен марапатталды.
Оның ішінде: 3 алтын, 3 күміс, 9 қола медаль бар.
Бұдан бөлек, командалық есепте Қызылорда облысының құрамасы ІІІ орынды иеленіп, «Ең үздік олимпиадалық команда – 2026» атағына лайық деп танылды.
Бұл – ауыл балаларының да үлкен білім бәйгесінде биік белестерді бағындыра алатынының жарқын көрінісі. Әр медальдің артында оқушының ізденісі мен табандылығы, ұстаздың еңбегі және ата-ананың қолдауы тұр.
Жалпы Қызылорда облысында білім саласын дамытуға, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыруға және өскелең ұрпаққа сапалы білім беруге ерекше көңіл бөлінуде. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи оқу жағдайларын қалыптастыру, дарынды балаларды қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Олимпиада жеңісі – осы еңбектің нақты жемісі. Ең бастысы, ауыл балаларына да өз қабілетін танытып, үлкен мүмкіндіктерге жол ашуға жағдай жасалуда.
