Kyzylorda-news.kz   Бұл кітаптың орны бөлек. Атының өзі кітап қолға тигенше қызықтыра түседі. Цифрландыру әлемінің тұрғындары үшін бұл еңбектің маңызы зор. Яғни әркім де оқуға тиіс. «Cyber City хикаялары» комикс кітабының авторы София Темірболат Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетін «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі кезде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде Информатика мамандығы ғылыми-педагогикалық бағыты бойынша магистрант. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады.  IТ-park резиденті, «Jastar Ruhy» жастар қанатының мүшесі.

2022 жылы «Innofest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалі «Контент & Медиа» секциясының І орын жеңімпазы атанып, жобамыз қаржылай қолдау тапқан еді.

«Cyber City хикаялары» комикс кітабының баспадан шығуына Қызылорда облысы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Ибадулла Сәбит Ибадуллаұлы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы, «Қазақстан IT мамандары ассоциациясы» директоры Құлмырзаев Нұрлан Серікұлы бағыт-бағдар берді.

Кітапты алдағы уақытта Smart Qyzylorda мобильді қосымшасынан, It-park сайтынан жүктеп алуға болады. Қазіргі кезде мектепте киберқауіпсіздікті оқыту мәселелеріне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Балалар смартфондарды, планшеттер мен компьютерлерді бірінші сыныптан бастап қолдана бастайды. Дәл осы кезеңде олардың дүниетанымы қалыптасады. Сондықтан киберқауіпсіздік негіздерін, ғаламторда өзін-өзі ұстау мәдениетін, теріс мазмұндағы ақпаратты қарауға жол бермеу туралы комикс кейіпкерлерінің мысалдарына негізделген комикстерді бірінші сыныптан бастап оқыту маңызды. Қазіргі балалар күн сайын кибер-объектілермен, кибер-қауіптермен тап болуда, себебі олардың өмірінің көп бөлігі ғаламторда өтуде. Олар ғаламторды мектеп үй тапсырмасын дайындауда, көркем фильмдерді онлайн тамашалағанда, онлайн ойындарда, әлеуметтік желілерді пайдаланғанда қолданады. Сондықтан мұғалімдер, ата-аналар, балаларға киберкеңістікте сауатты мінез-құлықты үйрету керек. Комикстер белгілі бір ерекше педагогикалық әлеуетке ие. Комикс кітапшасының өзі оқушылардың зерттелетін материалға эмоционалды қосылуын білдіреді. Комикстерді қолдану жаңа тақырыпқа, сонымен қатар, оқу материалдарын бекіту сатысында да орынды болуы мүмкін. Бірінші жағдайда, комиксмен танысу белгілі бір мотиватор ретінде әрекет ете алады; екінші жағдайда - зерттелген тақырып бойынша қосымша материал бола алады.

Соңғы жылдары балалардың ақпараттық қауіпсіздігінің қауіптері смартфондар мен компьютерлердің жаппай таралуына, сондай-ақ интернет-ресурстардың қол жетімділігіне байланысты өзекті бола бастады. Балаларды интернеттегі киберқауіпсіздікті үйрету кезінде мұғалім комикстерге жүгініп оқулық мәтінін көрнекі ақпаратпен суреттей алады. Зерттеу барысында шетелдік мамандардың пікірі мен зерттеулері негізге алынды. Интернетті пайдаланушылардың киберқауіпсіздіктен хабардар болуы мен білімін қамтамасыз ету үшін оқушылар ең алдымен киберкеңістікте қауіпсіз жұмыс істеуді үйренуі қажет. Бұл білім олардың киберқылмыстан қалай қорғану керектігін түсінуін қамтамасыз етеді. Бұл жоба мектептердегі киберқауіпсіздік бойынша білім берудің мәнін зерттейді және білім беру ұйымдарында бүкіл әлем бойынша киберқауіпсіздік білімін ілгерілету үшін педагогтар пайдалана алатын стратегияларды ұсынады. Зерттеуде киберқауіпсіздік бойынша білім беруді оқу орнында қалай жүзеге асыруға болатыны туралы қорытынды жасалады.

Бастауыш сыныпта мұғалімнің алдында бірқатар нақты міндеттер тұр.  Бұл оқушылардың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту, әр оқушыға жеке көзқарас, оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын қалыптастыру, т.б. Бастауыш мектеп жасында оқушылардың зейіні жеткілікті болуы мүмкін, бірақ бұл жас категориясы да болып жатқан нәрсеге қызығушылығын тез жоғалтуға бейім, сондықтан білім берудің бұл кезеңінде стандартты емес және қызықты оқу құралдарын пайдалану өте маңызды. Бұл міндеттерді орындау үшін мұғалім әртүрлі әдіс-тәсілдерді, көрнекілік құралдарды пайдаланады. Ақпараттық технологиялардың дамуымен мұғалім жұмысында оқу-тәрбие мәселелерін шешудің жаңа, стандартты емес құралдары пайда болып, қолданыла бастады. Осы стандартты емес ақпарат құралдарының бірі комикс болып табылады.

Комикс кітабын жасамас бұрын 6 мен 14 жастағы балалар мен ата-анадан сауалнама алынды. Сауалнама нәтижесінде алынған мәліметтерді пайдалана отырып, негізгі проблемаларын комикс арқылы салынды.

Жоғарыда айтылғандарға сәйкес мектептегі киберқауіпсіздік негіздерін оқытудың мақсаты тұжырымдалып, балаларда киберкеңістіктің құрылымы, ондағы жұмыс принциптері, Интернет пайдаланушыларына төнетін қауіптер туралы түсінік қалыптастыратын, ғаламторда, әлеуметтік желіде өздерінің жеке деректерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ережелер қамтылған комикс кітабы жасалды.

Комикс авторлық құқықпен қорғалған. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы авторлық құқықты растайтын куәлік 2023 жылғы «24» қаңтар № 31981 берілген.

Комиксті жасау барысында:

- оқушылардың жас ерекшеліктеріне, танымдық және коммуникативтік ерекшеліктеріне сәйкестігі;

- оқушылардың тілдік деңгейіне сәйкестігі;

- тақырыпқа сай келуі;

- мәтіннің лексикалық және грамматикалық құрамы;

- мәтіннің танымдық құндылығы;

- мәтіннің оқушылардың мүдделеріне сай болуы ескерілді.

«Cyber City хикаялары»© комикс кітабының келесі бөлімдерінде кибербуллинг жайлы ақпараттар қамтылған. Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі қудалауға тап болмау жолдары мен кибербуллинг терминдерімен таныса алады.

Кибербуллинг – бұл киберкеңестіктегі шешімін таппай жүрген ең өзекті мәселе. Жалпы, цифрландыру адам қызметінің барлық салаларын сөзсіз түрлендіруде, соның ішінде қорқыту мен қудалау ерекше дамыды. Егер бұрын қорқыту ғана болса, қазір оған қоса бізде кибербуллинг – интернетте агрессивті қудалау пайда болды. Осыған байланысты зардап шеккендерге, әсіресе осал жасөспірімдерге агрессорларға қарсы тұру қиындай түсті. Дәлірек айтсақ, жасөспірімдер ортасында кибербуллинг жиі кездеседі. Көбінесе әлеуметтік желілер кибербуллинг алаңына айналады, бірақ агрессор басқа байланыс арналарын да пайдалана алады: электрондық пошта, мессенджер, SMS, бейне платформалар. Сонымен қатар, кибербуллердің қудалау объектісіне тікелей хабарлама жіберуі мүлдем қажет емес. Ол өз парақшасында қорлайтын және ар-намысына тиетін мәлімдемелерді фотосуреттер, бейне және аудио жазбалар сияқты жариялай алады. Осы мәселе бойынша арнайы комикс бөлімдері дайындалуда. Яғни, бала кибербуллингке тап болса, содан кейінгі қандай іс-әрекет ету керектігі жазылған. Ата-анаға айту, сол жазбаларды суретке түсіріп көрсету, сол жазбаларға сөз қайтармай, өзінің буллерге айналмауына жол бермеу сияқты кеңестер бар.

Кітапта жеке деректер құпиялығы туралы да сөз қозғалған. «Вирус» атты комиксте белгісіз сайттарға жеке және құпия деректерді толтыруға болмайтынын, қиын құпиясөздерді пайдалану мен қауіптерді алдын алу жолдары көрсетілген.

Балаларға киберқауіпсіздік негіздерін оқытудың маңыздылығы айқындалып, алдағы жұмыс жоспары жасалды. Комикс кітабын дайындау үшін арнайы шетелдің Жапон, Корей, Еуропа елдерінің суретшілерінен үйреніп, шеберлікті шыңдадым. Комиксті салу ережелерін ескере отырып, 10 бөлімнен тұратын кітаптар сериясы әзірленді.

XXI ғасырда киберкеңестікте қауіпсіздікті сақтау, құпия мәліметтердің алаяқтар мен хакерлердің қолына өтіп кетпеуі және оларға тап болмау өте қиын. Осы бағытта автор арнайы зерттеу жүргізген. Кибершабуылдар түрлері және оны жасау мақсаты өте көп. Мен балалардың кибершабуылдардан қорғау мен ата-аналардың балаларын кибершабуылдан қорғау жолдарын зерттедім. Жалпы, киберәлемінің қауіпсіз болуы ең алдымен өзімізге байланысты екенін ұмытпау қажет.

Балаларға арналған «Cyber City хикаялары»  комикстер кітабының 1 бөлімі жарқын иллюстрациялар мен кейіпкерлердің қызықты оқиғаларын ұнататын оқырмандардан жоғары баға алды және кітаптың екінші бөлімін асыға күтті. Киберқауіпсіздік жайында балаларға кеңінен ақпарат беретін екінші кітаптың тұсаукесерінде техника ғылымдарының кандидаты, PhD, Қызылорда облысы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Ибадулла Сәбит Ибадуллаұлы, экономика ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы, Жасанды интеллект институты директоры, «Қазақстан IT мамандары ассоциациясы» директоры Құлмырзаев Нұрлан Серікұлы, «Информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» Білім беру бағдарламасының жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры Тілеубай Сарсенкул Шайкамалқызы, «Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының басшысы Қаратайұлы Шәкизат, «Ұстаз мәртебесі» Республикалық қоғамдық әлеуметтік, ғылыми көпшілік газетінің Бас редакторы Нұрлан Көбегенұлына сөз алып, кітаптың уақыт талабына үн қосатынын айтты.

«Cyber Qala» хикаялары – киберқауіпсіздік пен кибербуллингтен қорғау туралы көбірек білгісі келетін балаларға арналған пайдалы және қызықты кітап. Бұл – интернетте, әлеуметтік желіде көп уақыт өткізетін, кибербуллинг құрбаны немесе куәгері болуы мүмкін замануи әлемнің балаларына арналған өзекті және маңызды туынды. Комикс – «Cyber City хикаялары»  кітабының 2 бөлімі. Кітап бірнеше оқиғалардан тұрады, ондағы басты кейіпкерлер әртүрлі жастағы мектеп оқушылары, кибермоббингтің әртүрлі жағдайына тап болып, нетикет ережелерін білу және қолдану арқылы шешу жолдарын іздейді. Комикс кітабында бірнеше киберқаһармандар бар. Бұл балалардың ақпаратты оңай түсінуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ куітапта киберқорқытудан, кибермоббингтен қалай аулақ болу керегі, егер ол орын алса, оған қалай әрекет ету керегі және қажет болған жағдайда кімнен көмек сұрау қажет екені туралы практикалық кеңестер мен нұсқаулар келтірілген. Кітап балаларға интернетті пайдалануға байланысты тәуекел мен жауапкершілікті түсінуге көмектеседі, сонымен қатар желіде қауіпсіз және құрметпен сөйлесу дағдыларын қалыптастырады. Кітап балаларға ғана емес, цифрлық әлемде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болғысы келетін ата-аналарға да пайдалы.

Тағы да оқыңыз: