Kyzylorda-news.kz  4-5 сәуір күні Назарбаев Университетінде «Sustainability Living Lab» бағдарламасының конференциясы өтті. Конференцияға республика бойынша 12 университеттің студенттері қатысып, бағдарлама аясында іске асқан инновациялық экологиялық жобаларын таныстырды.

Жобалар сайысында Қорқыт  Ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері Темірлан Абжанов пен Саят Урикбаев қолданысқа берілген жобалары туралы қорытынды есебін сәтті тапсырды.

- Smart Bench - күн сәулесінен қуат алатын «ақылды» орындық. Ол әдеттегі орындықтардан зарядтау станциясы ретінде жұмыс істейтін кіріктірілген күн панелімен ерекшеленеді. Олардың көмегімен бір уақытта бірнеше телефонды зарядтауға болады. Университет қызметкерлері мен студенттеріне арналған инновациялық экожоба бас оқу ғимаратының жанында орнатылды, - деді Саят Урикбаев.

Келесі грант иегері Темірлан Абжанов тұрақты жылыжайға бағытталған жоба ұсынды. Жобаның мақсаты – органикалық қалдықтарды өңдеу арқылы топырақты құнарландыруға пайдалану. Сондай-ақ топырақтың төменгі қабаты арқылы суару әдісін қолдану және суару процесін автоматтандыру арқылы су шығынын азайту.

Конференцияның алғашқы күні қатысушылар баяндамаларын ұсынып, гидропоникалық қондырғы жасау бойынша шеберлік сағатына қатысты. Сондай-ақ жасыл жобалардың көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар қайта өңделген материалдардан күн панельдерін, жасыл шатырларды, гравитациялық генераторларды, биологиялық ыдырайтын каппа-карраген пленкаларын, су қоймаларынан пластмасса ұстайтын құрылғыларды жасау әдістерін көрсетті. Көрмеге келушілер түрлі экологиялық бастамаларды көріп, студенттердің атқарған жұмыстарымен танысуға мүмкіндік алды. 

Айта кетейік, «CHEVRON» компаниясы ұйымдастырған «Sustainability Living Lab» жобалар сайысында қызылордалық жастар инновациялық экологиялық жоба ұсынып,  әрқайсысы 1млн 300теңге көлемінде арнайы грант иеленген болатын. 

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде инновациялық жобаларды дамыту мен инвестиция тартуда көмек беретін, IT бойынша кадрлар даярлау және тегін  білім беру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Кәсіпкерлік орталықтан жалпы кейінгі жылдары 139 резидент шықты, шаралар мен бағдарламалар аясында 7600 жас қамтылып, 73 870 000 теңге инвестиция тартылды. Бизнес-инкубатор инкубациялау бағдарламаларын, стартаптар хакатондар мен фестивальдер, семинарлар мен курстарды жүргізеді, сонымен қатар салықтық есеп және маркетинг бойынша тегін қызмет көрсетеді.

Тағы да оқыңыз: