Kyzylorda-news.kz. Университет студенттері оқу-біліммен қатар, ғылым, спорт, мәдениет тағы басқа салаларда түрлі жетістіктерге жетіп, әрдайым биіктен көрініп келеді.
Сүйінші жаңалық, жақында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығының 3-курс студенті Ердәулет Қалиев IdeaCamp2023 жастар лагерінде жеңімпаз атанды. Осылайша, 3000 еуро көлемінде грант жеңіп алды.
Талапты жас Ердаулет «Студент ана» жобасын жазып, қазылар алқасының алдында қорғап, осы идеясын жүзеге асыруы үшін Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен REVIVE жобасында жеңіске жетті.
IdeaCamp2023 жастар лагері Еуропалық Одақтың қаржыландыруымен Internews жүзеге асыратын «Серпінді орта үшін әркелкі ақпаратпен қарым-қатынас және төзімділік (REVIVE)» жобасы аясында өтеді. Осы жоба аясында өткен жастар лагеріне биыл университеттен 5 студент қатысып қайтты.
Ердәулеттің «Студент ана» жобасы отбасылы студент аналардың мәселесін шешуіне өз көмегін тигізеді деп күтілуде. Жоба авторы бүгінде республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газеті мен HALYQLINE.KZ ақпарат агенттігінде тілші болып жұмыс істейді. Әлеуметтік мәселелерге қырағы көзбен қарайтын студент бұдан бұрын Республика күніне орай Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған «Менің арманымдағы Қазақстан» эссе байқауында үздік деп танылып, вице-министр Куаныш Ергалиевтің қолынан марапат алып қайтқаны оны тіпті жігерлендіре түсті.
Ердәулет – оқумен бірге шығармашылық мамандығын қатар алып жүрген, үлгі аларлық студентіміз. «Зерде» студенттердің ғылыми қозғалысының төрағасы ретінде де талапшыл шәкіртіміздің ғылым биігінде өз орнын ойып тұрып алары сөзсіз.
