Kyzylorda-news.kz Мамандардың айтуынша, жаңа технологияның көмегімен алынбайтын қамал жоқ. Иә, бұл пікір бүгінде шындыққа айналды. Өткен жылы ғана IT әлемде кеңінен қолданысқа енген жасанды интеллектпен түрлі жоба, бағдарламаларды жүзеге асыруға болады. 

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Айдана Еділбекқызы болашақ тіл маманы. Кәсіби саласымен қатар ақпараттық технологияның да қыр-сырын меңгеруде. Жаңашылдық пен ізденіске жаны құмар бойжеткен жақында «Қазақ әдебиетін комикс арқылы оқыту» тақырыбын зерттеген. 

Қызылордалық студент AI көмегімен комикс жасады 2.jpg

 Біз тіл маманы болғандықтан баяндама, мақала, ғылыми  жоба секілді ізденістік жұмыстарға жақынбыз. Сонымен қатар, университет қабырғасында  «Академиялық жазылымның теория мен практикасы» атты арнайы пән ретінде оқытылды. Мақсаты −  болашақ тіл маманын ғылыми жұмыс жазуға бейімдеу, дағдыларын қалыптастыру. Осы пән аясында алған білімімді шыңдау мақсатында Қазақстан аумағында енді дамып жатқан «Қазақ әдебиетін комикс арқылы оқыту» тақырыбына зерттеу жүргізуді қолға алдым. Ғылыми жетекшім − филология ғылымдарының кандидаты, социолингвист-ғалым Аман Абасиловтың кеңесімен дәл осы тақырыпқа тоқталдым. 

Ғылыми жоба аясында шетел мұғалімдерінің тәжірибелерін жинақтап, комикс кітапшалар мұғалімнің құзіреттілік құралы бола алатынын дәлелдедік. Ғылыми жобаның бір ерекшелігі − батыстық «APA» стилімен жазылған. Батыстық стиль − дамыған елдерде қолданылатын мақала, баяндама, ғылыми жоба стилі. Нәтижесінде жоба арқылы жазылған мақала, баяндамалар әлемдік танымал «Google Scholar» сайтына жарияланып, ғылыми дәрежеңізді көтеруге болады.

Ғылыми жобаны жазу барысында комикс кітапшалары арқылы оқыту дамыған елдерде 1940 жылдары басталғанын  білдім. Шетелде 2 ғасыр бойы комиксті оқыту құралы ретінде пайдаланса,  Қазақстанға комикс шамамен 10 жыл бұрын ғана келді. Сондықтан ғылыми жұмысымды startup жобаға айналдыру процесін бастадым. Нәтижесінде алғашқы бастама ретінде 8−сыныптың қазақ әдебиеті оқулығындағы Жүніс Сахиевтің «Айдағы жасырынбақ» әңгімесінің желісінде комикс жасадым. Комикс қолданысы жоғары цифрлық технология −  жасанды Интеллект арқылы жасалды, − деді Айдана Еділбекқызы.

Қызылордалық студент AI көмегімен комикс жасады 1.jpg

Айдананың айтуынша, жақында «qazaq_comics» атауымен Instagram парақша ашқан. Әлеуметтік желіде комикс туралы қызықты деректер, фактілер мен ақпараттар салынуда. Сондай-ақ, 5-8−сынып оқушыларына қазақ әдебиеті бойынша шығармаларға негізделген комикс оқитын сайт жасауды қолға алды. 

− Оқулыққа негізделген кітапшалардан бөлек қаржылық сауаттылық мазмұнындағы комикстерді жасалады. Мақсатты аудиториясы – 11-14 жастағы оқырмандар мен мұғалімдер. Бұл жоба қазақ әдебиетін оқытудағы сапасы арттыруға өз үлесін қосады деп ойлаймын, − дейді жоба авторы. 

Айта кетейік, жоба әлеуметтік желідегі парақшаларға жариялануда және электронды нұсқасы әзірленуде. Алдағы уақытта жоба патенттеліп, оқырманға жол тартса – қазақ әдебиетіне қызығушы жастардың көбейетіні анық.

− «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» мамандығының студенті болсам да IT салаға қызығушылығым жоғары. Себебі IT мамандығы мансаптық өсу мен дамуға кең мүмкіндіктер береді. Қазір бір ғана маман иесі ретінде тоқтауға бомайды. Бүгінгі заман даму мен біліктілікті арттыратын уақыт. IT саласына алғашқы қадамым «Kyzylorda hub» бизнес-инкубаторынан басталды. Орталық ұйымдастырған «Startup Joly» инкубациялық бағдарламасының екінші ағынына қатысу арқылы идеяны прототип деңгейіне жеткізуге мүмкіндік беретін кәсіби бизнес-тренерлерден білім алдым. Әрі қарай білімімді жетілдіру үшін Astana hab ұйымдастырған  «Startup academy» курсын игердім, − деді Айдана Еділбекқызы.

Студент комикс жобасын «EdTech Hackathon Kyzylorda» білім саласындағы IT жобалар сайысына ұсынуды жоспарлауда. 

Айта кетейік, білім саласындағы үздік IT жобаларды анықтау, цифрлы шешімдер мен талантты мамандарды іздеу, ақпараттық технологиялар, инновациялық және стартап жобаларды дамыту мақсатында 17 мамыр күні  «EdTech Hackathon Kyzylorda» атты облыстық байқау өтеді. Үздік жобаларға 500 000 теңге көлеміндегі қаржы бөлінген. Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранты табысталады. Хакатонда 16-35 жас аралығындағы жастар бақ сынайды. Топпен қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. Жыл сайын қатысушылар саны да өсіп жатыр. Мәселен, 2022 жылы республика күні қарсаңында өткен додаға 270 жас қатысып, 100-ге жуық жоба таныстырылса, былтыр 350 жас өтінім қалдырып, 120-ға жуық жоба қорғалған. Биылғы сайыстың рөлі зор. Себебі осы жылдың өзінде хакатон 4 мәрте ұйымдастырылады. Сәйкесінше кезекті әр  байқаудың өз бағыты болмақ.

 

Ә. Жанәбілқызы
Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Тағы да оқыңыз: