Kyzylorda-news.kz Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №18 кітапханада батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлының туғанына 250 жылдығына орай №197 мектеп оқушыларының қатысуымен «Халқын азаттыққа бастаған Жанқожа батыр» атты ерлік сағаты өткізілді.
17-19 ғасырларда Сыр мен Арал теңізі жағалауларындағы, Қарақұм мен Жайық бойындағы қазақ жерлерін отарлап, басқыншылық саясат жүргізген Хиуа, Қоқан хандықтарына, патшалық Россияға қарсы ұлт-азаттық күрестің тізгінін ұстаған Жанқожа Нұрмұхамедұлы - дала батыры. Ол- саналы өмірінің жетпіс жылға жуығын халық азаттығы жолына арнаған, кедей-шаруалардың қолбасшысы, осы жолда ешқандай сый-сияпатқа сатылмаған батыр.
Ерлік сағаты барысында балаларға Жанқожа батырдың ерлігі мен күрескерлігі туралы кеңінен айтылды. Жас оқушылар Жанқожа батыр және оның қолбасшылық шеберлігі, жанарынан от шашқан батырлығы, адалдығы, қара қылды қақ жарған әділдігі туралы ойларын ортаға салып, батыр бабаның бойындағы асыл қасиеттерін бүгінгі ұрпақтың бойындағы мінез – құлықтарымен ұштастыра отырып пікірлерін білдірді. Ерлік сағатының қонағы №43 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмағалиева Гүлзия балаларға Жанқожа батыр туралы жазылған шығармалардан мағлұмат беріп, бабамызға арналып өткізіліп отырған ерлік сағатының бүгінгі ұрпаққа берер мәні мен мағынасы туралы кеңінен әңгімеледі. Балалар ерлік сағатынан жақсы әсер алды.