Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінде дәстүрлі түрде өтетін 2022-2023 оқу жылында білім көкжиегін бағындырған талантты да дарынды шәкірттер, жалпы пәндер бойынша республикалық олимпиада, ғылыми жоба, өнер, спорттан шашасына шаң жұқтырмаған жеңімпаздарымызды және шығармашылықпен жұмыс жасап жүрген ұстаздарды марапаттауға арналған «Жұлдыздар шеруі» өтті. Салтанатты шараны мектеп директоры Айгуль Нажмадинқызы ашып, ұстаздарға, оқушыларға жылы лебіз, ыстық ықыласын білдірді.

«Мектеп абыройын асқақтатып, намысын қорғаған барлық шәкірттеріміз бен ұстаздарымызға айтар алғысымыз шексіз. Әрдайым жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер! Мектебіміздің  абыройын асқақтатып, жеңіс туын желбірететін білімді шәкірттеріміз көбейе берсін», − деді мектеп директоры Айгуль Мусабаева.

Үздіксіз ізденіс пен тынымсыз  еңбек нәтижесінде жыл көлеміндегі үздік оқушылар бірнеше бағытта марапатталды. Соның ішінде Республикалық пәндік олимпиада, «Зерде» ғылыми жоба жеңімпаздары, облыстық «Дарын» ғылыми жоба байқауының жүлдегерлері, «Юниор» олимпиадасы мен түрлі өнер, көркем сөз жарыстарының үздіктері марапатталды.

Жалпы пәндер бойынша олимпиада, ғылыми жоба, түрлі байқаулар мен өнер, спорт саласында жеңіске жеткен 100 ге тарта жүлдегер «Мектеп үздігі» медальдарымен марапатталып, ата-анасына мектеп басшысы атынан алғыс беріліп, кәсіподақ ұйымы тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ, шеруде «Үздік пән мұғалімі» номинациясымен орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Балжан Ерлановна Мурзалиева, «Үздік жаңашыл педагог»  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жулдызай Маралбековна Музарапшина, «Үздік шығармашыл ұстаз» география пәні мұғалімі Жазира Ахметова, «Үздік пән бірлестігі» Жаратылыстану бірлестігі мен «Үздік мектеп жанашырлары» атауына «Дене шынықтыру» бірлестігі лайықты деп танылды.

Одан бөлек, 2022-2023 оқу жылының жаңалығы ең үздік оқушыларға  «Қорқыт ғалымдары» стипендиясы тағайындалды. Нақтырақ айтқанда, облыстық «Мұқағали оқуларының» бас жүлде иегері, облыстық «Әбіш оқулары» ІІІ орын, қалалық «Әбіш оқулары» І орын және қалалық «Ілияс оқулары» ІІІ орын иегері Талшын Оспан мен облыстық «Дарын» ғылыми жобасының І орын және ІІ орын иегері, қалалық «Ғылым» ғылыми жоба байқауының ІІІ орын иегері Динара Базарбай стипения иеленді. Одан бөлек, облыстық «Мұқағали оқулары» сайысынан І орын, қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасынан ІІІ орын,  «Ахмет Байтұрсынұлы - тіл тұғыры» атты мүшайрадан ІІІ орын иеленген Айару Көлбай мен «Ақберен» шығармашылық сайысынан ІІІ орын иеленген «Мектеп театры» мүшесі Шахсұлтан Есжанов стипендиат атанды.

Тағы да оқыңыз: