Kyzylorda-news.kz. 7 мамыр – «Отан қорғаушылар күні» мерекесіне орай Қызылорда қаласындағы Байзақ Момынбаев атындағы №278 IT мектеп-лицейінде «Бүгінгі оқушы – ертеңгі Отан қорғаушы» атты 7-сынып оқушылары арасында әскери саптық жүріс бойынша сайыс ұйымдастырылды.
Саптық жүріс сайыс әскери қызмет туралы оқушылар арасында оңтайлы көзқарас қалыптастыру, жастарды Отанға қызмет етуге әркез дайын болуға шақыру және отансүйгіштікті қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылды.
«Мектеп оқушылары бұл сайысқа алдын-ала ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізді. Сынып жетекшілері оқушыларымен бірге орындайтын ән, командаға бірыңғай киім түрін таңдады. Саптық командаларды орындаудың үйлесімді шығуы үшін көптеген жаттығулар орындалды. Жас әскер жасақтарын даярлаудың өзі салмақты және жауапты тәсілімен қызықты болды», − дейді мектеп директоры Эльмира Азатбаева.
Сайыс барысында барлық командалар лайықты өнер көрсетті. Олардың арасында ерекше саптық жүрістерге жаттыққан командалар көрермен көзайымына айналды. Командаларды даярлау жұмысы он ұпайлық меже және бірнеше критерийлер бойынша бағаланды. Соның ішінде оқушылар баяндауының анықтығы, киім нысаны, бұйрықты дұрыс беру, сапта жүру және саптық жүріс элементтерін орындау қабілеттері бойынша сыналды.
Үздік деп танылып, жеңіске жеткен мектеп оқушылары дипломдармен және арнайы номинациялармен марапатталды.
