Kyzylorda-news.kz. Өскемен қаласында өткен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиада өтті. Олимпиада қорытындысы бойынша Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрамасы екі жүлделі орынға ие болды.

Қазақ тілі пәнінен өткен олимпиадада 11-сынып оқушысы Айя Сердалы (жетекшісі Гаухар Мананбай) және 10-сынып оқушысы Замира Абдулла (жетекшісі Мейрамкүл Дөненқожаева) Сыр елінің және мектептің намысын қорғап, жүлделі екінші орынды жеңіп алды.

– Жетістікке жету – әрбір адам үшін өте маңызды. Себебі, жетістікке жеткен адам ғана қоғамда өз орнын қалыптастырады. Ал ол үшін тынбай еңбектену қажет. Бұл олимпиадаға мен қанша күн бойы дайындалдым. Себебі, гуманитарлық бағыт жаныма жақын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқимын. Сол үшін де жетекшім маған үміт артып, жүлделі орынға ие болатыныма сенді. Менде сенімін ақтап, қанша күнгі еңбегімнің жемісін көрдім. Мен өте қуаныштымын, – деді Айя Сердалы.

Байқау қатысушылары бірінші айналымда қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы бойынша және Қанипа Бітібаеваның өмірбаяны, оның ғылыми мұрасы және публицистикалық еңбектері бойынша эссе жазса, екінші кезеңде тест тапсырмаларын орындап, үздік орындарға таласты.

– Иә, олимпиада республикалық деңгейде ұйымдастырылғандықтан ондағы тапсырмалар да оңай болмайтыны анық. Менде жетекшіммен бірге  аталған олимпиададан жүлделі оралуға бар күшімді салдым. Ойлағанымдай нәтижесі көңіл қуантарлықтай болды. Алғашқыда жүлделі орынға ие болғаныма сенбедім. Қанша дегенмен республикалық деңгейдегі сайыс болғандықтан басқа өңірлердің де білімді, дарынды оқушылары қатысты. Бірақ талай дарынды жастардың арасынан суырылып, республикалық сайыстан екінші орын иеленіп, білім алып жатқан мектебімнің атын жақсы жағынан шығарғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта мұнан да жоғары жетістіктерге жетемін деп үміттенемін, – деді Замира Абдулла.

Дарынды оқушы – ол қуатты мемлекеттің тұтқасына айналатын тұлға. Елдің ертеңі жақсы болуы үшін бүгіннен бастап білімді, дарынды жастар қатарын көбейту маңызды. Сонда ғана еліміз дамудың даңғыл жолына түсері сөзсіз.

Тағы да оқыңыз: