Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы №6 кітапханасы «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ-мен бірлесіп 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Азаттықтың бой тұмары» атты шара ұйымдастырды. Ондағы мақсат – әрбір азаматтың елге, жерге деген патриоттық сезімін нығайту, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы түсініктерін кеңейту, елінің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуге, халқының тарихын білуге тәрбиелеу. 

Танымдық шара еліміздің Әнұранын айтудан басталды. Мұнан соң сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев мемлекеттік рәміздеріміздің құндылығы жайлы кеңінен әңгімеледі. Кітапхана қызметкері Г.Залиева «Ел рәміздері – тәуелсіздік айғағы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, елдіктің, тәуелсіздіктің, мемлекеттіліктің ерекше белгісі болып табылатын мемлекеттік рәміздеріміздің тарихымен, авторларымен таныстырып өтті. 

Кітапхананың жас оқырмандары Көмекбай Қаракөзов атындағы №235 орта мектептің бастауыш сынып оқушылары Ә.Рүстембек, А.Ералиева, А.Нұралы, А.Мейрамбек, А.Мұратбай, Ж.Жасұланқызы, А.Байтемір қазақ ақындарының патриоттық рухта  жазылған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. 

Шара соңы ақын Қадыр Мырза Әлі сөзіне жазылған композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

Тағы да оқыңыз: