Kyzylorda-news.kz Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №3,16,19 кітапханалардың «BOOKКРУИЗ» жобасы аясында 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық мерекесіне орай жазушы Б.Соқпақбаев шығармаларынан «Қазақ әдебиетіндегі дарынды тұлға» атты әдеби кеш өткізді. 

Мәдени шараны қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Рахметова Гүлмира Шамсутдинова кіріспе сөзбен ашып, қазақ әдебиетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген жазушы шығармаларына тоқталды. Мәдениет үйінің фойесінде жазушы шығармаларынан кең көлемді кітап көрмесі жасалып, оқырмандарға кеңінен таныстырылды. Бейсебай Кіріспайұлының «Бәйтерек» атты арнау өлеңін Төлебай Жансель, жазушының алғашқы шығармаларынан «Бір жас бала қаршадай» өлеңін Қанатқызы Гүлбақыт мәнерлеп жатқа оқыды. Көргенін көркем суреттеп, көз алдыңа елестетіп жан бітіретін жазушылық қасиетінің арқасында Б. Соқпақбаев балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі арнаулы жүлдеге ие болды. Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейді 5 сынып оқушылары «Менің атым қожа» шығармасынан көрініс көрсетіп, оқырмандардың ерекше ықыласына ие болды. Жас оқырмандар Шамуратова Бикежан, Мұса Жансая жазушының шығармаларынан монолог оқыды. Балалар әдебиетін алып бәйтерек десек, оған нәр беріп, құнарландырып тұратын күретамыр Бердібек Соқпақбаев деуге негіз бар. "Балалық шаққа саяхат", "Менің атым Қожа", «Жекпе-жек», "Өлгендер қайтып келмейді" шығармалары – жазушының шоқтығы биік туындылары. Бұл шығармаларда жазушы өзі өмір сүрген заманның шынайы келбетін суреттеді. Белсенді оқырмандар Аймырза Ерболат, Төлебай Жансель, Шамұратова Бикежан, Жарбол Айназым аталған сүйікті шығармаларына шолу жасап таныстырды.

Тағы да оқыңыз: