Kyzylorda-news.kz. Жалпы білім беру ұйымдарының 5-8 сынып оқушылары арасында республикалық "ProEco" экологиялық жобалар байқауына Қызылордадан 5 оқушы қатысты.
Нәтижесінде "Үздік экологиялық бастама" номинациясы бойынша І орынды Айару Бақытжан және Бақдәулет Бақыт иеленді. Олар Қызылорда қаласы, №101 мектеп-лицейде білім алады. "Мені қоршаған әлем-ғажайып әлем" номинациясымен ІІ орынды Ясин Шыназ (Арал ауданы, №177 мектеп) иеленді. Сондай-ақ "Туған өлке табиғаты" номинациясына "Ерекше жетістіктері үшін" грамотасымен Назым Сержанқызы (Арал ауданы, №2ОММЛИ) лайықты деп танылды. "Таза қала сізден басталады" номинациясы бойынша "Ерекше жетістіктері үшін" грамотасымен Рахман Нұралиев (Қазалы ауданы, №249 мектеп) марапатталды.
Әли Мүсілімов атындағы 101 мектеп-лицейінің 5 "В" сынып оқушысы Айару Бақытжан республикалық "Зерде" ғылыми конкурсының жеңімпазы. Сыныптасы Бақдәулет Бақытпен Астана қаласында өткен 5-8-сынып оқушыларына арналған ProEco экологиялық жобалар конкурсына қатысып, республикалық кезең бойынша І орынды иеленген.
Сонымен қатар, Айару екінші сыныптан бастап зерттеу жұмыстарын, шығармашылық жобаларын жасап, жыл сайын жеңімпаз қатарынан көрініп жүр. Ол қалдықтарды арнайы сұрыптау үшін "ЭКОЖӘШІК" жасап қорғады. Жетекшісі Индира Кеңесқызы. Ал 3-сыныпта "Дүниежүзілік биоалуантүрлілікті қорғаудың виртуальды ЭКОКҮНТІЗБЕСІН жасап, республикалық кезеңде 1-орын иеленді. Жетекшісі Әсел Нәрзілдақызы. 4-сыныпта әзірлеген "Жасыл мектеп" жобасы аясындағы "ЭКОӘЛІППЕСІ" де жұрт назарын ерекше аудартты. Айару 5-сыныпта биологиялық обьектілерден Resin art технологиялы арқылы денсаулыққа зияны жоқ "ЭКОКӨРНЕКІЛІКТЕР" жасады. Сонымен қатар, жыл атауларына байланысты "ЭКОСАҒАТ" дайындап, QR код арқылы әр жыл атауына видеомәліметтер ұсынды. Бұл жобада жетекші – Алтынай Бағланқызы. Осылайша, Айару экологиялық білім алуды жастайынан санасына сіңіріп, айналасына насихаттауда.
Сондай-ақ, Айару Абайдың 20 шақты, Мұқағалидың 30 шақты өлеңін жатқа біледі. Мәнерлеп оқу сайысына да қатысып, жүлделі орындар алуда. Мәнерлеп оқуға баулып жүрген жетекшісі Ғазиза Қасымқызы.