Kyzylorda-news.kz  Мектептегі 11 жылдық білімнің тәмамдалғанын қолыңа аттестат алғанда ұғынасың. Биыл 3,8 млн-нан астам оқушы оқу жылын аяқтады. 186 мың түлек 11 сыныпты тәмамдаса, оның 7,8 мыңы алтын белгі иегері. Қызылорда қаласы бойынша 2023-2024 оқу жылында білім бөліміне қарасты мектептерде 2878, жеке мектепте 395, жалпы қала бойынша 3273 оқушы 11 сыныпты бітірді. Оның ішінде алтын белгіге үміткер жеке мектепті қоса есептегенде 206 үміткер болса, үздік аттестатқа үмітті 347 оқушы.

Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде түлектерге аттестат табыстау салтанатты шарасы өтті. Биылғы оқу жылында мектеп қабырғасынан 113 түлек үлкен өмірге қанат қақты. Оның 3-і «Алтын белгі», 16-ы ерекше аттестат иегері атанды.

Мектеп директоры Жаңбыржан Бекболатов жас зияткерлерге алдағы білім жолында сәттілік тілеп, мықты маман атанатындарына сенім білдірді.

Аттестат табыстау рәсімі маусым айының 12-14 күндері деп белгіленген еді. Бұл куәлікті маңызды деп жатамыз, дегенмен аттестаттың мектептен кейінгі өмірге әсері бар ма? Қызыл және көк болып екіге бөлінетін аттестаттың айырмашылықтарын және ерекшеліктерін білесіз бе? 

Жалпы аттестаттың басты мақсаты – 9 және 11 жылғы білімнің нәтижесін көрсету. Оқуға түсер алдында қажет маңызды куәлік. Көк аттестат – он бір жыл бойы алған білімнің дәрежесі әртүрлі болғанда, яғни «3», «4», «5» секілді баға алып жүрген оқушы иемденетін құжаттың түсі.

Қызыл аттестат – 10-11-сынып аралығында шыққан қорытынды бағалар 5 болса, не болмаса «Алтын белгі» иегері атанатын болса берілетін құжат. Бұл аттестат оқуға түсер кезінде өзі рөлін атқарады. Сізбен бәсекелес болып, тең түсіп тұрған оқушыдан ілгері болуға көмектеседі. Алайда кейін одан келер пайда аз.

– 9-сыныпты тәмамдадым. Аттестат алу рәсімі өтті. Іші толы 5, яғни қызыл түсті. Оны алу үшін барлық сабағымды жақсы оқып, үздік нәтиже көрсетуге тырыстым. Оқуды 11-сыныпқа дейін жалғастырғым келеді, әзірге болашақ мамандығымды ойластырып жүрмін. Ол кезде де алатын аттестаттың түсі қызыл болады деп сенемін, себебі оқуға түсерде маған берер пайдасы мол, – дейді 9-сынып оқушысы Сезім Әскербек.

Емтиханнан көз ашпай, онсызда қысым мен стресс үстіндегі оқушы аттестаттың ішіндегі баға мен сыртындағы түсіне алаңдауы керек пе? Осы ойды жоққа шығарып, аттестаттың алып бара жатқан пәрмені жоқ деп есептейтін де оқушы аз емес, соның бірі біздің келесі оқырманымыз.

– Менің ойымша, қызыл аттестаттың оқуға түскенге дейін де, одан кейін де пайда- сы жоқ. Қазір түлектер үшін ҰБТ-дан алған ұпай маңызды, ал аттестат кейбірмізге ғана көмектесері анық.

Аттестатты алу үшін алдымен мемлекеттік емтихан тапсырдық. Бірақ аттестатқа түсетін баға оған ғана қарап қалмайды. Тоқсан бойы алған бағаларыңның арасында «3», «4» болса көк аттестат аламыз.

Шынымды айтсам, 11-ші сынып басталғалы назарымыздың бәрі болашақ мамандық пен оқуға түсу жолдарында болды. Емтиханнан көз ашпай, күні-түні қосымша курсқа қатысып, білімімізді шыңдап та, сынап та көрдік. Ал аттестат бағасы мүлде алаңдатпады. Әрине, сабаққа мұқият болдық, аттестатым 4-5 деген бағаға толы. Бірақ, байқағаным, қызылды көздегендер аз болды. Себебі ол фокус қоятын дүние емес еді. Яғни тек оқуға түсерде аз балл алып қалсақ қана көмегін тигізер деген үміт болды. Қазір ҰБТ-ны да, мемлекеттік емтиханды да сәтті тапсырған соң, 11 жылдық білімнің ақталғанын сезіндік. Иықтан ауыр жүк түскендей, студенттік өмірге дайындалудамыз, – дейді биылғы түлек Динар Ғабиденұлы.

Аталған аттестаттардан бөлек, «Алтын белгі» медалі бар. Оны алу үшін де жас түлектер аз тер төкпейді. Бірақ кейінгі жылдары бұл белгіні иемденгендердің біліміне сенімсіздік туындауда. ҰБТ-дан алған 70 ұпаймен «алтын белгі» иесі болып жүргендер баршылық екен. Ал мынадай нәтижемен бұл белгінің иесі болу білім беру саласының қызметіне сызат түскенін білдіре ме?

«Алтын белгіні» алатын оқушы міндетті түрде мектеп жылдарында озық ойымен, ақыл-парасатымен, білімділігімен көзге көрінуі тиіс. Білім беру мекемесіндегі мұғалім тек кейінгі жылдары ғана «үздік болуға қызыққанның» кеудесіне белгіні таға салмауы тиіс. Оқушыны әу бастан осыған дайындап, «алтын белгіге» лайықты етуге тырысу керек.

– 11 жыл бойы оқу ордасында үздік болғаным үшін лицей мұғалімдері «алтын белгіге» ұсынды. Белгіні қорғау үшін 5 пәннен емтихан тапсырдым. Тест қазақ тілі, орыс тілі, Қазақстан тарихы, алгебра және биология пәнінен құралды. Алгебра және қазақ тілі пәнінен емтихан жұмысын комиссия мүшелері тексерді. Барлық пәннен үздік нәтиже көрсетіп, алтын белгіге қол жеткіздім деп ойлаймын. Тек емтиханнан жақсы баға алып қоймай, белгіге лайық екеніме ҰБТ-дан алған ұпайым дәлел бола алады. Үздіксіз дайындалып, тынымсыз еңбектің арқасында 118 ұпайды еншіледім, – дейді биылғы «Алтын белгі» иесі Бибарыс Кәдірбай.

Иә, атап өткен қызыл мен көк аттестаттың, «алтын белгінің» рөлі әрбір оқушы үшін маңызды. Бұл – шәкіртті үздік болуға машықтап қана қоймай, жоғары нәтиже көрсетуге ынталандыратын сый. Оқуға түскеннен кейін аса маңызы болмаса да, оқушыға аз да болса үміт сыйлайтынын есте сақтаған абзал.

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, білімдінің мықтысы, озық ойлысы ғана алатын қызыл аттестат пен «алтын белгіні» оңай олжалауға болмайды. Бұл салғырттық еліміздің білім саласына, болашақ мамандардың сапасыздығына әкеліп соғатынын есте сақтайық.

 

Нұршат НЫШАНОВА

Фото:ru.sputnik.kz

Тағы да оқыңыз: