Kyzylorda-news.kz Астанада өткен «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының финалистері анықталды. Үздіктер қатарында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Гүлзат Шынтасова мен Жадыра Ажибаева бар. Білікті ұстаздар Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңына келіп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Отандық байқауға Қазақстанның барлық аймағынан 2200-ден астам мұғалім өтініш қалдырған. Нәтижесінде 50 финалист таңдалып, олардан ТОП-10 үздік педагог анықталды. Гүлзат Шынтасова сол ондықтың қатарында. Сырбойылық ұстаз алғашқы болып марапат төрінен көрінді. Қаржылай жүлдесі мен «Әлем мұғалімі» байқауына жолдаманы оған Global Teacher Prize жаһандық сыйлығының 2023 жылғы жеңімпазы пакистандық Зеф ханым табыстады.
– Шара әлемнің түкпір-түкпірінен мұғалімдер, ғалымдар мен сарапшылардың басын қосқан Nobel Fest & Teacher Summit білім беру форумы аясында болды. Бұл сыйлық – Varkey Foundation-мен бекітілген Global Teacher Prize халықаралық байқауының қазақстандық кезеңі. 1 млн АҚШ доллары көлеміндегі бас жүлде білімге қосқан үлесі үшін әлемнің үздік мұғалімдеріне беріледі, – деді Гүлзат Бурабайқызы.
Сонымен қатар аталған сайысқа Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жадыра Ажибаева да қатысып, ТОП-50 қатыранан көрінді.
– Бұл байқауда мұғалімдер жоғары академиялық жетістіктерін, білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлестерін көрсетіп, азаматтық белсенділігі мен маңызды әлеуметтік жобалары арқылы қоғамға пайдалы жұмыстарымен бөлісті, – деді Жадыра Ажибаева.