Kyzylorda-news.kz  Аймақта ІТ сала бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, ғалымдар жаңа жобаларды іске асыруда. Оның ішінде робототехника саласында тың бастамаларды жүзеге асырған білікті мамандар бар.  

Қорқыт ата атындағы Қызылорда универсиеті,  "Компьютерлік бағдарламалар" бөлімінің басшысы, ғалым Арыстанбек Тұяқбаев білім саласындағы жұмыс процесін цифрландыру мақсатында платформа құрастырып, онлайн және виртуалды зертханалар әзірлеуде.

– Бүгінде қай саланың да болашағын цифрландырусыз елестету мүмкін емес. Елімізде де көптеген жұмыс атқарылуда. Өйткені дамыған елдерге жету үшін тоқтаусыз еңбек қажет. Бірақ көп жағдайда жобалар авторлық деңгейден әрі аспай жатыр. Басым бөлігіне мемлекеттік қолдау қажет. Қазір үш бағытта еңбек етудемін. Алғашқысы, e-univer платформасы. Бұл – университеттегі оқытушылар мен студенттерді бір-бірімен байланыстыру, жұмыс процесін автоматтандыруға арналған жүйе. Екінші бағыт – виртуалды зертхана жасау. 

Елімізде қашықтан оқыту енгізілгенімен, зертханалық жұмысты қашықта отырып орындау мүмкіндігі аз. Қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне арнап, 3Д форматтағы онлайн зертхана жасаудамыз. Онлайн зертхана бойынша жұмысты пандемиядан бұрын, 2019 жылы бастағаныммен, облыстық білім басқармасынан да, қалалық білім бөлімінен де қолдау болмады. Тек пандемия кезінде М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжі ғана өз серверіне қойғызып, бүкіл мектептерге тегін ұсынды. Бірақ ол кезде де білім ордаларынан қолдау болмады. Кейін колледж оны алып тастап, орнына басқа жүйе орнатты. 2023 жылға дейін онлайн зертхана бойынша платформаны интернетке өз қаржыммен орналастырдым. Бірақ ай сайын қаржы төлеп отыру маған оңай емес. Сондықтан жүйені алуға тура келді. 

Қазір Жасанды интеллект бағыты бойынша С.Толыбеков атындағы №3 мектеп-гимназиясына жаңа құрылғы әзірледік. Бұл жүйе Face ID арқылы мектеп қызметкерлері мен оқушыларының қашан келгенін, сабақта кім барын, тіпті басқа келушілердің қай уақытта оқу орнына кіргенін анықтай алады. Құрылғы пайдалануға дайын, дегенмен жауапты мекемелерден қолдау байқалмайды. Айта кету керек, бұл жоба сол оқу орнында қызмет ететін ұлым Асқар Әбудің идеясымен жасалды, – деді ғалым.

Е-univer платформасында ЖОО-дағы әрбір оқытушының ізденістері мен атқарған жұмысы, яғни, біліктілігі, ғылыми дәрежесі, әдістемелік құралдары мен зерттеу еңбектері, авторлық жұмыстары, қай пәннен дәріс өткізетіні сынды ақпараттар бар. Әр оқытушының рейтингін анықтауға, қай мамандық, қазіргіше айтсақ, білім беру бағдарламаларына қандай оқытушылар жетіспейтіндігін де саралауға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, ғалым виртуалды емес, цифрлы зертхана жасады. Мұндағы датчиктер кернеу, температура сынды физикалық құбылыстарды дәлме-дәл өлшейді.

Ғалым роботехника жоғары деңгейге көтерілгенін, бұған бір себеп мектептерде осы салаға арнайы пән енгізіліп, кабинеттер ашылғанын атап өтті.

– Білім беру ұйымдары қазір Arduina қосымшасы арқылы, миккроконтроллер, яғни кішкентай компьютер арқылы робототехниканы үйретуде. Соның арқасында робототехника мамандығын үйрену жеңілдеді. Бұл тек механикалық басқару арқылы жұмыс істейді. Бірақ бұл – төменгі деңгей. Енді келесі деңгейге өту үшін Arduina арқылы жасалған роботты жасанды интеллект арқылы басқару қажет. Робот қоршаған ортаны, адамдарды танып, кедергілерден өте алса, әлемдік құрылғылармен бірдей бола алады, – деді ол.

Сондай-ақ, еліміздегі ІТ саланың дамуы туралы да атап өтті.

– Жобалар конкурсы ІТ саласын дамытуға белгілі бір деңгейде көмектеседі. Бірақ бұл жеткіліксіз. Олар мемлекет тарапынан қолдау таппаса, әлемдік деңгейден қалып қоюы мүмкін. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жанынан Оңтүстік Кореялық университеттің филиалы ашылмақ. Бұл дәл уақытында жасалған бастама деп ойлаймын. Осы арқылы Қазақстандағы жасанды интеллект жобаларын әлемдік деңгейде дамытуға болады. Әйтпесе, жоба, бастама деңгейінде әлемдік биікті бағындыру мүмкін емес, – деді ғалым.

Ғалым 1989 жылы Мәскеудің авиациялық инстиутының аспирантурасында оқып, физика-математика ғылымдарының докторы К.Леонодовичтың жетекшілігімен теориялық механика бағытындағы орнықтылық теориясы, ғарыш мәселелері бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Одан кейін университетте аға оқытушы, 2001 жылдан бастап кафедра меңгерушісі, 2003 жылы "Компьютерлік бағдарламалау" бөлімін бсқарып, Қазақстанда алғашқы болып университетте автоматтандыру жүйесін енгізді.

 

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Фото:avatars.dzeninfra.ru

Тағы да оқыңыз: