Kyzylorda-news.kz. Баланың жайлы да сапалы білім алуы үшін білім ордасының талапқа сай болғаны қандай жақсы. Заман көшіне ілесу, тың идеяларды дамыту, іске асыру бүгінгі күннің басты талабы. Қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеплицейін заманауи үлгіде жабдықталған білім ошағы ретінде айтуға болады. 1700 оқушы оқитын алтын ұя кірген бойдан өзіне тартады. Білім беруден бөлек әдемілікке, мәдениеттілікке баулуды мақсат еткен мектеп ұжымының бұған басымдық бергенін байқау қиын емес.

Жайлы жағдай 

Білім ордасына 5 жылдан бері басшылық жасап келе жатқан Асылбек Мақашев тәртіпсіз білім болмайтынын, баланы оқуға қызықтыра білу керектігін жақсы біледі. Сондықтан алдымен оларға қолайлы жағдай жасауға ден қойған. Бұған дейін тозығы жеткен ғимаратқа былтыр күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Іші, сырты толықтай қайта жаңғыртылып жаңа ғимараттың кейпіне енген. Білім ордасының іші де заманауи көрнекіліктермен әсемделіпті. Есіктен кірген бойда ұлы ұстаз Ы.Алтынсаринның бейнесі салынған стенд айналасы нақыл сөздермен безендірілген. Одан әрі сыныптар орналасқан. Әр сыныптың жанында танымдық ақпарат тақтасы ілінген. Сондай-ақ өрендердің оқу құралдарын, киімдерін қоюға арналған арнайы сөре тұр. Мектептің ажарын ашып, қалаға қарасты өзге білім ұяларынан ерекшелеп тұрғаны да осы. Биылғы оқу жылында алынған сөрелер бүгінде оқушылардың қажеттілігіне жарауда.


«Бұған дейін оқушылар ағаштан жасалған киім ілгішті пайдаланып келді. Шыны керек бірінің үстіне бірі ілінген киім салмағынан ілгіштер жиі сынатын. Оны қайта-қайта жөндегеннен гөрі осы тиімді. Шетел мектептерінде мұндай сөрелерді бұрыннан пайдаланады. Осыны өзімізге де орнатсақ қалай болар екен деген ой келді. Осылайша мектептің өз қаржысы есебінен 425 сөре алынды. Мұнда оқушылар кітап, дәптерін, қаламсап сынды жазу құралдарын қояды. Киімдерін іледі. Бұрынғыдай сырт киімі жерге түсіп, бүлініп жатпайды. Бұл бір жағынан оқушыны ұқыптылыққа тәрбиелейді. Одан бөлек сабақ барысында қолданбайтын смартфонында осы сөреге қалдырады», – дейді мектеп директоры Асылбек Мақашев.

Сөренің тиімді тұсы осы. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары үшін ең қажетті құрал. Себебі оқулықтарын үйге арқалап қайтқаннан гөрі тек үйде сабаққа дайындалуға қажетті кітабын алып қалғанын сөресінде қалдырса болады. Сөре құлыпталады. Ал кілті оқушылардың өзінде болады. Оның ұқыпты ұсталуы, бүлінбеуі оқушылардың жауапкершілігінде. Егер құлпы бұзылған жағдайда оны жөндету ата-анаға жүктеледі.

«Қазіргі таңда барлық оқу құралдарым осы сөреде тұр. Сонымен бірге денешынықтыру пәніне арналған спорттық киімімді де салып қойдым. Қазір үзіліс уақытында алдыңғы сабақтың оқулығын қойып, келесі сабаққа қажетті оқу құралымды алып жатырмын. Смартфонды сабақта ұстауға рұқсат жоқ. Сондықтан осы жерде қалдырамыз. Үзілісте ғана пайдаланамыз. Қала бойынша мұндай жабдық тек біздің мектепте ғана бар. Бұл бізге ұнайды, – дейді 11 сынып оқушысы Құралай Амангелді. Түрлі түске боялып, арнайы нөмірленген сөрелер мектепке шырай беріп тұр. Оқушылар да бұған қуануда. Мектеп басшысының айтуынша, бұл бір жағынан оқушылар арасындағы ұрлықты болдырмауға да септігін тигізеді. Сөредегі заттардың сақталуы бейнебақылау арқылы бақыланады. Әр баланың өз сөресін ғана ашуы қадағаланады. – Бұл сөрелер жеке басын қаржыландыру есебінен алынған дүние. Бұл жобаның тиімділігі мектепке қажетті дүниені өзің алдыра аласың. Алдағы уақытта тағы бірнеше сөре алдыру жоспарда бар. Сол кезде оқушылар түгел қамтылмақ», – дейді мектеп директоры.

Оқушы үні мектеп басшысының әр оқушының ішкі жай-күйін, қажеттіліктерін білу мақсатында «Оқушы үні» деп аталатын арнайы жәшік бар. Мұнда мектеп оқушылары анонимді түрде өзінің жағдайын немесе мектептегі мәселені қозғай алады.


«Арыз-шағым жәшігі барлық мектепте, басқа да мекемелерде бар ғой. Балалардың мұғалімдерге айта алмайтын сыры болуы мүмкін. Не болмаса мектептегі бір жағдай оны алаңдатса, ол оны бізге айта алмайды дегендей. Осындай жағдайдан шығудың әрі оқушылармен байланыс орнатудың бірден-бір жолы ретінде «Оқушы үнін» айтуға болады. Осының арқасында мектепте небір жобалар жүзеге асып, өзгеріс енгізілген кездер болған. Себебі оқушылар мұнда ішкі сырын, мектептің кемшін тұсын, мұғалімдерге, олардың сабақ беру әдісіне қатысты ойларын қағазға түсіріп, жібере алады. Хатта аты-жөні көрсетілмейді, оның жазуы кімге тиесілі деп біз де іздемейміз. Осы мектептің өрені болғандықтан оның кез келген ой-пікірін маңызды деп қабылдаймыз. Сондай-ақ мұнда тек оқушылар емес, ұстаздар да хат жаза алады. Оқушы үні жәшігі іске қосылғалы бері оқушылар мен ұстаздардың бірқатар талап-тілектері орындалған. Осы арқылы оларға қажетті әрі маңызды дүниелердің бар екенін, көбіне оған мән бермейтінімізді түсіндік», – дейді білікті басшы.

Тәжірибе құралы бәріне орта Барлық білім ордасында биология, химия пәндерінің тәжірибелік бөлмесі болатыны белгілі. Ондағы құрылғылармен тәжірибе жасау арқылы оқушылар бұрын-соңды білмегенін үйреніп, көз жеткізеді. Мектеп ұжымы бұл құралдарды да көрнекіліктер қатарына қосыпты. Әйнектен жасалып, құлып орнатылған сөреде биология, химия пәніне керекті тәжірибе құралдары орналастырылған. Үзіліс уақытында оқушылардың оны тамашалауына мүмкіндігі бар. Сонымен бірге сабақ барысында ұстаздарда қажетті құралды сол сөреден алып, пайдаланаалады.

Жүзеге асқан жобалар

Білім ордасында өрендер үшін де, ұжым үшін де пайдалы жобалар жетерлік. Мектеп директоры алғаш осы алтын ұяға басшылыққа келер тұста 6 жобаны жүзеге асыруды көздепті. Сәтін салып ол жоспары жүзеге асқан. Соның бірі – «Бәрін таста, кітап оқуды баста» деп аталған. Бұл оқушылармен бірге ұстаздардың, мектептегі басқа да қызметкерлердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында кітап оқуға дағдыландыру үшін қолға алынған. Бастапқы уақытта ұжым арасында түрлі пікірлер туындаса да, уақыт өте келе кітап оқуды әдетке айналдырған. Сонымен бірге белгілі бір уақыт аралығында кітап акциясы ұйымдастырылып, кітап алмасу үрдісі жүргізіледі. Осылайша оқушы да, ұстаз да қолы қалт еткенде кітап оқуға асығады. Бұл жоба бүгінде барлық білім ошақтарында «Оқуға құштар мектеп» атауымен жүзеге асырылуда. Сондай-ақ талантты оқушылардың шығармашылығын шыңдау, сахнада өзін-өзі ұстауға үйрету, өнерге баулу мақсатындағы «Ән мен әнші» жобасы жүргізілсе, тарих, география пәнін сүйіп оқитын өрендер үшін «Тарихи өлкеге Марғұлан ізімен» жобасында оқушылар музейге, тарихи орындарға, қалаларға экскурсия жасайды. Мектепте ең сәтті жүзеге асқан «Жас бітімгер» жобасы. 

Мұнда заң саласының маманы болғысы келетін оқушылар медиация жүргізуді үйреніп, ашық сот процестеріне қатты салады. Бұл мақсатта заңгер Ләззат Бақтыбаевамен екіжақты меморандумға қол қойған. Медиация жүргізуді үйренуде қазір мектептен арнайы Гагарин шағын ауданының халқы үшін бөлме ашылған. Онда даулы мәселені бітімгерлік жолмен шешуде кәсіби мамандар жұмыс істейді. Ал өрендер процеске қатысып, тәжірибе жинақтайды. Расымен, бұл білім ордасында сапалы білім алуға жағдай жасалып, бар мүмкіндік қарастырылған. Оқушылардың икемі, қызығушылығы да ескеріліп соның аясында жоғарыда аталған жобалар жүзеге асқан. Жас өрендерді білімді, мәдениетті тұлға етіп қалыптастыруда бұл ең тиімді тәсілге айналған. Оқушыға жайлы жағдай жасалған оқу ордасында білім көрсеткіші де жоғары. Мұны мектеп директоры бізге мақтанышпен жеткізді. Жуырда республикадағы барлық мектептерге қойылатын критерийлер бойынша Ы.Алтынсарин атындағы № 10 мектеп-лицейі үздік үштікке енген. Жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесі осы болса керек.

Безымянный.jpg

Тағы да оқыңыз: