Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Мұхамедғали Сужиков атындағы №6 мектепте «Өнер – өшпес қазына» апталығы аясында «Мамандығым – өмірлік кәсібім» тақырыбында кездесу өтті. Түрлі сала мамандары қатысқан шарада мектептің бітіруші түлектері, яғни 9 және 11 сынып оқушылары өз сұрақтарын қойып, алдағы жоспар-мақсаттарымен бөлісті.
Кездесуге Қызылорда облыстық «Жастар ресурстық орталығының» психолог маманы Г.Нетбаева, «Дана» дамыту орталығының құрылтайшысы, практик-психолог Г.Бабаомарова, «Локомотив» депосының ардагер қызметкері Т.Нұрмаханов, «Мади Қажы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің агрономы Д.Орынбеков және М.Мәметова атындағы Жоғары педагогикалық колледжінің тәжірибе бөлімінің басқарушысы А.Жалдыбаевалар арнайы қатысты. Шара қонақтары мектеп оқушыларына мамандық таңдаудың маңыздылығын айтып, өз қызметтерінің қыр-сырымен бөлісті.
Сонымен мамандық таңдауда оң шешім қабылдаудың, өзінің бойындағы қасиетін танудың, дұрыс шешім қабылдаудың оң тұстары жайлы кеңестерін берді. Оқушылар қонақтармен сұхбаттасу барысында өздерін мазалаған сұрақтарына жауап алды. Психолог мамандары мамандық таңдауда нендей жайттарға көңіл бөліп, назар аудару керек екенін атап өтті. Мамандарға ситуациялық сұрақтар қойылып, оқушылармен психологиялық тест ойнатылып, қатысушы оқушылар көптеген жаңа мағлұмат алды.
Кеш соңында маман иелері бітіруші түлектерге сәттілік тілеп, жақсы маман иелері болуларына тілектестік білдірді.