Kyzylorda-news.kz Әлем бойынша тек 17% адам сүйікті ісімен айналысады. Елестетіңізші, қанша адам энергиясы мен уақытын басқа бағытқа жұмсауда. Мұның барлығы қате таңдалған мамандықтың салдары екені мәлім. Ал ең үлкен бақыт − сүйікті ісіңмен айналысу емес пе еді?! Осы орайда қызылордалық жастөспірімдердің кәсіби біліктілігін дамыту үшін «EQ academy» орталығы жұмыс істейді.

«Өскенде кім болғың келеді?». Бұл − балаларға жиі қойылатын сұрақтар тізімінде көш бастап тұрған сауалдың бірі. Мектеп қабырғасында бейқам білім алып жүрген оқушы көзді ашыпжұмғанша түлекке айналады. Осылай ұлттық біріңғай тестілеу мен мамандық таңдау сатысына келеді. Өзін-өзі толық танымаған, дағдылары мен қабілетін қолдана алмайтын, балалық өмірімен қоштасқысы келмейтін жасөспірімге бағыт-бағдар беріп, тіпті асыра сілтейтіндер де баршылық. «Сүйікті мамандығыма грантқа түсе алмаймын, оңай пән таңдап, басқасын оқи беремін» деушілердің көбейетіні хақ. «Жар мен мамандық таңдауда қателеспе» деген сайын ажырасатын отбасы да, жұмысқа құлқы жоқ маман да көбеюде. 

Жауапкершілікті талап ететін бұл таңдауда бала қиналмау үшін шетелде кәсіптік бағдар беру арнайы пән ретінде қарастырылған. Мәселен, Францияда атаулы бағыт 1 сыныптан бастап оқытылады екен. Қазақстанда жағдай, әрине, басқа. Бірақ оқушының дамуына көмек беретін орталықтар бар. Осы орайда Қызылордада жұмыс істейтін «EQ academy» орталығымен танысуды жөн көрдік. 

EQ академиясы − 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге өмірлік таңдауын нақтылап, эмоциясымен жұмыс істеу арқылы дағдыларына сәйкес дамуына бағыт беретін әрі коучингтік тәсілді пайдаланатын орталық. Бұл академия қызылордалық нарыққа 2021 жылы келген. Жыл сайын аралық және қорытынды есеп беру кешін ұйымдастырады. 2023-2024 оқу жылындағы жаңалықтары мен жетістіктеріне куә болу үшін қорытынды кештің арнайы қонағы болдық.

− Өздеріңіз білетіндей, жасөспірімдер ҰБТ кезінде сыртқы күштің қысымына тап болып қиналады. Мамандық таңдаудың өзі 2 психологиялық аспектіге тіреледі. 

Бұл таңдауда иә, кез келген салаға бет бұруға болады. Бірақ болашақта қызығушылығы артып, қиындықтарға төтеп бере алатын, қоғамға пайдасы тиетін маман болу үшін бала ішкі құндылығын түсініп, өзін жаксы тану керек. «Мен кіммін?», «менің қандай әлсіз, жақсы тұстарым бар?», «мен қандай салада дами аламын?» деген сауалға жауап іздеуі керек. Келесі кезекте сенімділік, бүгінгі тілмен айтқанда «самооценка» маңызды рөл атқарады. Мамандықты дұрыс таңдау үшін бала қолдаушы ортада жетілуі керек, сол кезде өзіне деген сенімділік қалыптасады, – деді «EQ academy» жобасының жетекшісі Жазира Темірбекова. 

Іс-шараға жасөспірімдер, ата-аналар мен БАҚ өкілдері қатысты. Бір сарынды немесе жаттанды сценариймен емес, шынайылыққа басымдық берген ұйымдастырушылар ақ қағазға жазылған қарапайым сұрақтың өзімен-ақ қонақтардың нағыз эмоцияларын шығара білді. Ән мен биді де ерекше стильде көрсетті. Мамандық таңдаудағы қателіктер, сыртқы қысым, адамның қабылдау каналы секілді құнды ақпараттар айтылды. 

Биылғы оқу жылында академияда 30 оқушы білім алған. Бұл туралы жоба жетекшілері кеш барысында хабарлады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды форматтағы жиын алғаш рет өтуде.

– 3 жыл ішінде 50-ге жуық оқушымен жұмыс істедік, мұнан бөлек жеке консультацияға да келеді. Сондай-ақ 8 айлық курс пен кәсіптік білім жиынтығы бар. Жоба топтық форматта өтеді. Бұл – үлкен платформа. Себебі мақсаты бір, проблемасы бір, қызығушылығы мен сұранысы ортақ жасөспірімдер бір алаңда тоғысуда. Бүгінгі іс-шарадан күтеріміз көп. Жерлестеріміз академия туралы білсе екен, ата-аналар балаларына эмоционалдық тұрғыдан қолдау көрсетуді үйренсе екен дейміз. Осы мақсатқа жетсек, бүгінгі меже орындалды деп ойлаймын. Бұл эмоцияға толы, сезінуді қажет ететін жоба, сондықтан қолмен ұстауға келмейді. Адам өз ісіне қызығушылығы болмаса түбі күйзеліске әкеледі, – деді психолог Жазира Темірбекова. 

Расымен, адамның эмоциясы – алапат күш. Тасты қақ жаратын да қауқары бар. Әрине, орынды қолдана білсе. 

Эмоционалды интеллект дегеніміз – адамның өз эмоциясын қабылдап, кез келген мәселені тиімді шешуде оң эмоцияны игеріп, саналы шешім қабылдау дегенді білдіреді. Жеке тұлға ретінде қалыптасуда, өзіңді тануда бұл интеллектінің маңызы зор. EQ академиясында мамандар жасөспірімдерге кәсіби біліктілік бойынша ғана көмектеспейді, баланың эмоционалдық интеллектісін де дамытуға күш жұмсайды. Өзінің қабілеті мен дағдыларын білетін оқушы мамандық таңдауда да, өмірлік ұстанымында да қателеспесі анық. 

Осы секілді іс-шаралар ұйымдастырып, бала психологиясын терең зерттейтін орталықтың алдағы жоспары ауқымды. Мемлекеттік гранттарға қатысып, мектеп ретінде ашылуды қалайды. 

Жоғарыда көрсеткен 17%-ды жеткілікті деңгейге көтеру үшін кәсіби бағдар беру жұмыстарын қарқынды жүргізу қажет. Кәсіптік бағдар жүйесі жасөспірімдерге шалыс басып, басқа саланың жетегінде кетпеудің алдын алуға көмектеседі. Себебі, мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды қадам, өмір жолыңды айқындау һәм жарқын болашақтың кепілі. 

 

А.Текебай

Фото: EQ academy

Тағы да оқыңыз: