Kyzylorda-news.kz  Қызылорда қаласындағы №101 мектеп-лицейі білім беру саласында үздік білім ошағы саналады. Өскелең ұрпаққа сапалы білім, өнегелі тәрбие беру ісінде оқ бойы озық жүретін мектеп-лицей білім берудің заманауи үрдісіне ілесіп, көш бастап келеді. 
Бүгінде аталған білім ошағы ғылыми-жаратылыстану бағытында кешенді жұмыс жасап, оқушылармен түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Оған себеп Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің 2020 жылғы 20 шілдедегі №20-4/04-437//20-01-7.16 хаттамалық тапсырмасының 4.8-тармағына сәйкес мектептегі ғылыми-жаратылыстану бағытындағы пәндердің оқу бағдарламасына оқушылардың экологиялық мәдениеті, экологиялық білімі мен тәрбиесі деңгейін арттыратын аралас курс (дүниетану, биология, география пәндері аясында тақырыптар) енгізуді қамтамасыз ету туралы тапсырмасының берілуі болатын. Осы орайда,  білім ошағы «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының жүзеге асырылуын қолдаумен қатар, экологиялық білім беруді дамыту мақсатында Қызылорда облысының білім басқарамасының 19.03.2021 жылғы №45-нқ/11 бұйрығына сәйкес,  «Жасыл мектеп» пилоттық жобасын ендіру бойынша тірек білім беру ұйымы ретінде бекітілген болатын.
Жалпы «Жасыл мектеп» жобасы - экологиялық білім берумен қатар, оқушылардың қатысуымен еңбек алаңдарын ашуды, ғылыми-зерттеушілік қабілеттерін дамытуды, ерте кәсіптік бағдар беруді де қамтиды. №101 мектеп-лицейінің базасында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарымен бірлескен шаралар атқарылып келеді: университет ғалымдарының ғылыми-әдістемелік кеңесшілігімен 5-11 сыныптар аралығында тереңдетіп оқыту үшін арнайы таңдау курстары ендірілді. Авторлық бағдарламалар әзірленіп, университеттің бейінді кафедраларында сараптамадан өткізілуі қолға алынды. Оқушылардың ғылыми жобаларына ғалымдар нысаналы түрде жетекшілік жасауда; экологиялық білім беруді дамыту мақсатында әдістемелік-көмекші құралдар әзірленуде; университет докторанттарының ғылыми зерттеулерінің тәжірибелік бөлігі осы тірек мектебінде өткізіле бастаған.


– «Жасыл мектеп» жобасы – экологиялық білім берудің заманауи құралы. Әлемдік тәжірибелер кеңінен қамтылған, білім беру трендіне айналған. Білім алушылардың табиғатқа құндылық қатынасын қалыптастыруға, білім берудің экологиялық бағыттылық деңгейін арттыруға, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері бойынша жастардың хабардар болуына, өскелең ұрпақтың табиғатқа жауапты көзқарасын тәрбиелеуге, экологиялық сауатты мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған кешенді білім беру жобасы ретінде қалыптасып келеді. Қазіргі уақытта, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына, жылыжай ұйымдастырылған білім беру ұйымдарына «Жасыл мектеп» жобасын ендіруге және ботаникалық бақтар ұйымдастыруға көмек көрсету, питомниктер тарапынан әртүрлі өсімдіктер мен ағаштардың тұқымдарын аталған мектептерге бөлуге, оларды өсіру ерекшеліктері бойынша тұрақты кеңес беру туралы хаты жолданып, бірлесіп жұмыс жасау жұмыстары қолға алынды (Қызылорда қалалық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі – басшысы Б.Әбшекенов, №101 мектеп-лицейіне 50 түп ағаш көшеттерін берді, егу мен өсіру бағытында мамандары көмек көрсетуде). Мектебіміздің «Жасыл мектеп» жобасы Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік экологиялық жоба» ұлттық конкурсының І орын жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық конкурсының жеңімпазы атанып, 34 миллион теңге сыйақы иегері болды, – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Едігеева.


Білім ордасы аталған жобаны тек қала көлемінде ғана жүзеге асырып қана қоймай, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Минск қаласының «Жасыл мектеп» жобасымен жүйелі айналысып, жоғары нәтижелерге жеткен 19 гимназиясымен және Белорусь мемлекеттік университетімен екіжақты меморандумға қол қойылып, бірлесе жұмыс жасауға келісімге отырған.  Беларусь елінің GREEN OFFICE BSPU ресурстық орталығы мен GREEN OFFICE SCHOOLS желісі және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесе халықаралық марафоны үздіксіз ұйымдастырылып келеді екен. Ал Ресей Федерациясы Томск политехникалық университетінің ғалымдарының жетекшілігімен ғылыми зерттеу жұмыстарын дайындау жүргізіліп келеді. 


– Бұдан бөлек, мектеп оқушылары Өзбекстан елінің Ташкент қаласында химия-биология бағытындағы Абу Али Ибн Сина атындағы мамандандырылған мектеп-интернатпен  тәжірибе алмасты. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Астана ботаникалық бағы филиалымен өзара ынтамақтастық туралы меморундамға қол қойылды. «Жасыл мектепті» флораның  сан алуан түрімен толықтыру жоспарлануда. «Топырақсыз субстраттар және гидропоника негіздері» бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыру курсы (108 сағат) Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамының оқытушылары Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицей базасында өткізілді. «Жасыл мектеп: экологиялық бағытталған оқытудың инновациялық шешімдері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференцияға  секция отырысына 600-ден аса тыңдаушы қатысты. «Жасыл мектеп» жобасы аясын кеңейту мақсатында Беларусь мемлекетінде өткізілген тағылымдамада болған мектеп басшысы Айгүл Алтынбекқызы жүзеге асыруда. Жоба аясында «Өлкетану» оқу кабинеті ашылды. Оқу кабинетінде туған өлкенің байлықтары, тарихи ескерткіштері және мәдени нысандары туралы мәліметтер, туған өлкесіне білім саласына үлес қосқан педагогтер туралы деректемелер, ғалымдардың еңбектері жинақталынып, қоғамды рухани жаңғырту жағдайында өлкетану қызметінің тәрбиелік әлеуетін дамыту жинақталды. Сонымен бірге «Жасыл мектеп» жобасы аясында республикалық форум өткізілді.  Форум мектеп пен Қорқыт ата университеті арасындағы байланысты көрсетті.  Форум аясында Күлбарам Сәдуақасқызы атындағы химия кабинеті ашылды. Оқушылар «Жасыл мектеп» жобасы аясында жеткен жетістіктерімен, ғылыми жаңалықтарымен бөлісті. Қорқыт Ата атындағы университет биология ғылымдарының кандидаты Құрманбаев Рахат Хамитұлының жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан мектеп жылыжайы мен гидропониканың жай-күйі таныстырылды. Университет профессорлары форум тақырыбында баяндама жасап, жобаны табысты іске асыру жайлы ой-пікірлерімен бөлісті. «Жасыл мектеп» жобасы аясында мектеп оқушылары арасынан ерікті түрде құрылған «Жасыл сақшы» эковолонтерлер тобының жүйелі жұмыстары көрсетіліп, жобаның негізгі бағыттары бағамдалды, – дейді Гүлнұр Жұманқызы.

Тағы да оқыңыз: