Kyzylorda-news.kz. Бұл білім ошағының ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де білім саласында ұжымға артылған жауапкершілік жүгі зор. Қалаға қарасты «Сабалақ» саяжайындағы №285 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты білім беру бағытындағы өз жұмысын бастады.

Сыйымдылығы 150 орындық білім ордасының оқушыларды қабылдап, оларға тереңдете білім беруді қолға алғанына да айға жуықтаған. Мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігін ұжым басшысы Балзия Абдуллаева баяндады.

«Мектебіміз Наурыз мерекесі қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. 150 оқушыға білім береміз. Дегенмен қазіргі таңда 100 оқушы білім алуда. Оның ішінде 7 және 8 сынып оқушыларынан 4 сынып жасақталған. Оқушыларды конкурстық негізде іріктеп алдық. Мектебіміз дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты болуы үшін республикалық «Дарынның» желісіне қосылуы керек. Оған қоса талап бойынша 1-2 жыл көлемінде жетістігіміз болуы қажет. Алайда біз енді ашылғандықтан, оқушыларды жаңадан қабылдағандықтан әзірге қалыптасу үстіндеміз. Сондықтан мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты негізінде жұмыс істеудеміз», – дейді мектеп директоры Балзия Әбдікәрімқызы.

«Адам адамнан тек білім арқылы озады» дейді хакім Абай.  Расымен, әр адамның өмірде өз жолын қалыптастырып, тұлға атануына отбасындағы тәрбиеден бөлек, мектеп қабырғасында алған білімі маңызды. Бұған дейін де Е.Әуелбеков атындағы №4 дарынды балалаларға арналған  облыстық мектеп-интернатында басшылық жасаған,  білім саласында талай жыл тәжірибесі бар білікті ұстаз Балзия Абдуллаеваның аталған оқу ордасына басшылыққа келуі де тегін емес. Білікті маман қалыптастырып, білімді шәкірт тәрбиелеуде өз ісінің маманына зор сенім артылған. Бүгінде сол сенімнің үдесінен шығу жолында  аянбай еңбек етуде.

Білім ошағы мектеп-лицей-интернаты болғандықтан мұндағы оқушылар 5 күн мектеп жатақханасында жатады. Тек оқу аптасы аяқталған соң ғана үйіне қайтуға рұқсат етіледі. Ал бес күн бойы оқушыға қолайлы жағдай жасау ұжымның міндеті. Бұл ретте ер және қыз балаларға арналған жатын орны, жуыну бөлмесі, медициналық көмек көрсету, өзге де қажеттіліктерге арналған арнайы бөлмелер қарастырылған. Олардың оқудан тыс уақытта өзін қызықтырған спорт түрімен айналысуына мүмкіндік жасалыпты. Мәселен, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы сынды спорттық ойындарға арнайы бөлме жабдықталған. Одан бөлек теледидар көріп, кітап оқуына да мүмкіндік бар. Әр жұма сайын шығармашылықтарын шыңдауға бағытталған түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар балалар Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген ас мәзірі бойынша  бес мезгіл тамақтанады.

«Біздегі сабақ барысы таңғы сағат 8.30-да басталады. Оған дейін оқушылар ұйқыдан тұрып, жаттығу жасап, таңғы ас ішеді. Түске дейін жалпы білім беретін мектеп бағдарламасымен сабақ өтсе, түстен кейін химия, физика, биология, математика, ағылшын пәндерін тереңдетіп оқытамыз. Оның арасында 1 сағаттық түскі үзіліс,  45 минуттық далада серуендеу, тамақтану уақыты белгіленген. Әр сыныптың өз тәрбиешісі бар және екі сыныпқа бір куратор белгіленіп, ер балаларға ер азаматтар, қыздарға әйел тәрбиеші бекітілген. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу, ата-анамен байланысы сынды тәрбие бағытындағы жұмыстар тәрбиешілерге жүктелген. Ал куратор оқушының сабаққа дайындығына, пән мұғалімімен байланысына зерттеу жүргізіп, оқушы мен мұғалім, ата-ана үштігі, өзге де мәселелер бойынша жауапты тұлға. Бала 24 сағат біздің бақылауда болады. Сондай-ақ мектептің тәртібіне сәйкес балалардың ұялы телефон ұстауына тыйым салынған», – дейді басшы.

Әрбір ұжымның ауызбіршілігі, нәтижелі жұмыс істеуі білікті басшыға байланысты. Бұл ретте мектеп басшысы Балзия Әбдікәрімқызы басқару, ұрпақ тәрбиелеу ісінде өзіндік тәжірибесі толысқан маман. Қайсыбір істі қиыннан қиыстыра білетін ол – талапшыл. Оқушыларға білім беру ісі қазір күн сайын өзгеріп отыр. Осы орайда мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының мұғалімдері де осыған  сай болуы қажет. Бұл білім ордасында 80-нен астам маманға орын белгіленген екен. Десе де маман тапшылығы бар. Кейбір пәндер бойынша білікті ұстаздар өзге білім ошағынан шақыртылып қоса атқару негізінде жұмыс істеуде.

«Шәкірт – ұстаз айнасы» десек, оның еңбегі оқушысының жетістігімен өлшенетіні белгілі. Елінің ертеңі болар азамат тәрбиелеу, олардың қоғамдағы орнын қалыптастыру – мұғалімнің еңбек жолындағы басты мүддесі. Сондықтан оларға қойылатын талап пен артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр.        

«Ұстаз бен шәкірттің биіктен көрінуі мектеп мерейін өсіреді. Үйретуден жалықпаған ұстаздар еңбегі өлшеусіз. Өскелең ұрпаққа заман ағымына сай білім мен тәрбие беруде оларға қойылатын талап жоғары. Ғылыми-технологиялық, инновациялық негіздерді меңгерген маманның оқушыға берері мол болады. Қазіргі уақытта оқытудың жаңа әдісін қолдану оқушының білім деңгейінің өсуіне өз септігін тигізеді. Оқушыларға тереңдетілген білім беріледі. Жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде өтеміз. Бұл тұрғыда ұжымда білімді де білікті мұғалімдер қауымы жинақталған. Алайда олардың көбі дерлік біздің мектепте қосымша жұмыс істейтіндер. Алдағы уақытта маман тапшылығын жойып, оқушыларымыз қаламыздың мықты ұстаздарынан білім алуына жағдай жасауды жоспарлап отырмыз. Біздегі басты мақсат – алдымызға келген өреннен адамгершілікті, білімді, дарынды, салауатты азамат қалыптастыру», – дейді ұжым басшысы Балзия Абдуллаева.

Бәсекеге қабілетті елдер көшіне ілесу үшін сауатты ұрпақ тәрбиелеу – бастысы осы. Жас өреннің ғылымды, заманауи технологияны игеруі, функционалдық сауаттылығын арттыруда ізденіс жасауы – кемел келешегінің іргесін бүгіннен қалауы. Бұған айрықша мән беретін мектеп ұжымы барлық сыныпты оқуға қажетті құрал-жабдықтарымен қамтамасыз еткен. Оқушының толыққанды білім алуына бар мүмкіндік жасалса да ескерілуі тиіс дүние бар. Ол – баланың тәртібі. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп ұлы ғұламалар бекер айтпаса керек. Білім ордасының басшысы мұны басты орынға қойған. Жалпы үлкенді сыйлау, ұстазды құрметтеу мұндағы оқушылар үйренетін тәлімнің бастауы. 

Бала тәрбиесіне мектеп басшысының бей-жай қарамайтындығын білім ошағына аяқ басқаннан-ақ байқауға болады. Мұнда оқушыға ой салар насихат сөздер жаңаша үлгіде көрініс тапқан. Білім алушыға білімнің, тәрбиенің, ауызбірліктің құндылығы өнегелі сөздермен өріліпті. Сыныпқа барар жолда жазылған сөздерге назар аудармау әсте мүмкін емес. Ал жатақханаға апарар жолда бір үйдің баласындай тату-тәтті тұруға үндейтін әсерлі сөздер жазылған. Бұл да болса тәрбие берудің тың әдісі секілді. 

Жылы да жайлы, жарық ғимарат білім аламын деген баланы өзіне тартып тұрғандай. Әзірге қалыптасу үстіндегі жаңа білім ошағы алда әлі талай озат оқушыларға жол ашып, дарынды балаларға арналған мектеп-лицей-интернаты деңгейіне жетері сөзсіз.   

Кезінде ағартушы ғалымдар оқу, білімі бар жұрттардың жоқтан бар жасайтын қабілетін кейінгі ұрпаққа өнеге еткен. Бүгінде олардың айтқаны дәлме-дәл келуде. Білім мен ғылымды қатар игеріп, заман үдерісінен шет қалмауда бұл білім ордасының алға қойған мақсаты зор.

Тағы да оқыңыз: