Фото: Н.Нұржаубай
Kyzylorda-news.kz.Қыркүйек айының аяғында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты кеңесінің білім саласы кіші кеңесінде палатаға шағымданған жеке колледждердің мәселесі қаралған. Кеңес отырысында жеке колледждердің өкілдері мемлекеттік колледжде оқитын оқушыларға төленіп жатқан әлеуметтік төлем жеке колледждің білім алушыларына қолжетімсіз болып отырғанын жеткізіп, мәселені шешуге көмек сұраған.
Қызылордада жеке колледжде оқитын оқушылар бірнеше жылдан бері әлеуметтік төлемнен тыс қалған. Атап айтқанда, колледждерде басқа елді мекендерден келіп оқитын мемлекеттік тапсырыспен білім алушыларға жол ақысы төленуі керек. Ал осал топтағы оқушылар ыстық тамақпен қамтылып, мүмкіндігі шектеулі оқушыларға қосымша төлемдер жүргізілуі тиіс. Оған негіз Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысы, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің № 497 бұйрығы.
«Мемлекеттік органдардың заң талаптарында жеке колледждер көрсетілмегендіктен, бұл төлемдерді жеке колледждерге төлеуге негіз болмай отырғанын алға тартқан еді. Алайда, шараға қатысушылар норматитік құқықтық актілерде меншік нысаны мүлдем көрсетілмегенін, сондықтан еш шектеу болмауы тиіс екенін айтып, өз дәйектерін келтірді.
Мәселе жергілікті деңгейде шешілуі тиіс болғандықтан, Палата тарапынан Қызылорда облысы әкімі мен облыстық білім басқармасы атына орын алған жағдайлар мен жеке колледж иелерінің уәждері сипатталған арнайы хаттар жолданды. Дәйекті жұмыс нәтижесінде 9 жеке колледжде мемлекеттік тапсырыспен блім алатын 1267 оқушының ыстық тамағы мен жол ақысына жергілікті бюджеттен қаржы бөлу туралы шешім шығарылды», - дейді кәсіпкерлер палатасының мамандары.