Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен Н.Ергешбаев атындағы №172 орта мектепте «Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар арқылы оқыту мен оқудың сапасын арттырудағы тәрбиенің рөлі» тақырбында семинар-практикум өтті.
Семинарға қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Жомартбек Құлмағанбетұлы мен әдіскер Нұрқанат Ақылбайұлы, Білім басқармасы оқу әдістемелік кабинетінің бөлім меңгерушісі Гүлайым Ермекбайқызы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің дәстүрлі музыка өнері және хореография кафедрасының аға оқытушысы Мақпал Иманайқызы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің дәстүрлі музыка өнері және хореография кафедрасының аға оқытушысы, философия PHD докторы Ғани Бекқожаұлы және Өрлеу біліктілік арттыру институтының аға оқытушысы Ұлбала Хамитқызы қатысты.
Мектеп оқушылары семинарға қатысушы қонақтарға «Creative gallery» атты мектеп ауласындағы мәдени-танымдық іс-шарасы өтіп, 9-10 сынып оқушылары қазақтың ұлттық киімдерінен дефиле, ұлттық жәдігерлерінен демонстарция жасады. «Алаш зиялыларының» ұлағатты сөздерінен 7-10 сынып оқушылары көрініс көрсеткен соң, «Жас ұландардан» дайындалған заманауи флешмоб биі, «Мереке» домбыра үйірмесінің орындауымен қазақтың күйі орындалды. Сонымен қатар, ұлттық ойындар, теннис, шахмат, «Қалқалам» үйірмесі жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, мектеп мұғалімдері үйірме жұмыстарын тиімді ұйымдастыру: іс-әрекет, тәжірибе, ізденіс», «Оқу-тәжірибе мен TED talks алаңы – тәрбие көзі» тақырыптарында жаңа заман баласының бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіре отырып, еліміздің патриот жастарын тәрбиелеуді мақсат тұтқан ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісті.
Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіруде мектептің алар орны ерекше. Бұл ретте, балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың түрлі тәсілдерді қолдана білу сауаттылығына байланысты екені даусыз. Осы орайда, ата-аналардың да қолдауы қажет-ақ. Бұл ретте мектеп ұжымы ұстаз, бала, ата-ана арасында тығыз байланыс орнатқан.
«Flash practice және TEDх» кезеңінде Ағылшын тілі пәні мұғалімдері Г.Сатыбалдиева, Г.Нуржанова және математика пәні мұғалімі А.Шынтемір панорамалық әдістемелік көмек пен тәжірибе алмасу сабақтарын ұйымдастырды.
Семинар соңы марапатқа ұласып, жақсы әсер, керемет көңіл-күймен аяқталды. Ұстаздардың ойына ой салатын, шығармашылығын шыңдайтын, ізденіске бастайтын, мектептегі жолға қойылған жұмысты одан әрі жандандыруға түрткі болатын осындай керемет жұмыстар, тәжірибе алмасулар,семинарлар жалғасын табатын болады.