Kyzylorda-news.kz. «Bilimland» компаниясы ұйымдастырған республикалық байқауда педагогтар арасынан Сыр еліндегі үздік ұстаз Жанна Кунарова бас жүлдені алып, 500 мың теңге сыйақыны иеленді. Үздік ұстаз Арал ауданындағы №14 мектеп-лицейдің орыс тілі пәні мұғалімі.
Қашықтан оқыту форматы кезінде өткізілген байқау екі кезеңді қамтыған. Яғни педагог бірінші айналымда ерекше сабақ жоспарын жіберсе, екінші кезеңде сабақ жоспарына бейнесабағын түсіруі қажет. Нәтижесінде, шаршы топта алға шыққан Жанна Кунарова «Жаңашыл мұғалім» атанды.
«Байқау негізінен мұғалімнің тәжірибесінде цифрлық технологияларды пайдаланудың жаңа тәсілін енгізу болатын. Әділқазылар байқауға ұсынған жұмысымды жоғары бағалап, бас жүлдеге лайық деп таныпты. Әрине, мен үшін бұл ерекше стимул берді десем болады. Қашықтан оқыту практикасында біз цифрлық бағдарламалар арқылы сабақты жаңаша тәсілде беруге мүмкіндік алдық. Бұл ретте бейнесабақ түсіру тәжірибесін үйреніп алдық»,-дейді Жанна Кунарова.
Тәуелсіз сараптама комиссиясы Жанна Құспанғалиқызының байқауға ұсынған материалы жақсы ойластырылған, сабақтың құрылымы сақталған, дыбысы анық, видео сапасы өте жоғары деп баға берген.
Айта кетейік, Жанна Кунарова облыстағы тәжірибелі ұстаз. Өткен жылдың қорытындысымен облыс әкімінің арнайы педагогтарға арналған бірреттік қаржылай сыйақысы 833 мың теңге сыйлық сертификатын иеленген.
