Kyzylorda-news.kz Kyzylorda Hub пен Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасының бірлесіп ұйымдастыруымен STARTUP BATTLE стартап жобалар байқауы өтті. Байқау жастардың инновациялық идеяларын қолдауға, технологиялық жобаларын дамытуға және өз әзірлемелерін көпшілікке таныстыруға мүмкіндік берді.
Байқауға қатысу үшін 40-тан астам өтінім түсіп, іріктеу нәтижесінде 28 жоба таңдалды. Қатысушылар өз идеяларын таныстырып, жобаларының ерекшеліктері мен іске асыру мүмкіндіктерін көрсетті. Жобаларды бағалау барысында олардың жаңашылдығы, нарықтағы сұранысы, практикалық маңыздылығы және жүзеге асу әлеуеті ескерілді.
Жобаларды кәсіпкерлік және цифрлық технологиялар саласының өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында «ADAM GROUP INC» ЖШС басшысы, қазылар алқасының төрағасы Ғалымжан Молдабеков, «Venera Print» ЖШС басшысы, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Венера Даулетбаева және Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы Темірхан Мұқанғали болды.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті Жасанды интеллект институтының 2-курс студенті Нұрдәулет Дүзенов иеленді. Олардың AgriX жобасы — ауыл шаруашылығына арналған жасанды интеллект көмекшісі. Жоба аграрлық саладағы өзекті мәселелерді технология көмегімен шешуге бағытталған. Команда 200 000 теңге көлемінде сыйақы алды.

Екінші орын мектеп оқушылары мен студенттерге ғана емес, жалпы әлеуметтік желі қолданушыларына пайдалы әдет қалыптастыруды көздейтін «Уақыт формуласы» жобасына бұйырды. Жоба авторы — №23 Жалел Қизатов атындағы мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Қорқыт Жәли. Жобаның идеясы — қолданушы әлеуметтік желіге кірмес бұрын қысқа оқу тапсырмасын орындауы. Осылайша, әлеуметтік желіге жұмсалатын уақытты білім алумен ұштастыру ұсынылады. Команда 150 000 теңге көлемінде жүлдеге ие болды.

Үшінші орынды Е. Әуелбекова атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Нұрислам Болатұлының Qadam жобасы иеленді. Бұл — жасанды интеллект көмекшісі бар қазақ тілін үйрену платформасы. Жоба «күніне бір қадам» қағидатына негізделіп, тілді күнделікті шағын қадамдар арқылы меңгеруге бағытталған. Байқаудың жалпы жүлде қоры 450 000 теңгені құрады.

