Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық мерейтойы аясында, ұстаздар күніне орай «Ұстазым, бір өзіңе бас иемін!» атты салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шарада университет ректорының міндетін атқарушы Нұрлан Уразбаев профессор-оқытушылардың елеулі еңбегіне тоқталып, кәсіби мерекемен құттықтады.
«Қазіргі таңда университет еліміздегі үздік оқу орындарының қатарында. «Қазақстан Республикасының сұранысқа ие жоғары оқу орындары Ұлттық Рейтингі – 2022» бойынша үздік ондыққа ендік. Тарихы терең оқу орнының жыл сайын дамуына, еліміздегі сұранысқа сай мамандардың даярлануына педагогтердің қосқан үлесі зор»,-деді Нұрлан Жеткергенұлы.
Жаңа оқу жылында өз саласының кәсіби шебері саналатын университеттің бірқатар қызметкерлері марапат төрінен көрінді. Жоғары білікті мамандар даярлауда еңбек етіп жүрген оқытушы-профессорлар Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен, облыстық білім кәсіподағының марапатына ие болса, оқу орнының стратегиялық дамуына үлес қосқан қызметкерлерге басқарма төрағасы-ректордың арнайы марапаттары табысталды.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, университет ардагерлері, оқытушы-профессорлар және білім алушылар қатысты. Салтанатты шара Инженерлі-технологиялық институтының профессор-оқытушылары мен білім алушыларының мерекелік концертімен қорытындыланды.
Айта кетейік, бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 470 профессор-оқытушы жұмыс істейді. Олардың қатарында 27 философия докторы, 22 ғылым докторы, 176 ғылым кандидаты, 11 профессор, 48 доцент, 185 магистр қызмет етуде. Биыл оқу орнында білім алушылар саны 9 мыңнан асты.