Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде пәндік олимпиада жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтіп, мектеп бітіруші түлектерге 20 білім гранты табысталды. 

Пәндік олимпиада университеттің ұйымдастыруымен Ұлттық біріңғай тестілеуде бар 16 пән бойынша 11-сынып оқушылары арасында өткізілді.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова олимпиадада үздіктер анықталғанын атап өтті.

Білім бәйгесіне облыстағы мектептерден 1381 оқушы қатысты. Олимпиада нәтижесінде 20 оқушы топ жарып, университеттің 16  білім беру бағдарламасы бойынша ішкі білім грантын иеленді. Оның ішінде Дүниежүзі тарихы пәні бойынша білім гранты тәуелсіздік жолында күрескен қоғам қайраткері, алаш зиялысы Мұстафа Шоқай атынан тағайындалды. Ал Қазақстан тарихы, Қазақ әдебиеті, Қазақ тілі пәндері бойынша білім гранты ұлт руханиятының көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің атынан тағайындалды. Құқық негіздері пәні бойынша жеңімпазға профессор, философия ғылымдарының кандидаты, Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» Мұстафа Матаев атындағы білім гранты табысталмақ. Физика пәні бойынша білім гранты Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек еткен, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сайлыбаевтың атынан тағайындалды. Журналистика мамандығы бойынша жеңімпазға жалынды журналист, университет түлегі Сағитжан Бермағанбетов атындағы білім гранты берілді. Мұнан бөлек, Информатика, Биология, География, Химия, Шетел тілі, Орыс әдебиеті, Орыс тілі, Бастапқы әскери дайындық, Эстрада, вокал және музыкалық аспаптар, Дәстүрлі ән-жыр, Хореография, Көркем еңбек пәні бойынша грант табысталды. 

Айта кету керек, қазіргі уақытта университетте 10 168 білім алушы оқиды. Олардың 2840-ы мемлекеттік грант негізінде, 106-сы жергілікті атқарушы органдар (үкіметтің көпбалалы отбасыларға арналған гранты), 270-і Қызылорда облысы әкімінің гранты негізінде білім алады. Сонымен қатар, 546 түрлі әлеуметтік статустағы білім алушыға халықаралық, республикалық, облыстық сайыстар мен додалардың жеңімпаздарына 25, 50, 100 пайыз жеңілдіктер жасалған. 

Салтанатты шараға Т.Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы, еңбек ардагері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Сәпен Аңсатов, қоғамдық қор өкілі Әмит Жұмағұлов, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанындағы «Қызылорда облысының даму орталығының» басшысы, экономика ғылымдарының докторы, М.Матаевтың ұлы Талғат Матаев, «Физика және математика» кафедрасының аға оқытушысы, ардагер М.Матаевтың жұбайы Торғын Аймұратова, Ұлттық қауіпсіздік комитеті саласының қызметкері, Б.Сайлыбаевтың ұлы  Әділ Сайлыбаев, экономика ғылымдарының кандидаты, Б.Сайлыбаевтың қызы Алтынай Сайлыбаева, «Мұстафа Шоқай» қорының төрағасы Батырбек Жолдықұлов, жалынды журналист Сағитжан Бермағанбетовтың анасы Меруерт Бақбергенова қатысып, оқушыларға грант табыстады. 

л.jpg

Тағы да оқыңыз: