Kyzylorda-news.kz Облыстық жыраулар үйінің залында «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Жанұя шуағы» бағыты бойынша және Аналар күніне орай «Өнегелі Ана, өнерлі бала» атты өнерлі, талантты, Сыр елінің атын шығарып, додаларда топ жарып жүрген жас көшбасшыларды тәрбиелеп отырған аналармен кездесу өтті.
Кездесудің басты қонақтары – білім, өнер, спорт саласында топ жарып жүрген балалар және оларды тәрбиелеп отырған әжелері мен аналары болды.
Кешке арнайы балалар ақыны, педагогика ғылымдарының докторы, аудармашы Рахат Наурызбаева қатысып, бала тәрбиесі жайлы алғы сөз алды.
№264 орта мектептің 7 сынып оқушысы, түрлі көркемсөз оқу өнерінен Дубай, Грузия, Түркия елдеріндегі байқаулардың бас жүлде иегері, қала деңгейіндегі мәдени іс-шаралардың және Қызылорда облыстық телеарнасында «Айбала» бағдарламасының тележүргізушісі Сармырзаев Ержігіт өзінің анасы Сармырзаева Динара ханыммен, білімділігімен топ жарып жүрген, түрлі халықаралық, республикалық олимпиадалардың жүлдегері, № 101 Әли Мүсілімов атындағы мектеп-лицейінің 5 сынып оқушысы Бақыт Бақдәулет әжесі Сазанбаева Қатыс апамен, «Қазақстан дауысы» балалар жобасының жартылай финалисі, әнші, түрлі облыстық, республикалық, халықаралық ән байқауларының жүлдегері Сезім Қаһарман анасы Музарапова Айгерім ханыммен, жасөспірімдер арасында ҚР-ның, Азия чемпионатының, Әлем чемпионатының самбо, белбеу күресінен қола жүлдегері Жайсаңбай Жібек анасы Жұмашова Бақыт апаймен кешке қатысып, сұқбат берді.
Кеш барысында жас көшбасшылардың жеткен жетістіктерінен, өмірінен лед экран арқылы бейнероликтер көрсетілді.
Көркемсөз оқу өнері бойынша додаларда топ жарып жүрген Ержігіт Сармырзаев «Менің атым Қожа» «Қазақстан дауысы» балалар жобасының жартылай финалисі, әнші, түрлі облыстық, республикалық, халықаралық ән байқауларының жүлдегері Сезім Қаһарман Нұртуған Жаңабайдың «Ғаламшар» әнімен кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кездесу соңында қонақтарға арнайы сый-сияпат көрсетіліп, ұлағатты ұстаз Рахат Наурызбаеваның тәуелсіз елдің болашағы – талантты, талапты жастарына деген бата-лебізімен аяқталды.
Фото: tirshilik-tynysy.kz