Kyzylorda-news.kz Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №6 кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, ақын, жазушы, көптеген танымал әндердің авторы Нұртас Ибрагимұлы Исабаевтың 70 жылдық мерейтойына орай қаламгердің «Өмірге құштарлық» романы бойынша оқырмандар конференциясы өтті.
Шараға «Өркениет» медицина колледжінің оқытушылары мен білім алушылары қатысты. Конференция барысында шығарма не себепті «Өмірге құштарлық» деп аталған, басына түскен зор қиындықты, тауқыметті мойымай жеңіп шыққан басты кейіпкер Нұрланның тағдыры жайлы қандай ой түйіп, әсер алдыңыздар, шығарманың басты кейіпкері Нұрланның прототипі Нұртас Исабаевтың тағы қандай шығармаларын білесіздер, шығарманың тақырыбы мен баяндалған шынайы оқиғалар сіздерге жігер беріп, өмірге деген талпыныстарыңызды арттыруға септігін тигізді ме? деген сұрақтар төңірегінде оқырмандар А.Сұлтанбек, А.Сәулебек, А.Мұстафаұлы, Б.Бөлеген, М.Махамбетов, Ш.Қамбар өз ойларын өрбітіп, шығармадан алған әсерлерін ортаға салды.
Замандастарын кітап оқу арқылы өмірге жаңа көзқараспен қарауға, білімді, жан-жақты азамат болуға шақырып, ойларын қорытындылады. Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы бейнебаян көрсетіліп, кітапханашы Н. Төлеубай «Ғашықпын, Өмір саған» өлеңін оқыды.
Шара соңында аталмыш колледж басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Әзімов кітапхана қызметкерлеріне зор алғысын білдіріп, игі іс өз жалғасын табуына тілек білдірді.