Kyzylorda-news.kz   Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Қаламгерлер аллеясында» жаңаша форматта «Кітап-қала» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Аллеяда «Шежірелі – Туған өлкем» кітап көрмесінің таныстырылымы өткізілді. Шара мәдениет бөлімі әншісі Әзімхан Төлегеновтың орындауындағы «Алаш ұраны» әнімен басталып, Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық - акедемиялық драма театрының әртістері қазақ зиялылары Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабай, Міржақып Дулатұлы, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлының образындарын сомдауымен басталды.

Аймақ басшысының бастамасымен биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялануына орай өткізілген «Кітап - қала» атты әдеби сазды кештің алғашқы сөз кезегі қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тажмаханов Жағыпар Айтбайұлына беріліп, кітап атты ғаламаттың ұлылығы туралы, кітап оқымай нағыз тұлға болып қалыптасудың мүмкін еместігі туралы келелі әңгіме айтып,жастарды кітап оқуға шақырды. Шоқ жұлдыздай жарқырап әдебиет көгіне өзіндік өрнегімен көтеріліп келе жатқан өлкеміздің жас ақындарына кезек беріліп, жас ақындар Айдар Сайлауов, Аружан Оралбай, Дина Бөкебай, Бексұлтан Санақұл, Нұргұл Төлеубай, Жансая Қожас, Ұлықбек Бектай жүрекжарды жырларын оқып, көрермендер сүйіспеншілігіне бөленді.

Жүргізуші білімді ұрпақ тәрбиелейміз десек, баланы кішкентай шағынан кітап оқуға баулығанымыз абзал, - дей келе жастардың зияткерлік қабілеттерін арттыруға және кітап оқу мәдениеттін барынша қалыптастыруға ықпал етіп, қызмет жасап жүрген «Кітап құрттары» оқырмандар клубының өкілдеріне сөз кезегін берді. «Кітап құрттары» оқырмандар клубының өкілі әдеби сұрақтар оқып, қызықты ойын ұйымдастырды. Озық ойлы оқырмандарға кітап сыйлады. Мәдениет бөлімінің әншісі Тоғжан Өтенова, Нұрдаулет Сақтапберген, Маратұлы Нәбиден жанды дауыста гитарамен кешкі қаланы әсем әнге бөледі. Кешті Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ақжол Түменбай жүргізіп, қазақы нақыштағы әдемі сөздерімен өрнектеп, оқырмандарды үйіре білді. Өз еркімен ән салып, жыр оқыған өнерлі жастар өлкеміздің руханият ордасы екенін тағы бір дәлелдегендей болды.Қала тұрғындарына зор мерекелік көңіл-күй сыйлаған кітап мерекесі еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, Кітап оқып, рухани бай болайық! деген ізгі тілекпен аяқталды.

Тағы да оқыңыз: