Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен Жанәбіл Нұрманов атындағы №198 мектебінде математика, информатика және физика пәндері мұғалімдерінің қатысуымен «ХХІ ғасыр педагогикасының функционалдық және цифрлық сауаттылығы» тақырыбында қалалық семинар өткізілді. Педагогтер семинарына Қызылорда қалалық білім бөлімінің әдіскері Жомартбек Құлмағанбетұлы арнайы қатысып, қалалық мектептердің ұстаздар қауымына сәттілік тіледі.
Семинар оқушылардың оқу жетістіктерін бағалайтын халықаралық «PISA», «TIMSS», «PIRLS» зерттеулерінің тапсырмаларын оқу үдерісінде қолдану, математика, информатика және физика пәндері бойынша функционалдық сауаттылықты арттыру, оқушылардың алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйрету, цифрлық, ақпараттық сауаттылық тақырыбында тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды.
Семинар барысында оқушылардың өздері жасаған «Робот - балалар көзімен», «3D жиынтық» пен жас бағдарламашылар клубы жұмыстарынан көрме ұсынылды. Семинар соңында келген қонақтар кері байланыс орнатып, семинардан алған әсерлерімен бөлісті.
