Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде әдіскер-ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Күлбарам Сәдуақасқызының туылғанына 80 жыл толуына орай «ХХІ ғасырдағы жаратылыстану-ғылыми білім беруді трансформациялау» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Халықаралық конференцияда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы сөз сөйледі. Әрі қарай Күлбарам Сәдуақасқызының ғылыми-әдістемелік және  шығармашылық дара жолымен «Жаратылыстану» институтының директоры, химия ғылымдарының кандидаты Ахатаев Нұрлыбек Ақарыстанұлы таныстырды.

Күлбарам Сәдуақасқызы 1960 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының  Жаратылыстану факультетінде «Химия және биология» мамандығы бойынша білім алды. Алғашқы еңбек жолын 1965 жылы химия және биология  пәні мұғалімі қызметінен бастады. Ғалым 1997 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Химияны оқыту әдістемесі», «Химия және экология», «Биология, география және химия» кафедраларында аға оқытушы, доцент, профессор қызметтерін атқарған. 2006 жылы Астана қаласындағы Еуразия педагогикалық институтының  диссертациялық кеңесінде «Оқыту процесінде нәтижеге бағыттап оқыту жағдайында оқушыларды өзіндік бақылауға бейімдеу» педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін кандидаттық диссертациясын қорғады.

Күлбарам Сәдуақасқызына 2018 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.

Халықаралық конференцияға Қазан Федералдық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының  докторы Гильманшина Сурия Ирековна қатысып, «Современные средства обучения будущих учителей химии в условиях трансформации естественно - научного образования» тақырыбында баяндама оқыды.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қонақтары: Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті «Химия» білім беру бағдарламаларының жетекшісі, х.ғ.к. Мырзахметова Нұрбала Оразымбекқызы, қауымдастырылған  профессор, п.ғ.к., Қуанышева Жанар Қадыржанқызы қатысып, баяндамаларымен бөлісті.  Конференцияға зиялы қауым Б.С.Досмамбетов, Д.Ақмағамбетова, К.С.Ермағамбетова, Р.М.Байназарова, мәжіліс депутаты М.Н.Ергешбаев, Ғ.М.Әмреев, қыздары Ләззәт Әлиқызы, Гүлшат Әлиқызы, Айгүл Әлиқызы және туған туыстары қатысты.

Конференция соңында «Менің зерттеуім» атты ғылым апталығы қорытындысы бойынша  жүлделі орындар иеленген білім алушыларды Күлбарам Сәдуақасқызының балалары демеушілігімен арнайы сыйақымен марапатталды.

Айта кетейік, «Әлемді ғылым құтқарады» атты ғылым айы аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында  «Студенттік ғылым-2024» ХХVІ дәстүрлі студенттік ғылыми конференциясы өтті. Конференцияда алғы сөз алған университетің Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева  ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2022-2024, 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру, бағдарламалы-нысаналық қаржыландыру жобалары аясындағы ғылыми жобаның орындаушыларына алғыс білдіре отырып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Конференцияның пленарлық мәжілісіне «Білім Ыбырай» қоғамдық қорының директоры Нұрбек Серікбаев, аталған қор өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, білім алушылары мен БАҚ өкілдері қатысты.  Студенттер бүгінгі күні өзекті тақырыптарда баяндамалар жасады. Конференцияда үздік баяндама жасағаны үшін Х-22-1 оқу тобының студенті Арслан Сағындық, ТПП-21-1 оқу тобының студенті Жанар Ағаділ, Фин-21-1 оқу тобының студенті Давид Цой, ХТО 21-1 оқу тобының студенті Айым Бауыржанқызы I дәрежелі дипломмен марапатталды. Аталмыш байқаудың  университетішілік I-кезеңінде жүлделі орын алған жастарға диплом және «Білім Ыбырай» қорының қаржылай сыйлығы табыс етілді. Мұнан бөлек, студенттік үйірмелердің ғылыми шығармашылық жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, PhD Ерлан Шынбергенов XIV Бүкілресейлік жоғары оқу орындарының жас ғалымдары конференциясында баяндама жасады. Жас ғалым баяндамасында «Қызылорда облысында су тапшылығы жағдайында мал азықтық дақылдары мен ағаш екпелерін суару үшін сарқынды суларды қауіпсіз утилизациялау технологиясын әзірлеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында жүргізілген ғылыми-зерттеулердің аралық қорытын бүгінде осы күндері «500 ғалым» жобасы аясында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті География факультеті және В.В. Докучаев атындағы «Топырақ» институтында тағылымдамадан өтуде.

 

Қорлан САРЫ

Тағы да оқыңыз: