Kyzylorda-news.kz Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің №1 оқу ғимаратындағы «Шоқайтану» ғылыми орталығында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық тобы мен жас ғалымдар клубының бірлескен отырысы өтті.
Жиынға Ғылыми-сарапшылық топ пен жас ғалымдар клубының мүшелері, ҚХА жанындағы құрылым өкілдері мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты.
Жиын модераторы ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Айтжан Оразбақов отырыстың күн тәртібімен таныстырып, кіріспе сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында сәуір айында Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында көтерілген өзекті мәселелерге тоқталды.
Келесі болып сөз алған Ғылыми-сарапшылық топ мүшесі Даулет Омаров Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткізілетін республикалық конференция және арнайы ғылыми жинақ шығару бойынша жоспарланған жұмыстар жайында баяндады. Сонымен қатар, Ғылыми-сарапшылық топ жанынан құрылған жас ғалымдар клубының бағыттары мен қызметі туралы ақпарат берді.
Жиын барысында қатысушылар пікір алмасып, бірқатар өзекті сұрақтар қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Шара соңында отырыс жұмысы қорытындыланып, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын нақты шаралар пысықталды.
Аталған отырыс ғылыми-зерттеу бағытындағы ынтымақтастықты нығайтып, жастардың қоғамдық келісім мен бірлік идеяларын ілгерілетуге қосатын үлесін арттыруға бағытталған маңызды басқосу болды.
Айта кететіні, Жас ғалымдар клубының жетекшісі болып Марат Сүгірбай тағайындалды. Оның бұл қызметке келуі клуб жұмысына тың серпін беріп, жастардың ғылыми-зерттеу бағытындағы бастамаларын қолдауға, қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтарын ілгерілетуге ықпал етпек.