Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында білім саласы бойынша кездесу ұйымдастырылды.
Облыс орталығындағы үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық орталығында Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбетпен кездесу болып өтті.
Кездесуге аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен мүшелері қатысып, білім беру саласындағы түрлі мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды. Олар мектеп жасындағы балаларға қатысты барлық мәселелерді егжей-тегжейлі атап өтті.
Азаматтық қоғам өкілдері ерекше күтімді қажет ететін балалардың білім алу процесінің ұйымдастырылуы туралы айтты. Сонымен қатар ұйым мүшелері үйден немесе қашықтан оқыту мәселесіне де тоқталып өтті. Сондай-ақ мектеп-интернаттардың материалдық-техникалық базаларының мәселесі назардан тыс қалмады.
Кездесу барысында «Дінтану» пәні және ата-аналармен көбірек байланыс орнату мәселесі көтеріліп, осы бағыттарда атқарылуы тиіс шараларды талқылады.
Тиісінше басқарма басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы кездесуде айтылған ұсыныстар мен сауалдар бойынша жауап берді. Көтерілген мәселелер негізінде басқарма тарапынан жұмыс жасалатындығын жеткізді.
