Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында ауыл мектебінде оқитын жас өнертапқыш ақпараттық технология саласында үлкен жетістікке қол жеткізді. Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейдің 7-сынып оқушысы Нұрислам Айбекұлы ұялы телефондарға арналған Extrnos атты қауіпсіз операциялық жүйені ойлап тауып, облыстық деңгейде үздік атанды.

Жас өнертапқыш бұл жобасын облыс орталығында өткен «InnoFest Qyzylorda» инновациялық IT жобалар фестивалінде таныстырып, бағдарламалық жасақтама бағыты бойынша І орын иеленді. Жобаны әзірлеу барысында оған №37 мектеп-лицейдің информатика пәнінің мұғалімі Гүлзат Ыбырай жетекшілік еткен.

Android пен iOS-қа балама жүйе

Нұрисламның айтуынша, Extrnos жүйесі қауіпсіздік пен өнімділік тұрғысынан қазіргі кең таралған Android және iOS жүйелерінен кем түспейді, тіпті кей тұстарда басым түседі.

«Мен ағылшын программисі Терри Дэвистің 64-биттік операциялық жүйесін зерттедім. Соған ұқсас, бірақ ұялы телефонға бейімделген жаңа жүйе жасағым келді. Нәтижесінде Extrnos жобасы пайда болды. Оған шамамен 7 ай уақытым кетті. Бұл жүйе телефонды хакерлік шабуылдардан қорғайды, құрылғының жылдам жұмыс істеуіне және қатып қалмауына мүмкіндік береді», – дейді жас өнертапқыш.

Extrnos — қауіпсіздікке басымдық беретін, жүйелік ресурстарды тиімді пайдаланатын операциялық жүйе. Жоба әсіресе жеке деректердің қорғалуына және тұрақты жұмыс істеуге бағытталған.

Информатикаға қызығушылық ерте басталған

Нұрисламның информатикаға деген қызығушылығы 7 жасынан басталған. Оның бұл қабілетін байқаған ұстаздары оқушыны түрлі пән олимпиадалары мен IT байқауларға қатысуға бағыттап отырған. Сонымен қатар, ол Қызылорда стартаптар және IT өңірлік хабының жетекшісі Жанарыс Түбекбаевтан білім алып, заманауи технологиялардың қыр-сырын меңгерген.

Жоба жасау барысында ең күрделі кезеңдердің бірі — Bootloader (операциялық жүйені іске қосу тетігі) әзірлеу болған.

Жоба әлі де дамытылады

Қазіргі таңда Extrnos жүйесі толық аяқталмаған. Оны орнату үшін құрылғыда Android жүйесі, Raspberry Pi қолдауы және ARM64 архитектурасы болуы қажет. Орнату жұмыстары компьютер арқылы жүзеге асырылады.

«Жоба аяқсыз қалмайды. Әлі де жетілдіретін тұстары бар. Толыққанды нұсқасын шығару үшін уақыт керек», – дейді Нұрислам.

Жас өнертапқыштың бұл жетістігі — ауыл оқушыларының да жоғары технологиялық жобалар жасап, үлкен деңгейге шыға алатынын дәлелдейді. Extrnos жобасы алдағы уақытта Қазақстандағы отандық IT өнімдердің қатарын толықтыруы әбден мүмкін.

1Қызылордада ауыл оқушысы ұялы телефонға арналған қауіпсіз жүйе ойлап тапты.webp

Тағы да оқыңыз: