Kyzylorda-news.kz    Тіл тазалығын сақтау – мәдениетке ұмтылған әрбір саналы адамның әрекеті. Қоғам дамып, алға озған сайын тіл де жанды құбылыс ретінде бірде дамып, бірде құлдырап отырады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, сондай-ақ, оның қолданыс аясын кеңейту үшін ең маңызды қадамдар мен өзекті мәселелер қозғалып келеді. Соның бір көрінісі ретінде көрнекі ақпараттар мен жарнама мәселесін қарастырған дұрыс.

Сауатты жарнама – біріншіден, ауданның немесе ауылдың мәдени деңгейін көрсетсе, екіншіден мемлекеттік тілге деген құрметтің дәлелі. Осы мақсатта Қазалы қаласында кездескен қате жазылған жарнама мәтіндері туралы біршама ақпараттарды топтастырдым.

Мәтін дегеніміз не? Мәтін арқылы кез келген адам өзіне қажет ақпаратты алады және сол жердегі мәліметтің дұрыстығына сенімді болады. Кітаптағы тақырыптық мәтіннен бастап, көшедегі маңдайшалардағы ақпараттың барлығы мәтін саналатындықтан, жазу кезінде грамматикалық және стильдік нормалардың сақталуына баса назар аударған дұрыс. Әрине, жарнама мәтіндері арнайы дизайнерлік орталықтарда әзірленеді. Сондықтан қызмет көрсетіп отырған жауапты тұлға ретінде жарнама агенттіктерінің қызметкерлері тілді қолдануда мемлекеттік тілде, сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағында немесе төменгі жағында орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін сияқты мәселелерді назарда ұстағаны дұрыс. Бұл ретте, арнайы бөлімдердегі мамандармен кеңесіп отырған артық етпейді. Көрнекі ақпараттар тіліндегі түрлі қателер, сауатсыз аудармалар қоғамдық санаға қаншалықты әсер етеді? Ең алдымен қоғамның басты құндылығы болып саналатын адамдар заңнама туралы толық хабардар болуы тиіс.

2021 жылы 29 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы 1997 жылғы 11 шілдедегі №151 «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» 21-бабына өзгерістер енгізілгені өздеріңізге белгілі. Ол қандай өзгерістер? Олар:

  • деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография нормалары және мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылуы тиіс;
  • мемлекеттік ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де жазылады;
  • мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де жазылады;
  • мемлекеттік ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де орналастырылады.
  • мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады;
  • Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгермеген түрінде жазылады.

Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, жол белгілеріндегі жазбалар мемлекеттік тілде жазылады.

Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады.

Алтыншы бөліктегі «Көрнекі», «көрнекі» деген сөздер тиісінше «Деректемелер мен көрнекі», «деректемелер мен көрнекі» деген сөздермен ауыстырылған. Осы мақсатта Қазалы ауданы аумағында «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Таза тіл» тобы жұмыс істейді. Бұл топтың мүшелері: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық ұйымы, Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының аудандағы өкілдері, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, «Жастар ресурстық орталығы» КММ, Мәдениет және спорт бөлімдері ортақ іске бірлесе атсалысып, жұмыла жұмыс атқаруда.

Осы жұмыстардың нәтижесінде жоғарыда берілген жарнама мәтіндеріне түзетулер енгізіп, заңды тұрғыда нақтыланды.

Сондай-ақ аудандағы қоғамдық тамақтану орындарына жүргізілген рейд жұмыстарының нәтижесінде, ас мәзіріндегі кемшіліктер анықталды. Облысымыздың жетістігі ретінде 2023 жылы ғалымдардың жетекшілігімен жарық көрген «Тағам атауларының сөздігі» атты еңбекті айта кеткенді жөн санадым. Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының жобасы аясында атқарылған ілкімді істердің қатарынан көрінген еңбектің тұтынушылар үшін маңызы зор. Еліміздегі алғаш рет қоғамдық тамақтану орындарында ас мәзірін мемлекеттік тілде ұсынудың базасы жасалып және Алаштың анасы – Сыр бойында басталды. 2052 тағам атауы топтастырылған сөздік арқылы тамақтану орындары ас мәзірін қазақшалау ісіне көшті.

Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай «Тіл тазалығы үшін күрес – ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес». Сондықтан тіліміздің тазалығы үшін күресімізді ешқашан толастатпай, өз жұмысымызды абыроймен атқара берейік.

Түйіндеп айтқанда, «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру – біздің абыройлы міндетіміз.

 

Жансая ПІРІМ

Фото:zhanatas-abylaihan.mektebi.kz

Тағы да оқыңыз: