Kyzylorda-news.kz   Білім беру сапасын арттыру мақсатында қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өткен жылдан бастап құрылыс жұмыстары қарқын алған болатын. Бұл бір жағынан өңірлердегі мектеп тапшылығын, үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім ошақтарын жою мақсатында жүзеге асырылуда.

Жалпы жоба аясында 2025 жылға дейін елімізде 842  мың оқушыға арналған жаңа үлгідегі мектептер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

  Аталған пилоттық жоба туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған еді. Онда: «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деген еді Жолдауда мемлекет басшысы.

Президент Жолдауындағы айтылған тапсырма былтырдан бастау алды. Жаңа да жайлы мектеп бірыңғай құрылыс стандартын сақтай отырып балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын, пәндік бөлмелер мен зертханалары толық жабдықталған, 1-4 және 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек оқу аумағы мен спорт залы бар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін тиісті жағдай жасалған оқу орны болуы қажет.

Қаншама реформаны бастан өткерсе де білім саласындағы қажеттіліктер азаймақ емес. Демографиялық ахуалдың артуы, қоныстанушылардың көбеюі нәтижесінде жаңа шағын аудандардың бой көтеруі білім ошағына деген сұраныс тудыруда. Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде әлі күнге дейін апатты, үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілмегендігін, сондықтан аталған жобаны іске асыру Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бақылауында болуы керектігін баса айтқан. Сондай-ақ бөлінген қаржының әрбір тиыны мақсатты бағытына жұмсалуын да қадағалау керектігі айтылды. Осы орайда құрылыс жүргізетін мердігер мекемелерді анықтау «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жауапкершілігіне берілген.  Бүгінде ұлттық жоба бойынша 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қала бойынша конкурс жарияланған. Бұл бағыттағы жұмыстар сәуір айының соңында аяқталмақ.

  Жалпы еліміз бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 401 мектеп салынбақ. Оның 217-сінің құрылысы былтыр басталған. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ ресми сайтында берілген ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы 185 нысанға конкурс жарияланып, 32 мектепке жер телімдерін бөлу жұмыстары жүргізілуде.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектеп салынатын  өңірлер қатарында Қызылорда облысы да бар. Аймақта 2025 жылға дейін 15 100 орынға арналған, құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектеп бой көтереді деп жоспарланған. Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, былтыр 10 білім ошағының құрылысы басталды. Ал оның 5-еуі облыс орталығына салынады.

Білім ошағын салу тұрғындардың қажеттілігі негізінде жүзеге асатыны белгілі. Қазіргі таңда шаһардағы білім ордасы қажет деген шағын аудандар анықталған, соған сәйкес орындар белгіленген. Мәселен, сол жағалауда 900 орындық, Арай, СПМК-70 шағын ауданында 2000, КБИ шағын ауданында 600, Қызылжарма ауылдық округінде 900 орындық мектеп құрылысы  жүргізілуде.

Жоспар бойынша ұлттық жобамен іргесі қаланатын жайлы мектеп барлық ауыл-аймақ, қалада бірыңғай стандартпен салынады. Басты ерекшелігі бастауыш сынып оқушылары бөлек, жоғары сынып оқушылары бөлек блокта білім алады. Балалардың қауіпсіздігі үшін әр блокта бейнебақылау, дыбыстық хабарлау сынды күшейтілген қауіпсіздік құрылғылары орнатылмақ. Сондай-ақ қолайлы жағдай жасау мақсатында оқушылардың оқу құралын, ауыстыратын артық киімін қоюға арналған шкафтар орнатылады. Бос уақытты тиімді өткізуге, шығармашылығын шыңдауға да лайықты жағдай жасалады. Бұл білім ошақтарында физика, химия, биология және робототехника сыныбы заманауи құралдармен жабдықталады. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылып, сыныптарға touch-экрандар орнатылады. Бұдан бөлек ерекше балалардың білім алуына да бар мүмкіндік жасалады. Оқушылардың мектеп қабырғасында спортпен еркін айналысуына да қолайлы болмақ. Жайлы мектептің жобалық қуатына сәйкес бірнеше спорт залы болады. Мұндай мектепте тек оқушыларға емес мұғалімдерге де жағдай жасалады. Білім ошағына қатынау үшін қоғамдық көлік, жаяу жүргіншілер жолы, жарық бағаналары сынды мәселе туындамайды.  Ал осыншама мүмкіндік қарастырылған нысанның құрылысы мемлекет тарапынан қаржыландырылады.

Аймақта салынатын жайлы мектептің жайы облыс әкімінің үнемі назарында. Облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі мектептер құрылысын уақытылы аяқтаудың өте маңызды екенін қатаң ескертіп келеді.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын бойынша Үкіметке және облыс әкімдіктеріне құрылыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Облыста 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Биыл 6900 орындық 10 мектеп, 2025 жылы 5400 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылысы былтыр басталған барлық мектептерге жер телімдері беріліп, құжаттары рәсімделді. Мемлекеттік бюджеттен өткен жылы 19,6 миллиард теңге бөлінсе, осы жылы 24,5 миллиард теңге бөлінетін болады. Биыл тапсырылатын 10 мектептің мердігері анықталып, 9-ның құрылысы қарқын алды, 1 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы кеш шығуына байланысты жұмыс енді басталады (Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп). Конкурс ұйымдастырушы – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ», – деген болатын Нұрлыбек Машбекұлы.

Бүгінде құрылыс алаңдарына инфрақұрылым жеткізу бойынша жергілікті бюджеттен 118,4 миллион теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Жобаны үйлестіруші «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы өкілдерімен бірлескен жол картасына сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, кейбір мектептер құрылысының уақытында аяқталмау қаупі бар. Десе де аймақ басшысы мердігер мекеме басшыларына құрылысшылар санын арттырып, екі ауысыммен үздіксіз әрі сапалы жұмыс жүргізіп, былтыр басталған 10 мектепті алдағы 1 қыркүйекке ел игілігіне пайдалануға беруді тапсырды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы маусым айының соңына дейін 10 мектептің барлығын сыртқы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуі тиіс. Ал, қала және аудан әкімдері 1 тамызға дейін мектептерге жол-көлік желілерін жеткізуге, жарықтандыруға, абаттандыруға, жаяу жүргіншілер жолдары және аялдамалар салуға жауапты.

Иә, бүгінде білім аламын деген балаға мектептерде барынша мүмкіндік қарастырылған. Ал «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын оқу ошақтары мұнан да зор мүмкіндікке ие.

Фото: azattyq-ruhy.kz

А.Әлім

Тағы да оқыңыз: