Kyzylorda-news.kz  Тоғыз жолдың торабында қоныс тепкен Қызылорда қаласына қарасты Талсуат ауылдық округі өзге ауылдар секілді өркениетке көш бастаған елдімекеннің бірі. Түтіні түзу, бірлігі жарасқан бұл ауылдың тыныс-тіршілігі қалыпты.

Бұл елді мекен тарихы 1929 жылдан бастау алады. Сол тұста колхоздастыру кезінде Александр қыстағының тұрғындары ұйымдасып «Колос» деген колхоз ұйымдастырған. Қызылорда аудан болып тұрғанда  Тентек өзен, Сауранбай болыстарынан бөліп, Талсуат ауылдық кеңесін ұйымдастырды. Дария бойындағы мал  суаратын жерде тал өсіп тұрғандықтан  №18 ауылға «Талсуат» деп ат қойылған. Кейін бұл жерде 1962 жылы  «Гидрогеология» қыстағы орын тепкен. Талсуат – ауылы Қызылорда қаласынан солтүстік–батысқа қарай 10 км жерде Сырдарияның оң жағасында орналасқан.  Бұрынғы атауы – Александровское ауылы. 1853-54 жылдары қыстаққа Ресейден жер аударылып, көптеген орыс отбасы келген. Ол кезде бұл елді мекен №18 Талсуат ауылдық кеңесі, «Колос» колхозы деп аталған екен. Александровск және Геологтар ауылы атанған екі ауыл Кеңес дәуірі кезінде іргесі 1929 жылы қаланған Комсомол  ұжымшарының қарамағында болған (қазіргі Қызылжарма ауылдық округі). 1967 жылы Александровск ауылында геологтар мекемесі құрылып, жеке тұрғын үйлер салынған. Мекеменің өз алдына балабақшасы, дүкені, асханасы, клубы, моншасы, орталық жылу жүйесі, таза ауыз су жүйелері жасалып, жас мамандар осында тұрақтанған. Олардың басым  көпшілігі  орыстар, украиндар, татарлар   болған.

Тәуелсіздік алған жылдары өзге  ұлт өкілдері  елді мекеннен  өз елдеріне  көше бастайды. Сол тұста ауылда  11  ұлт өкілдері   тұрақтап    қалған. Халық депутаттары Қызылорда облыстық Кеңесі төрағасының 1992 жылдың 4 мамырындағы № 27 қаулысымен Қызылжарма ауылдық кеңесінің Комсомол, Геологтар, Александровск ауылдары Қызылорда қаласының  әкімшілік-аумақтық бағыныштылығына   беріледі. 2005 жылға дейін Қызылжарма ауылдық округ құрамында болған ауыл Қызылорда қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың №11/5  2004 жылғы 30 қарашадағы бірлескен шешімі негізінде жаңадан 2005 жылы 05 қаңтарында Талсуат ауылдық округі  болып  қайта құрылады.

Талсуат ауылдық округінің жаңа тарихы, даму жолы осы жылдан басталады. 2005 жылы ауылда мыңға жуық болған. Ал мал шаруашылығымен айналысқан ауылда 189 шаруа қожалығы болған. Бүгінде ауылдағы халық саны екі жарым мыңға жуықтайды. Жер көлемі 925 гектарды  құрайды. Ауылдық округ қала орталығынан 13 шақырым қашықтықта  орналасқан.

Ауыл қайта құрылған кезеңнен бастап даму жолына бет бұрды. Осылайша өсіп өркендеудің алғашқы қадамдары жзасалды. Ауылда 2007 жылы №178 орта мектебі ашылса, 2009 жылы жаңа ауылдық дәрігерлік амбулатория, 2014 жылы 90 орындық балабақша пайдалануға берілген. Ал 2010-2011 жылдары балаларға арналған 2 ойын алаңы салынды. Осы кезеңдерде ауылдың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 5,5 шақырым болатын типтік жобадағы ауыз су құбырлары тартылды. Елді мекенде 7 көше асфальттанып, 11 көшеге тас төселініп, 11 көшеге  көше жарығы жүргізілді. 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдық құрметіне орай демеушілер көмегімен «Ер есімі- Ел есінде» тағзым алаңы салынған. Сонымен қатар 2006 жылы «Ерназар Мақсұм» мешіті халық игілігіне пайдалануға берілген.  Ауылда жас мамандарға арналған  4 тұрғын үй салынды. 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығы, 200 орындық балаларға арналған психоневралогиялық  интернат үйі 2012 жылы пайдалануға берілсе,  2016 жылы Қызылорда облысы  әкімі Қырымбек Елеуұлының  қатысуымен  Талсуат ауылдық  округінде № 2 «Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік  мекемесі ашылады. Осы әлеуметтік  үш нысанда  850 адам қызмет атқарады. Соның ішінде  Талсуат  ауылының жұмыссыз  251 адам тұрақты  жұмыспен қамтылып отыр. 2016 жылы Талсуат  ауылдық  округіне және үш әлеуметтік  нысандарға  облыстық бюджеттен 271 миллион теңге қаржы бөлініп, Талсуат ауылдық  округінде  31,5 шақырым газ құбырлары тартылып, елдімекен  толықтай көгілдір отынға қосылады. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер А.Керейбаева монша және шаштараз құрылысын толық аяқтап, монша және шаштараз 2017 жылдың желтоқсан айында халық игілігіне пайдалануға  берілген.

Талсуат ауылдық округін бірлігі жарасқан ауыл деуге негіз бар. Мұндағы әрбір атқарылар шаруа үлкендердің кеңесімен батасымен жүзеге асады. Ауылдық округте атқарылатын жұмыстар «Қоғамдық кеңес» мүшелерімен талқыланып, жоспарланады. Ауыл 2014 жылы қала әкімінің «Өскен өңір» номинациясымен марапатталған.

Ауыл жұрты жұмыспен қамтуда ауыл ішінде орналасқан әлеуметтік нысандардың маңызы зор. Одан бөлек мал шаруашылығы егінмен де айналысады.

Талсуат ауылдық округі маңызды әлеуметтік нысандармен қамтылған бірден-бір ауыл саналады. Оның ішінде Қызылорда облыстық білім басқармасының жанынан 2005 жылдың 1 маусымында облыстық балаларды оңалту орталығы ашылған.  2005 жылғы 1 маусымнан бастап Қызылорда облысы әкімдігінің 2004 жылғы 16 наурыздағы  № 613 шешіміне сәйкес  жұмысын бастайды. Орталықтың қызметі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2013 жылғы 14 ақпандағы  № 66 бұйрығымен бекітілген «Арнайы жалпы білім беру ұйымдары түрлерінің қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» және Қызылорда облысының қаржы басқармасының 2014 жылғы 29 қаңтардағы  № 97 бұйрығымен бекітілген «Қызылорда облысының білім басқармасының «Облыстық балалар оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ережесі» және ҚР БҒМ –нің 2015 жылғы 8 сәуірдегі №174 бұйрығына  2-қосымша «Дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты негізінде жүреді. Орталықтың негізгі жұмысы көпсалалы, психологиялық-педагогикалық оңалту, медициналық-сауықтыра оңалту, әлеуметтік-педагогикалық көмек көрсетуден тұрады. Орталық мамандары балаларды дамыту мақсатында түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану, тәжірибе жинақтау барысында оқытылмайтын бала жоқ деген қағиданы бетке ала отырып, түзете-дамыту жұмысының жобасын іске асыруда. Ұсынылған жобаның бағыты – түзете-дамыту жұмыстары және оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуын жан-жақты қамтиды. Бағдарлама  негізінде шетел тәжірибесіне сүйене отырып, тәжірибе барысында жинақталған орталық мамандарының  жұмысының жобасы, мақсаттары, тақырыптары, әдістері, қажетті құрал-жабдықтары енгізілген. Педагогикалық оңалту шарасында тәрбиешілердің тәрбие сағаттарының, қуыршақ театрларының, ертеңгіліктерінің, топтық сабақтарының бала дамуына, ортамен қарым-қатынас жасауына, өз-өзіне қызмет етуіне, жеке тұлға болып қалыптасуына ықпалы мол. Атртерапия арқылы өнерге деген қызығушылығы артса, агротерапия арқылы баланы еңбек сүйгіштікке тәрбиелейді. Мамандардың беретін жеке сабақтары – баланың көру және есту арқылы қабылдау түйсігін дамытады, ой-өрісін кеңейтіп, ойлау қабілетін жақсартады, өз бетімен еңбектенуге белсенділігін арттырады, сөздік қорын дамытып, байланыстырып сөйлеу қабілетін арттырады.Әр атаулы күн, мереке біздің орталықта үлкен – қуаныш, балалар мерекеге үлкен әзірліктер жасап, тақпақтар, өлеңдер айтып, би билеп өз мүмкіндіктерін көрсетеді, өзін ортада еркін ұстауға , өнерін ортаға салуға бейімделеді. Орталықта ашылған қолөнер үйірмесі де баланың ұсақ-қимыл қозғалыс қабілетін дамытып, бейнелеуге, мүсіндеуге, жаза білуге үйретіп, баланың эстетикалық талғамын өсіруге, ой-өрісін арттырып, әр заттың түрін-түсін ажырата білуге үйретеді. Бұл ретте балалар жұмыстарынан көрмелер, түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

Ауылдың округте орналасқан әлеуметтік нысанның бірі – балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы. Аталған мекеме Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың тұрақты тұруына арналған стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық әлеуметтік мекеме болып табылады. Мемлекеттік мекеме Қызылорда облыстық халық депутаттары Кеңесі атқарушы комитетінің 1990 жылғы 19 қыркүйектегі № 239 «Қызылорда қаласында балаларға арналған психоневрологиялық интернат үйін ашу туралы» шешімімен құрылған. Ал 2012 жылы Талсуат ауылдық округінде орналасқан жаңа ғимаратқа көшірілді. Орталық өз қызметінде, қызмет алушыларға үй жағдайына жақындатылған қолайлы тұрмыс жағдайлары жасалып, «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік Даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 бұйрығына сәйкес әзірленген жеке жұмыс жоспарлары негізінде 7 бағытта қызмет көрсетеді. Оның ішінде әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Орталықта мүмкіндігі шектеулі мүгедек балалар үшін медициналық, әлеуметтік жағдай жасауда әрбір бөлмесі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қызмет алушыларды ыждағаттылыққа, тияналыққа, тазалыққа баулу, өз - өзіне қызмет көрсетуін жетілдіру, дүниетанымын арттыру, сөздік қорын молайту, әдемілікке, әсемдікке, енбек сүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында мұғалім-дефектологтар, тәрбиешілер, ЕДШ мамандары, еңбек нұсқаушылары,  мәдени ұйымдастырушы, кітапханашы,музыка-мұғалімдері, логопед,  психолог мамандары жұмыс жасайды. Мұғалімдер мен тәрбиешілер бекітілген жоспар бойынша балалардың ой өрісін кеңейту, жеке қабілеттерін дамыту, қимыл – қозғалыстарын арттыру үшін конкурстар, ашық сабақтарын және тәрбие сағаттарын  өткізеді, әр – түрлі саяхаттар ұйымдастырады.  Қызмет алушыларға медициналық емдеу, шара көру, электрлі – физиологиялық емдеу, дене тәрбиесімен емдеу бөлімдері жұмыс жасайды. Емдік дене шынықтыру және уату жұмыстарының нәтижесінде қызмет алушылар басын ұстауды, отыруды, көмекші құралдар арқылы тұрып қадам жасауды үйреніп, бұлшық ет тонустары артып, аяқ-қол буындарының қимыл-қозғалыстары жақсарды. Осындай еңбектің нәтижесінде 2017 жылы 12 қызмет алушы отбасыларына оралған. Қызмет алушыларымыз түрлі шығармашылық, спорттық сайыстарға қатысып жүлделі орындарды иеленіп келеді. Жыл сайын балаларымыз «Спешиал олимпикс Казахстан» ұйымының жоспарлаған спорттық бағдарламаларына қатысып тұрады. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойындарының  жүлделерін жеңіп алған. Орталықтың жеткне жетістіктері сонау 1998 жылдан басталады. Бұл жылы АҚШ-тың  Королина штатында өткен Бүкіл Дүниежүзілік Арнайы Олимпиадасында – күміс жүлдеге, 1999 жылы женіл атлетикадан 2 бала – І орынға, 2 бала боулинг түрінен – ІІІ орынға, 2007 жыл  Алматы қаласындағы мини футболдан өткізілген турнирде  – күміс жүлдеге, боулинг сайысында – 1 алтын, 2 қола медалдарына ие болып, 2008-2017ж мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «ВІ-Жұлдызай» шығармашылық фестивалінде жеңіл атлетика, көркем-қолданбалы өнер, бейнелеу өнерлерін көрсетіп алғыс хаттар мен сыйлықтармен марапатталған. Сонымен қатар 2009 – 2016 жылдар бойы «Спешиал Олимпикс» бағдарламасы бойынша мини-футболға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. 2009 жылы Қызылорда облысының 70 жылдығы және Қызылорда қаласының 190 жылдығына орай өткен облыстық «Сыр өңірі» фестивалі, 2010 жылы облыстық мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткізілген «Шексіз әлем» фестивалі, 2011 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік тартуы» фестивальдерінде қолөнер, ән, би түрлері бойынша бас жүлделерді иеленді. Ал 2013 жылы вокал номинациясы бойынша облыстық мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткізілген «Бәріміз де бірдейміз, кемсітуді білмейміз» фестивалінде жүлделі орындарды иемденген. 2015-2017 жылы «Жүрек жылуы» облыстық фестивальдан Балауса би тобы бас жүлде, ән номинациясы бойынша бас жүлде, І орын, көркем сөз оқудан бас жүлдені иеленген. 2016ж Қызылорда облысының «Жігер» мугедектерінің қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ән бізді біріктірді» атты мүмкіндігі шектеулі жастардың республикалық фестивалінде ән, би номинациясы бойынша І, ІІ орын иегері атанған. Сондай-ақ ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында өткізілген «Менің қолымнан бәрі келеді» атты фестивалінде 4 қызмет алушы ән, би, көркем сөз оқу, қолөнер жанрлары бойынша бас жүлдені иеленген.

Ауыл халқының шығармашылық дамуын, рухани демалысын ұйымдастырушы бірден бір мекеме – «Талсуат ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны. Талсуат ауылдық клубы 1975 жылы типтік жобада  салынған. Тоғыз бөлемлі клубта кездері «Кызылорда гидрогеология» мекемесінің ведомостволық клубы болып қызмет атқарып  кинофильмдер көрсетіліп, би кештері басқа да іс шаралар өткізіліп тұрған. Кейін «Кызылорда гидрогеология» мекемесінің  банкрот болуына байланысты 1997 жылы  клуб  жабылып, ғимараты  мемлекеттік мүлік комитетіне  беріледі. 2005 жылдың  желтоқсан айында  клуб  қайта ашылып, ғимарат  қайтадан қалалық  мәдениет  бөліміне қайтарылып,  жөндеу  жұмыстары жүргізіледі. Талсуат ауылдық клубына «KZ құрылыс сараптама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 14 маусым 2012 жылғы тексеруі  бойынша  құлау қаупінде  деген №84 сараптамасы  беріледі. Соның нәтижесінде 2014 жылдың  тамыз айында Талсуат  ауылдық  клубы Талсуат  ауылдық   округі әкімі  аппаратының  «Талсуат ауылдық  клубы» мемлекеттік  коммуналдық қазыналық  кәсіпорны  болып  қайта  құрылады. 2014 жылы «Құрылыс салуға жататын білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары туралы» Қызылорда облысы әкімдігінің 2010 жылғы 21 мамырдағы № 785 қаулысын  орай, Талсуат ауылдық клубының құрылысы 2014 жылға кезектілік тізімге еңгізіледі. Қазіргі таңда клуб үйінде қазіргі таңда 5 үйірме жұмыс жасайды. Оның ішінде «Жас дәурен» ән, «Әсем әуен» дәстүрлі ән, «Ақкербез» би, «Ана тілі – жүрек үні» көркемсөз оқу шеберлері, «Алақай» балалар қуыршақ драма үйірмелері жұмыс жасайды. Ауылдық клубта сондай-ақ, «Ақ әже» әжелер ансамблі, «Талсуат еріктілері» еріктілер тобы да жұмыс істейді. Үйірмеге қатысушы ауыл өнерпаздары ауылдың мәдени іс шараларына белсене қатысып, елдімекеннің мәдениетінің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Мәселен, «Жас дәурен» ән үйірмесінің өнерпаздары ХVІ республикалық «Tanm art» өнер байқауына қатысып, жас әнші Жәнібек Жақия бас жүлдені, Жайсаң Рамазан І орынды жеңіп алған. Республикалық «Жарқын болашақ» ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен VІІ республикалық «Жарқы жұлдыз» балалар өнер байқауында Жайсаң Рамазан ІІ орынды, «Айғаным» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен І республикалық «Starmen» өнер байқауында Жәнібеков Шынболат І орын иегері атанған. Ал «Әсем әуен» дәстүрлі ән үірмесінің өнерпаздары ХVІ республикалық «Tanm art» өнер байқауында бас жүлден жеңіп алған. Сондай-ақ, клубтың жас өнерпаздары АружанБолат пен Гүлназ Еділбаева XXVI облыстық «Бозторғай» конкурсына қатысып, дипломант атанған.

– Біздің алда да айқын жоспарымыз көп. Үйірме­лердің жұмысын жүйеге қойып, көптеген биікті бағындырдық. Мысалы, шәкірттеріміз Жақия Жәнібек пен Рамазан Жайсаң ХVI республикалық «Tanm ART» өнер аламанында біреуі бас жүлде алса, екіншісі І орынды қанжығасына байлады. Осы байқауда «Әсем әуен» дәстүрлі ән тобымыз да бас жүлдеге ие болды. Республикалық «Жарқын болашақ» ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен VII республикалық «Жарық жұлдыз» балалар өнер байқауында Рамазан ІІ орынды еншіледі. «Айғаным» шығармашылық орталығы ұйымдастырған І респуб­ликалық «Starmen» өнер байқауында Шынболат шәкір­тіміз І орынды жеңіп алды. Шәкірттеріміз Аружан Болат пен Гүлназ Еділбаева ХХVI облыстық «Бозторғай» конкурсының дипломанты атанды. Балалардың алдағы уақытта да осындай олжалармен қанжығаларын майлай түсетініне сенім мол. Олардың өнер-білімге ынта-ықыласы қуантады, – дейді ауылдық клубтың директоры Айнагүл Сансызбайқызы.

Талсуаттықтардың рухани тәлім алатын тағы бір орын – ауыл кітапханасы. Талсуат ауылдық кітапханасы 1969 жылы құрылған. Содан кейін жаппай кітапханалар қысқартылып, жабылып қалып, 2000 жылдары Қызылорда қаласының кітапханалар жүйесіне қарасты №15 кітапхана болып қайта құрылады. Сол жылдары кітапхана қоры өте аз болып, оқырмандар сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік болмайды. Алайда кітапхана қоры жылдан жылға көбейіп, кітап қоры 2017 жылы 9866 дана кітапқа жетіп, оқырмандар саны – 678-ге жеткен. Талсуат ауылдық кітапханасына №11-разьезден, «Строитель», «Дружба» саяжай тұрғындары, Талсуат елді мекені және гидрогеология жұмысшыларының көпшілігі келіп, кітаптарға қызығушылығын білдіріп, жаңа кітаптармен үнемі танысып, кітаптарды жаздырып алады. «Ақпараттар айдынында» тақырыбымен мерзімді басылым беттерінен материалдар үнемі насихатталып, таныстырылып, оқырмандар қызығушылығын арттыра түседі. Жалпы кітапхананың алға қойған мақсаты – ауыл тұрғындарын кітап оқуға баулу, жаңадан келіп түскен кітаптарды үнемі таныстырып, насихаттап отыру. Жастардың бойында өз еліне, өз жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру. Тарихымызға терең үңіліп, тағылым алуға баулу. Егеменді еліміздің толағай табыстармен үнемі танысып, ынтымақ пен татулықта бірлігіміз жарасқан ел екенімізді мақтаныш ету жастарды ұлтжандылыққа баулу. Өз жерін, өз елін қастерлей білуге үйрету. Қазіргі таңда тұрақты оқырмандары қалыптасқан «Адал адам» бағыты бойынша «Әлем book» атанған руханият ордасында 10 983 кітап қоры бар. Оның 7411-і – қазақ тілінде.

– Бізге тек бұл ғана емес, жаңа әдебиеттер қосылып тұрады. Өткен жылы 755 оқырман болса, биыл жыл ортасына жетпей, 407 оқырман болдық. Көркем әдебиет, өнер бағытындағы оқулықтарға сұраныс көп. Үлкен кісілер үйіне алып кетіп оқиды. Жастар жағы осында келеді. Жаңа әдебиеттер келгенде оқушылармен бірге талқылаймыз. Жаңа әдебиеттің ерекшелігі мен артықшы­лығы, тіпті кемшілігі де назарға алынады, – дейді қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №15 кітапхананың меңгерушісі Айнұр Байменова.

Тұрақты оқырманның бірі Гауһар Жүнісова бала күннен кітап оқуды дағды еткен. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдар» кітабын қанша оқыса да жалықпайды. Бір кітапты 3-4 күнде оқып бітіретін оның қоржынында оқылған кітаптар жетерлік.

– Кішкентайымыздан бойымызға сіңген қасиет. Оқыған кітабыңның әлеміне терең еніп кетеміз. Бала күнімізде оқулықтың астында қазақтың классиктерінің кітаптары тұрады. Ата-анамыз кеп қалса, сабақ оқып жатырмыз. Ал олар кеткен соң қайтадан астындағы кітап бетіне шығады. Оқыған адамның болмысы бөлек болады. Кітап оқысаңыз, көңіл көзіңіз ашылады, көпшілік ортада қысылмай, еркін сөйлей ала­сыз. Ойыңызды жинақтайтын ерекшелік береді. Алдағы уақытта да осы дағдымды жоғалтқым келмейді, – дейді Гауһар Жүнісова.

Ауылда бала тәрбиесі саласында 1 мемлекеттік, 2 жеке меншік балабақша жұмыс істейді. Жалпы ауылда балалар бақшасы ең алғаш 1975 жылы ашылған екен. Меңгерушілігіне Мажитова Бақыткүл Сопыбекқызы тағайындалған. «Ласточка» балабақшасы ол уақытта 50 орындық болған. Бірақ бұл балабақша 1994 жылы  жабылған. Алайда біршама уақыт өткен соң, яғни 2014 жылы «Заңғар»  балабақшасы болып қайтадан ашылған. «Заңғар» балабақшасына 2014 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен   64 миллион қаржы бөлініп, тендер жеңілпазы ТОО «УниверСтрой» мекемесі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 2014 жылдың 20-шы желтоқсанында облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың қатысуымен ашылған. Қазіргі таңда мектепке дейінгі 90 бүлдіршін балабақшамен қамтылып отыр. Бұл балабақшаның ашылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Сонымен қатар ауылдағы 80 пайыз педагог жас мамандар жұмыспен қамтылды. Бүгінгі таңда «Заңғар» балабақшасы жоғары санатты ұлағатты ұстаз Ахунова Күлсін Оралқызының басшылығымен жұмыс жасауды. Сонымен қатар балабақшада бүгінгі заман талабына сай жан-жақты білікті де білімді логопед, дефектолог, орыс тілі, ағылшын тілі, психолог, ұйымдастырушы сияқты жаңа заман талабына сай мамандар талабына сай мамандар жұмыс атқаруда. Балабақша 90 бала санымен қамтылған. Алақандай ауылдағы балабақша облыстың 200 бөбекжайының ішінен сан мәрте топ жарып, көпке танылып келеді. Елді мекен халқына 2014 жылдан бастап қызмет көрсетіп келе жатқан балабақша меңгерушісі Гүлнар Кенебаева балғынжай жетістігіне тоқталды.

– Біздің балабақша аймақта дүбірлі додалардан топ жарып, жетістік желкенін керіп жүр. Әрине, 200 бала­бақшаның ішінен суырылып шығып, жүлде алу оңай шаруа емес. Қалалық деңгейдегі «Бал-бала» өнер байқауында ІІ орынды еншіледік. Облыс деңгейінде «Әке – асқар тау» байқауында І орынның биігін бағындырдық. Облыстық балалар би байқауында «Биші ұжым» номинациясын жеңіп алдық. «Мен – зерттеушімін» қалалық білім аламанында да алдыңғы қатарда болдық. Керемет емес пе?! Алдағы уақытта алар асуы мен бағындырар белесі көп ұжымбыз, – дейді Гүлнар Әбдіжаппарқызы.

Қазіргі таңда Талсуатта бір емес екі бірдей жеке балабақша жұмыс істейді. Бұл – балалардың өз ойын ашық білдіріп, еркін айта алатын, көзқарасы мен танымы қалыптасып, білім алуға бар ынта-ықыласымен кірісетін тұлға етіп тәрбиелеуді әу бастан қолға алған іс-шаралардың бірі. Біз сапар барысында «Алан Орда» бөбекжай-бақшасына бардық. Заманауи бөбекжайдың ауласынан бастап тап-тұйнақтай тірліктің мысалы бола алатынын көрсетіп тұр. Ойын алаңы да, балалардың ойлау жүйесін дамытар түрлі-түсті безендірулер де көңілден шығады. Кіргеннен қарасаң көз тоярлық керемет балабақшаның құрылтайшысы Бағила Кустабаева – әлеуметтік нысандар салып, елге қызмет етіп жүрген кәсіпкер. Ұрпақ тәрбиесі жолында елге титімдей болса да үлес қосқым келеді деп алға қойған мақсатының жемісті жалғасын байқатқан. Бүгінде балабақшаны білікті де тәжірибелі педагог Зибагүл Манасыпова басқарады.

– Әрине, бір емес, бірнеше балабақша болса, сапа да артады, бәсеке де қалыптасады. Бала тәрбиесі жолында жан-тәніңмен беріле кіріспесең, бәрі бекер. Бала – ата-ананың сеніп тапсырған аманаты. Оған қиянат жасауға, жүрдім-бардым қарауға жол жоқ. Бізге баланы әкелгенде тіпті сөйлемейді. Міне, сөйлеуге үйретеміз, түзу жүргізу, тұрғызу – мұның бәрінің мектебінен өтеді. Ойын да, бойын да өсіреміз. Ата-аналармен тығыз байланыстамыз. Балабақшаның міндеті баланы таңнан кешке дейін ойнатумен шектелмеуі керек. Біз бала тәрбиелеу арқылы тұтас ұлттың алдындағы жауапкершілігімізді сезініп еңбек етсек қана, мына елдің келешек тұтқасын ұстайтын мықты тұлғалар шығады. Әрбіріміздің мойнымыздағы жүк осы. Мен саналы ғұмырымның 40 жылын бала тәрбиесіне арнадым. Бір уақыттарда еңбек демалысында өзімді басқа салада да сынап көрген едім. Мен балаларсыз өмір сүре алмайды екенмін. Олардың шулағаны, жадырап ойнағаны жанымды ерекше сезімге бөлейді. Мен осы сала үшін жаратылған жанмын, – дейді балабақша меңгерушісі ағынан жарылып.

Иә, адам мамандығын сүйіп, жан-тәніңмен еңбек етсең ғана жетістікке жететіні анық. Бала жанының бағбанына айналып, бүлдіршіндердің жүрегіне жол тапқан Зибагүл апайдың болмысынан көргеніміз осы.

Ауылдық округтегі үшінші балабақша - «Балнұр» балабақшасы 2009 жылы ашылған. Балабақша типтік жобада салынған, 15 орындық. Балабақшада оқу тәрбие жұмысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты бойынша жүргізіліп келеді.

Тірлігі толымды, бірлігі бекем шағын ғана ауылдан талай білімді түлектер түлеп

ұшқан. Мұнда ғылым, өнер саласында еңбегі сіңген елге белгілі азаматтар шыққан. Мұндай білімді ұрпақты тәрбиелеуде ауыл мектебінің, ұстаздарының еңбегі зор. Сыр бойындағы ертеден келе жаткан іргелі білім мекенінің бірі болып саналатын № 178 мектептің іргетасы 1929 жылы қаланған. Бұл кезеңде Талсуат ауылы «Колос» елді мекені Сырдария ауданы Комсомол совхозының бөлімшесі болған. Сол кездері ауыл халқының басым көпшілігі орыс ұлты болған. Аштық пен қысымшылық көріп, Ресейден ауа көшіп келген орыстар осылайша осында тұрақтап қалған. Сондықтан мектеп алғаш ашылған жылы орыс бастауыш мектебі болған. Ал бұл мектептің ашылуына себепкер болып, сол мектепті  басқарғанда Шкрупело Петр Павлович деген мұғалім екен. Мектепте орыс балаларымен қатар, ересек қазақ жастарын да  оқытып сауатын ашқан. Сондай-ақ, қазақ балаларын оқытқан Жармағамбетов Шайзада деген кісі болған.

1935-36 оқу жылында аталған орыс бастауыш мектебі негізінде 7 жылдық «Шайкөл» орыс-қазақ мектебі болып жұмыс істей бастайды. Мектептің меңгерушілігіне өз заманының алдыңғы қатарлы оқытушысы Есмамбетов Жармағамбет тағайындалады. Ал мектеп оқушыларына жаңалыққа жаны құмар, білгенін өзгеге үйретемін деп арман қуып жүрген сол кездегі көзі ашық азаматтар Ахметов Жалғасбай, Батталов, Тоқабаев Құмыр. Математикадан Ақдәулетов Кемеш, қазақ тілі мен әдебиетінен Палымбетова Әсия сынды ұстаздар сабақ береді. Осы кезде мектепте  жүздің үстінде оқушы болған. Жылдан жылға оқушылар саны көбейе түседі. Осы кездері мектептің мұғалімдер құрамы 3-4 орыс ұлтынан, 2 неміс, 2-татар, 1-кәріс ұлтынан құралады.

Ауылдағы білім ордасы  Ұлы Отан соғысы жылдарында да жұмысын тоқтатпаған. Соғыс басталғанда мұғалімдердің көпшілігі Отан қорғауға аттанады. Осы кездері мектепте 350 шамасында оқушысы болыпты. Соғыс басталғанда ер мұғалімдердің барлығы да Отан қорғауға аттанған. Тек денсаулығына байланысты Есмағанбетов, Батталов деген мұғалімдер қалады. Мұғалімдердің орнын қарт мұғалімдер мен жастар алмастырады. Сол жылдары Жүнісов Ерназар мектепте мұғалім болып қызмет жасаған. Соғыстың елге тигізген қиындығы мен салдарына қарамастан мектепте қалған ұстаздар жастарға білім беруде аянбай еңбек еткен. Олар сондай-ақ бір мезгіл колхоз шаруашылығына көмек берген. Мектептегі сыныптар біріктіріліп, сабақ өту сол кезеңде белең алады. Қосып оқыту қиындық келтіргенімен, ол қиындықты да жеңе біледі. Соғыстан кейін мектеп директоры болып Жөкенов Бабаш тағайындалады. Соғыстан аман оралған ұстаздар Елеукенов Асқар, Бапалақов Бұрқан, Қисықбаев Құлмағанбет, Қуанышбаев Жаппар қызметіне қайта оралып, соғыстан кейінгі ауыр жылдары мектеп жұмысының өрге басуына көп күш салады. 1946-1947 оқу жылында мектепте Нұрмағанбетов Сардарбек пен Мажитов Мұсылманбектер ұстаздық етті. Осы жылдары Қисықбасов Қ, Бапалақов Б, Қуанышбаев сияқты мұғалімдер ауылшаруашылық саласына енбек етуге кетті де, олардың орнына Демжанов Қасымхан, Аймақова Құлбике, Байзақова Ақбазар. Нарымбетова Гүлсім, Сүлейменова Беренкүл сияқты маман кадрлар келеді. Соғыстан кейін өзге ұлттардың елдеріне қайтуына байланысты мектептегі оқушылар саны да азая бастады.

1957 жылы колхоздарды біріктіруге байланысты «Колос» елді мекені  «Комсомол» мектебіне қосылып, 1957 жылдан бастап «Колос» елді мекенініндегі «Комсомол» бастауыш мектебі болып құрылады. 1954 жылы көктемде Сырдария өзені тасып, елді мекендерді су басқан тұста мектеп үйі де су астында қалады. Алайда осындай ауыр кедергіге қарамастан білім беру ісі тоқтамайды. Мектеп үйі уақытша № 11 аялдамадағы теміржол ғимаратына көшіріледі. 1957 жылы мұғалімдер күшінен кесектен мектеп үйі салынып, қайта іске қосылды. Осындай кедергілерге қарамастан 1979 жылы Алматыда «Бастауыш мектептердің оқу-тәрбие жұмысымен жаңа оқу жылына даярлығы жөнінде»  республикалық семинар өткізіліп, «Комсомол» бастауыш мектебі республика бойынша екінші орын алып, мектеп Қазақ ССР  оқу министрлігінің құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықпен марапатталады. Осы мектепте білім алып шыққан көптеген шәкірттерден кейіннен ғылыми жұмыспен шұғылданып ғылыми атақтар алғандары да бар. Олар Пак Владимир Денисович – медицина ғылымдарының докторы, қазір Ақтөбе мединститутында қызмет істейді. Филология ғылымдарының кандидаттары Жүнісов Нұрлыбек, Оспанов Сапар, Ерназаров Алтынбек, Жаңбыршиева Ұлжан, Дастанов Молдаш, ғылым докторы Ерназарова Зәуреш осы мектепте оқып білім алған. Бұл мектеп ұжымы үшін де талсуаттықтар үшін де үлкен мақтаныш. 1989 жылы халық өтінішімен «Комсомол» бастауыш мектебі негізінде мектеп №178 орталау мектеп болып,  араға 60 жыл салып мектеп қайтадан құрылып, жаңа тыныс алады. Бұл кезде білім ошағында 98 оқушы оқыған. Оларға 17 мұғалім білім нәрін берген. Ал мектеп директоры болып Ибрагимов Жаңабай тағайындалады. 1990-93 оқу жылдары мектеп қосалқы шаруашылықпен айналысқан. Екі гектар жер алып, оған қияр дақылын егіп, күтім жасап өнім алады. Мектепке бұл жылдары жоғары білімді іскер жас мамандар көптеп келеді. 1993-94 оқу жылында мектеп директоры болып Биятов Берікбек тағайындалады. Ол жаста болса ұжым сеніміне ие болып, мектептің оқу тәрбие ісінің өрге басуына көп еңбек сіңіреді. 1996 жылдың қаңтар айында «Геолог» елді мекеніндегі бұрынғы мектеп балалар бақшасы ғимаратына көшіріледі. Сөйтіп, мектеп ұжымының биік те еңселі екі қабатты мектеп үйіне қолы жетеді. Ауыл мектебі әр жылдардың қиын-қыстау кезеңінен, түрлі кедергілерінен сүрінбей өтіп білім беру ісінде өзіндік ізін, қолтаңбасын қалыптастырған. Мектеп тарихында еңбектері еленіп, Одақ көлемінде республикалық наградалар ие болған мұғалімдерде еңбек еткен Олар ардагер ұстаздар Мажитов Мұсылманбек, Нұрмағамбетов Сардарбек «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» белгісімен және СССР Оқу Министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Ал жас маман, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шаянбекова Айнұр ауыл мұғалімдері арасында өткізілген «Таңдаулы ауыл мұғалімі»  байқауында жүлделі орынға ие болып, «Қызғыш құс» атты сабақ жоспары «Махамбет шығырмашылығын оқыту» атты әдістемелік құралына енген. Жылдар өткен сайын № 178 орта мектебі білім көкжиегінде қанатын кеңге жайып келеді. Мұның дәлелі ретінде әр кезеңдегі оқушылардың жетістіктерін айтуға болады. Мәселен, мектеп мақтанышы болған Жұматаева Айгерім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиададан І орын алып, кейіннен жоғары оқу орнына конкурстан тыс қабылданған. Мұны мектеп ұжымы әлі күнге дейін мақтанышпен еске алады. 2000 жылдың мамыр айында «Шағын комплектілі мектептеріндегі оқу-тәрбие жұмыстарының жайы» республикалық семинар өткізіледі. Осы семинарда мектеп жұмысы жақсы бағаланып, №178 орталау мектептер арасында облыстық тірек мектебі деп белгіленеді. Ал, 2001 жылы облыстық семинар өткізілсе, 2001 жылдың қараша айында мектеп «Таңдаулы шағын мектеп - 2001» сайысына қатысып, І орынды жеңіп алады. Ауыл халқының өтінішіне сәйкес № 178 орталау мектебі 2001-2002 оқу жылында орта мектеп болып қайта құрылады. Сондықтан мектеп ұжымы алдыңғы буын ағалар салған киелі сара білім жолымен биік белестерге шығып, жетістіктерге жету жолында аянбай еңбек етті. Соның жемісі болар мұғалім еңбегінің бағалануы мен білімінің саралануы, Қазақстанның әр аймағынан 100 мектеп салу бастамалары қызу қолға алынып, осы жоба аясында талсуат ауылында жаңа мектеп бой көтереді. Мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 136,5 миллион теңге бөлініп, құрылысты тендер жеңімпазы «Нұрай» ЖШС мекемесі жүргізеді. Құрылыс 2006 жылдың қараша айынан басталып келер жылдың желтоқсан айында аяқталған. Осылайша білім ордасы 2007 жылы желтоқсан айының 25-нен бастап, жаңа үлгідегі типтік 150 орындық жаңа ғимаратқа көшіріледі. Қазір елді мекендегі №178 орта мектепті Динарида Шадибекова басқарады. Шәкірт тәрбиелеу жолында ізденімпаз ұстаздардың ерен еңбегін ерекше бағалайтынын айтқан мектеп басшысы ауыл деген қазақтың қарашаңырағындағы қара орман елдің тәрбие мәселесіне ерекше ден қоятынын, балалардың болашағын бәрінен биік қоятынын айтады.

– Мен мұнда аралас мектептен келдім. Иә, ауылдағы балалардың қазақы тәрбиесі мен ұяңдығы, тіл алғыштығы мен елгезектігі көрген жанға бір мезетте-ақ сезіледі. Ұстаздарымыз да әркезде ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, балалардың толыққанды тұлға болуына барынша атса­лысады. Қазіргі заман білектінің емес, білік­тінің, білімдінің дәуірі екенін ұғынған әрбір ұланның кеудесінде асқақ арман бар. Армандай білетін, алдына мақсат қоя алатын баладан жақсы азамат шығады. Мен мұндағы әрбір шәкірттің болашағынан үлкен үміт күтемін. Сенімге селкеу түсірмейтініне сенемін, – дейді мектеп директоры.

Ұстаздар қауымы да білім беруде шектелмей, тың ізденістен, еңбектенуден жалықпайтын жандар. Мәселен, осы елге «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасып, мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін көрген Алма Кенжебаева – мектептің география пәнінің мұғалімі. Бала оқытуда өзінің бөлек тәжірибесі бар ұстаздың ұстанымы да балалардың қабіле­тін оятуға негізделген. Қазіргі таңда олимпиада, ғылыми жобаларда жеңімпаз болып жүрген дарынды шәкірттердің басым көпшілігі – Алма апайдың дайындаған балалары.

– Бастапқыда барлығы балаларды таңдап-таңдап алады да, мен соңында қалып қойып жүрдім. Сол себепті маған басқаша бағыт керек болды. Балаларды үлгеріміне қарай емес, іс-әрекетіне қарай зерттедім. Жерге дән сепсеңіз де, барлығы бір уақытта шықпайды. Сондықтан мен енді бүр ашатын таланттарды

іздедім. Түйсігім алдамапты. Осылайша, мен балаларды олимпиада мен ғылыми жобаларға таңдауда жаңа бағыт таптым. Әрине, бала үшін сапалы білім мен саналы тәрбие бірінші орында тұруы керек. Біз осы нәрсеге ерекше мән береміз. Тіпті үлгерімі төмен балалардың өзін олимпиадалар мен білім аламандарына алып барғаннан кейін ынтасы мен ықыласы оянды. Қазір де көпшілігі биік белестерді еңсеріп үлгерді. Мен шәкірттеріммен мақтанамын. Біз балаларға мүмкіндік беріп, оның қабілетін шыңдауға бар күшімізді салмай тұрып, олардан жетістік күте алмаймыз. Міне, сондықтан олардың көкірек көзін ашып, кеуде сарайындағы арман-мақсаттармен танысамыз. Бағыт-бағдар береміз. Біз шәкірттің білім алуы жолында уақытымызды аямаймыз. Өйткені уақытпен санаспайтын тіршілікте балалардың ертеңі бәрінен маңызды. Біздің әрбір еңбек балалардың жетістігі арқылы көрінеді, – дейді талапшыл ұстаз.

Білім ошағында мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп жүрген жас мамандардың бірі – Арман Жексенбаев. Ол – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Жас маман Қызылорда қаласында туған, бірақ бағдарлама арқылы отбасымен ауылға келген. Жары Шапағат Сәбитбек­қызы – осы мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

– Ауыл халқы жылы қарсы алды. Мұндағы өміріме көңілім толады. Қалаға тиіп тұр. Ауылда да өмір бар екенін, мұндағы өмірдің жақсы, көңілді екенін әу бастан білемін. Еңбек етіп, өзімді көрсеткім келеді. Болашағым алда ғой, осы ауылға, елге қызмет етемін деп келдім. Шәкірттерім де алғыр, оларды тәрбиелеп жүрмін. Сынып жетекшілігім де бар, – дейді Арман Бөгенбайұлы.

Бүгінде №178 орта мектебі заман талабына сай, асхана, спорт залы, акт залы, кітапхана, химия, физика кабинеттері заман талабына сай жабдықталған. Жаңа ашылып отырған білім ордасында еліміздің гүлдене беруіне үлес қосар, ел болашағының білім алып, тәрбиеленуіне барлық жағдай жасалған.

Мектеп директоры Динарида Есіркепқызы мектеп ұстаздарымен мақтанатынын жеткізді. Білім беру ісінде ұстазды ізденімпаз білікті болуы, білімді ұрпақтың тәрбиеленуінің бірден-бір кепілі. Мектеп директоры білім ұясында балаларды алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық үшін барлық жағдай жасалғанын айтып өтті. Жоғары санатты білікті ұстаздар оларды үлкен сынға сақадай сай етіп дайындап жүр. Талабы таудай таланттарды тәрбиелеп, талпынысын осылай арттыруда.

Өркениетке қадам басқан Талсуат ауылының толымды тірлігі осындай. 

А.Әлім

Тағы да оқыңыз: