Kyzylorda-news.kz Бұл білім ордасының бала тәрбиесі мен білім беру жолындағы тарихы тоғыз жылды қамтиды. 2015 жылдың 1 қыркүйегінде Қызылорда қаласы әкімдігінің №4136 қаулысымен қалалық білім бөлімінің «№278 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып ашылған болатын.
Араға 4 жыл салып аталған білім ұясына қала әкімдігінің №13513 қаулысымен «Қызылорда қаласы білім бөлімінің №278 ақпараттық технология мектеп-лицей (ІТ-мектеп-лицей) коммуналдық мемлекеттік мекемесі атауы беріледі. Ал Қызылорда облысы әкімдігінің 2021 жылғы 28 маусымдағы №291 қаулысымен және Қызылорда облысының қаржы басқармасының 2021 жылғы 3 шілдедегі №859 қаулысымен «Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің Байзақ Момынбаев атындағы №278 ақпараттық технология мектеп-лицейі (ІТ-мектеп-лицей)» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертіледі.
Мектеп тарихы осылай өрбіді. Білім көкжиегіндегі іргесінің қаланғанына санаулы жылдар өтсе де Байзақ Момынбаев атындағы №278 ақпараттық технология мектеп-лицейі облыс орталығында өзге де білім ошақтарымен иық тіресе алатындай білімі мен тәрбиесі жақсы нәтиже көрсеткен мектептің бірі. Үш қабатты типтік жобада салынған мектеп ғимараты 900 орынға арналған.
Білім беру үрдісі бүгінде заман талабына сай күн сайын түрлі өзгерістер мен үдерістерге толы. Қатардан қалмай сенім артқан ата-ана мен білім аламын деген оқушының бойына сапалы білім мен тәрбиені ұштастыра отыра сіңіруің керек-ақ. Бұл ретте барлық білім ошақтарына қойылатын талап бір. Десе де артылған сенім жауапкершілікпен атқару бәріне ортақ дүние емес.
Бүгінде білім ордасы оқушыларды түрлі бағытта дамытып келеді. Әсіресе, мектеп атына сай ІТ саланы меңгергісі келетін шәкірттері үшін берер мүмкіндігі зор. Білім ұясынан нәр алған оқушылар түрлі олимпиадалар мен сайыстардың жеңімпазы атанып, ұстаз еңбегін ақтап келеді. Сондай-ақ түрлі ғылыми байқауларда да топ жарып мектеп абыройын асқақтатуда.
Ал білім ордасының ұжымы, ұстаздар қауымы білімді, саналы жас ұрпақты қалыптастыру жолында тынбай, аянбай еңбек етіп келеді. Шәкірттерінің заманға сай дамып, өсуі үшін білім беру бағдарламасындағы барлық талапқа сәйкес үйретуге, дағдыландыруға машықтанған.
Ұл ұстазы болған Ахмет Байтұрсынов үлгілі мектеп пен ұстаздың бойында болуы тиіс қасиетті айшықтап берген емес пе?.. Білімсіз күнің жарық болмайтыны бүгінгі таңда айқын көрінеді. Қазір ақпарат пен технологияның дамыған заманы. Сәт сайын әлемде небір өзгеріс, жаңашылдық орын алып жатады. Ал сол өркениеттен қалыс қалмау бүгінгі заманның басты талабына айналғандай. Әсіресе, ғылым мен білімнің дамуы кемел болашақтың кепілі екендігін уақыт өзі дәлелдеп келеді. Бұл ретте барша ұстаздар қауымы мен оқушыға артылатын жүк орасан зор. Ал Байзақ Момынбаев атындағы №278 ақпараттық технология мектеп-лицейі осындай үдерістен кеш қалмауға, көшпен бірге сап түзеуге бет алған, соның нәтижесінде аз уақыт ішінде өзіндік орнын қалыптастырған білім ошағы десек артық болмас.
Бүгінде аталған білім ұясында түрлі бағыттағы пилоттық жобалар жүзеге асып келеді. Мәселен, Қызылорда облысының Білім басқармасының 2021 жылғы 31 наурыздағы №24 бұйрығына сәйкес, «Кәсіпкерлік мектебі» пилоттық жобасы аясында оқу-өндірістік комбинаты ашылған. Мұнда оқушылар кәсіпкерлік саласы туралы ақпарат алып қана қоймай, оның бағыт-бағдарын бағамдауға мүмкіндік алады. Соынмен қатар 2021 жылы ҚР білім және ғылым министлігінің қосымша білім беру департаментінің директоры, вице министрі Райса Петровна Шер білім ордасына арнайы ат басын бұрып, мектептің хал-ахуалы, біліс саласындағы мүмкіндігін саралап кеткен болатын. Ал 2022 жылдың мамыр айында ҚР Білім және ғылым министрлігінің техникалық мамандықтар бөлімі бойынша вице-министр Ш.Каринова «Кәсіби білім беру» пилоттық жобасы бойынша алғашқы түлектерге куәлік тапсырады.
2021-2022 оқу жылы бойынша бітіруші түлектердің дәстүрлі «Соңғы қоңырау» жиынына Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы Нәлібаев қонақта болды. Нұрлыбек Мәшбекұлы мектеп түлектеріне жылы лебізін білдіріп, сәт-сапар тіледі. Бұл да өз кезегінде аталған бідлім ошағының айшықты орны барын айқындап берді.
Мектеп мәртебесін асқақтатуда ұстаздар берген білімді бойға сіңіріп, тәлімін көпке танытып жүрген оқушылар да жетерлік. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында Ө.Жолдасбеков атындағы ХІV Халықаралық математика және механика бойынша зерттеу жобалары конкурсында математика секциясы бойынша ұстазы Махамбетжанова Жанардың жетекшілігімен Мадияр Нұртуған ІІІ орын иегері атанса, республикалық «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларында 7 сынып оқушысы Ибрайм Ералы жеңімпаз атанып, жетекшісі Айменова Венераның мәртебесін биіктетті. Сонымен бірге жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6 сынып оқушыларына арналған олимпиаданың қазақ тілі пәні бойынша қазақ тілі пәнінің мұғалімі Утамбетова Оразкул жетекшілік жасаған Абдуалиева Салтанат республикалық кезеңнің жеңімпазы атанды.
Бала тәрбиесі ісінде тек сапалы білім мен өнегелі тәоім-тәрбиенің қазығын қаққан мектеп ұжымы осылайша талай бәйгеден топ жарып, аймақ, қала, мектеп абыройын асқақтатып келеді.
А.Сейіл
