Kyzylorda-news.kz. Бүгін қаладағы барлық білім ұяларында күміс қоңыраудың сыңғыры естіліп, жұртшылық түлектерге сәт сапар тіледі. Он бірінші сыныпты бітірушілер жаңа өмірге жолдама алып жатса, мектеп табалдырығын өткен жылы алғаш аттаған бүлдіршіндер бір сатыға көтеріліп, ата-ананың, ұстаздар қауымының көз қуанышына айналды.
Соңғы қоңырау рәсімі қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейде «Сәт сапар саған, Жас түлек!» тақырыбында өтті.
Салтанатты жиынға қалалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Орынша Міржақыпқызы қатысып, 1 маусым балаларды қорғау күнімен құттықтап және жаңа өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейді 61 жас түлек алтын ұядан үлкен өмір аспанына қанат қаққалы отыр. Оның ішінде «Алтын белгіге үміткер» 4 оқушы, «Үздік аттестатқа» 2 оқушы үміткер қатарында.
Салтанатты шарада Орынша Міржақыпқызы 2022 жылғы мемлекеттік аттестаттаудың қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткені үшін Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейге білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасының дипломын табыстады.
Алтын ұяларынан қимастықпен қоштасқалы отырған оқушылар әсерлі ән, көңілді күй, ерекше билерімен шара көркін қыздырды.
Бүгінде қала бойынша жеке мектепті қосқанда 2827 түлек мектепті аяқтады. Оның ішінде 146 оқушы «Алтын белгіге», 302 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Ақ тілектер мен ізгі ниет ақтарылған кеш соңында күміс қоңырау үні сыңғырлады.