Kyzylorda-news.kz. Бір жылда 19 балабақша (2 мемлекеттік, 17 жеке), 6 мектеп (3 мемлекеттік, 3 жеке), Жалағаш ауданында Оқушылар үйі және Өнер мектебі пайдалануға берілген.

Дарынды балаларды қолдау мақсатында Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданынан 150 орындық 2 мектеп-интернаты ашылды.
Ал, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда 15100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізілетін болады. Сондай-ақ, биыл 10 мектептің құрылысы басталады.

Үкімет басшысының өткен жыл соңындағы өңірге жұмыс сапарында Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатын салу ұсынылған. Енді оның құрылысы «Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен қаржыландырылатын мектептер тізіміне енгізілген. Бұл, әлбетте, ел тұтқасын ұстайтын ұрпақ үшін үлкен қамқорлық, әрі шынайы қолдау.

Білуімізше, осы тізімге облыс бойынша тағы 1775 орынға арналған 4 мектеп құрылысын аяқтау енгізілген. Олар – №101 Ә.Мүсілімов және №2 «Абай» атындағы білім беру ұйымдарына қосымша құрылыстар, Жезқазған трассасы бойында 600 орындық жаңа мектеп және Шиелі ауданы Байсын ауылындағы 250 орындық мектеп.

Әлихан Смайыловтың алдында көтерілген тағы бір мәселе – қаланың сол жағалауында «Көпсалалы денешынықтыру сауықтыру кешені» құрылысын жүргізу. Жергілікті бюджет есебінен жоба-сметалық құжаттамасы әзірленген. Бұл жобаның құны – 6,9 млрд теңге. Қазіргі таңда жоба Қаржы министрлігіне ұсынылып, құрылысын биыл бастау көзделіп отыр.

 

 

Тағы да оқыңыз: