Kyzylorda-news.kz Мұражай – көне жәдігерлерді қойнына бүккен, бүгінгі ұрпаққа баба тарихынан сыр шертетін құндылыққа толы орын. Қызылорда қаласындағы к.қаракөзов атындағы №235 орта мектепте ұлт құндылықтарын сақтаған мұражай жұмыс істейді. Ал ондағы жәдігерлердің жинақталуы мен мұражайдың ашылуына мектептің ардагер ұстазы Күләш Алматшаева мұрындық болған.

 Қармақшы ауданында дүниеге келген Күләш Алматшаева жоғары білімді  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығы бойынша алады. Ол 1972 жылы 16 қарашада №235 мектеп ашылған кезде қызмет жасаған алғашқы ұстаздардың бірі. Ол осы  мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Күләш Алматшаева тек пән мұғалімі ғана емес қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып кәсіподақ, мектептегі партия ұйымының басшысы, қалалық комитет бюросының мүшесі, мектеп директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. Осындай біліктілігі мен қарым-қабілетінің арқасында 1982 жылы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мира Басарова екеуі бірігіп, ата-бабамыздан қалған көненің көзіндей болған тарихи заттарды жинастырып, ізденген қажыр-қайраттың арқасында мектеп мұражайының негізін қалайды. Сылайша, мұражай құрылымы жыл сайын толықтырылып, жаңартылып отырады.

  Олар тек мұражай ашып қана қоймай бұл бағытта түрлі конкурстарға да қатысады. Мәселен, 1989 жылы Алматыда өткен республикалық «Мектеп мұражайлары және сыныптан тыс жұмыстар туралы» байқауға қатысып, 19 облыстың ішінен бірінші орын иеленеді. 2018 жылы «Нұр Отан» партиясының Алғыс хаты, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының Алғыс хатымен, «Мерейлі үміт» қоғамдық қорының Алғыс хатымен, «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығының Құрмет грамотасымен марапатталған. 2021 жылы облыстық кәсіподақ комитетінің құттықтау хатымен, облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен, ҚР облыстық «Чернобыль» ардагерлер қоғамдық бірлестігінің Алғыс хатымен марапатталады. Ал 2022 жылы  «Жағыландағы мұражай» жұмысы «Қосымша білім беру-балаларды тәрбиелеу, оқыту және дамыту әлеуеті» тақырыбында білім көшбасшыларының республикалық форумында үздік деп танылып, «Балалық шақ досы» және «Атамекен» төсбелгілерімен марапатталған. Сонымен қатар 2023 жылы ҚР Ғылым және білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталады.

Бұдан бөлек, Күләш Алматшаева «Ыбырай Алтынсарин» атындағы, «Батыр шапағаты»  Бауыржан Момышұлы атындағы, «Астана 20 жылдық мерейтойы», «Қызылорда - 200 жыл», «Қорқыт Ата университеті» үздік түлегі, «К.Қаракөзов атындағы №235 орта мектебіне - 50 жыл» төсбелгілерінің иегері.

     Қазіргі таңда зейнеткер ұстаз, К.Қаракөзов атындағы №235 мектеп-гимназиясында орналасқан Рахат Қалыұлы Құлтанов атындағы «Атамекен» мұражайының және мектептегі «Кимешек» әжелер мектебінің жетекшісі қызметін атқарып келеді.

Тағы да оқыңыз: