Kyzylorda-news.kz. Ұлттық болмысты дәріптеу, өнер асылын ардақтау – бірлікке бастайтын басты құндылық. Әсіресе ұлтаралық ынтымақ пен келешек кепіліне айналған мәдени байланыс арқылы халықтар қатынасын нығайту кезек күттірмейтін қадамға айналуда. Сыртқы күштің ықпалын тежеу, ішкі алауыздықты тыюда да аталған істің берері мол. Бұл бағытта Орталық Азияның өзара мәдени қарым-қатынасын баса айту жөн секілді. Жыл сайын көптеген халықаралық байқау ұйымдастырып, халықтар достығын дәріптейтін өнер фестивалін өткізу бәсеңдеген емес. Сыр жастары да түрлі додаларда топ жарып, ұлттық өнерді дәріптеуге көшкен. Сондай дарынды жастардың бір шоғыры М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде шоғырланған.

Колледж студенттері шетелдегі жарыстардан қапы қалмай, үнемі бақ сынап жүреді. Мәселен, жуырда түркі әлеміне танымал «Бала чак» конкурс-фестиваліне қатысып, бірнеше студент жүлдеге кенелді. Байқау қатысушылары қобыз, домбыра, баян музыкалық аспаптары мен вокалдық шеберлік, би бағыты бойынша сынға түсіп, өзара мықтыны анықтайтын. Үздік деп танылған жас қатысушылар тек өз елінде емес, Орталық Азия көлемінде шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алғаны бар. Сол жылы қызылордалық өнерпаз Дінмұхаммед Әуелхан күй домбыра аталымы бойынша I орынды еншілеп, Сыр елінің абыройын асқақтатқаны есімізде.

Байрақты бәсеке биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы дәстүрлі форматта ұйымдастырылып, таланттарға жүзбе-жүз пікір алмасуға жол ашылды. Халықаралық дәрежедегі байқауда Сыр елінің намысын қорғау үшін қос үміткер – Марлен Смағұлұлы, Ерсұлтан Қайболла аттанды. Өнер додасында үмітті ақтаған оғландар олжалы оралып, домбыра аталымы бойынша бас бәйге мен II орынды еншіледі.

– Өнерсүйер кауым мен күй тыңдаушысы барда өнердің аласармасы анық. «Бала чак-2022» байқауы кәсіби шеберлікті арттыруға көп көмегін тигізіп, таным көкжиегімді кеңейтті десем артық емес. Себебі жан-жақтан жиылған жас өнерпаздардың жеңіске ұмтылысы мен білімін жетілдіруге деген құлшынысы ерекше шабыт сыйлады. Оған қоса қазақтың күйшілік дәстүрін, дәулескер күйшілер мұрасын әлемге танытудың өзі – үлкен бақыт, – дейді Ерсұлтан Қайболла.

Расында, жас күйшілердің алға қойған арман-тілегі асқақ, қадамы нық. Бауырлас қырғыз еліне барғанда да еңсесін тік ұстап, ұлық өнердің лайықты ізбасары екенін дәлелдей білді. Марлен Смағұлұлы «Науаи», «Қатпартас» күйін нақышына келтіре орындаса, Ерсұлтан Қайболла «Шаттанамын, “Қара жорға” күйін орындауда шеберлік көрсетті. Осылайша 2 кезеңнен тұрған жарыста алдына қара салмай, сырбойылық дарындар оза шапқан еді.

Бас бәйгені иеленген Марлен Смағұлұлы – бұған дейін күй сайысымен қатар ән байқауында да олжалы оралып жүрген талант. Бала кезінен музыкаға үйір жас домбыра аспабы бойынша алғаш сынға түсіп, бағы жанды. Өнердің жаттығы жоғын аңғарған дарын өзге де халықаралық жарыстарға қатысып, ұлттық аспапты дәріптеуге ниетті. Бұл бағытта жүйелі жоспар құрып, кезекті биікті бағындыруды көздеуде.

– «Бала чак-2022» жаңа мүмкіндік есігін ашты. Бұған дейін түрлі деңгейдегі вокалдық жарыстарда қарым-қабілетімді көрсетуге шамам жетсе, енді күй жанрында сынға түсуге мүмкіндік алдым. Аталған конкурс домбыра аталымы бойынша қатысқан алғашқы өнер додасы болғандықтан қобалжу болғаны шындық. «Үмітті ақтай аламын ба?» деген сұрақ мазалап, дайындықты күшейтуге тырыстым. Орындаған шығармам көркемдік көрсеткіш, техникалық ерекшелік тұрғысынан салмақты екені мәлім. Сондықтан байқауға қатысу мойынға түскен жүкті еселеді. Дегенмен қазақ халқының ұлттық құндылығын жеткізуге деген ұмтылыс нәтиже беріп, лайықты өнер көрсете білдік, – дейді жас талант Марлен Смағұлұлы.

Сырбойылық дарындардың ұлттық мұраға деген адалдығына тәнті болғанымыз жасырын емес. Әйтсе де мұндай табанды талпыныс пен мақсаттың іргетасы ұстаз тағылымында жатыр. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде білім алатын жас күйшілер өнерге баулыған ұстазына алғысын білдіруден жалыққан емес. Қос дарынның жетекшісі Нұрбек Жүзбенбетов жас өреннің бойындағы қабілетті дөп басып, бабын келтіре додаға қосуда кәсібилік таныта білген. Байқауда орындайтын шығарманы талдау, шәкірт санасына тарихын сіңіру ісін негізгі ұстын еткен ұстаздың өз жетістігі де аз емес. Көптеген халықаралық, республикалық байқауда топ жарып, орындаушылық қырын мойындата білді.

– Қадыр ақынның «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» пайымы аспаптың мән-маңызын жеткізе білді деп ойлаймын. Себебі сан тарау қазақ күйлері елдің өткені, қиындығы, береке-бірлігі, мәртебесін бойына тоғыстыра білді. Ұлттың жадына, сана-сезіміне айналып, өнер мен халықтың бір ұғымға айналуына әкелді. Домбыраның қасиетін таныған дауылпаз күйшілер халықтың басынан өткен тарихты сөзсіз жеткізу шеберлігін игерді. Бұл – екінің біріне беріле бермейтін құндылық. Осындай құндылықты еркіндік, азаттық күресінде, жаңа заманды қалыптастыру жолында ту етіп, ұлтты ұйыстыра алды.

Шәкірт даярлау барысында да осы ұстанымды назарға алуға тырысамын. Музыка – тек өнер емес, халықтың болмысы, өткеннің сарқыншағы. Егер шәкірт алдымен домбыраның қазақ өміріндегі алар орнын, мазмұнын бағамдай алса, шеберлікке жету жолы жеңілдей түседі. Күйлердің мінез-құлқы, қағыс ерекшелігі де мазмұнда жатыр. Сондықтан болар қазақ қуанса немесе қапаланса, домбыраға қол созған, күймен жұбанған, – дейді жетекші.

Тағы да оқыңыз: