Kyzylorda-news.kz. Мектеп оқушыларының жоғарғы сыныпқа келген кезінде тағы бір мазалайтын мәселе – болашақ мамандықты таңдау. Осы тұста ересек адамдардың ұсыныс-пікірі маңызды. Сонымен қатар оқушының түрлі сала өкілдерімен тілдесуі де болашақ мамандығын таңдауға септігін тигізері сөзсіз. Қызылорда қаласындағы Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейі бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді.
Бүгінде аталған білім ордасында арнайы «Педагогикалық бейінді сынып» құрылған. Мұндай сынып ашудағы басты мақсат – білім алушыларды педагогикалық мамандықтарға тарту. Яғни, бұл сыныпта оқитын оқушыларды біліммен, іскерлікпен және педагогке тиісті дағдыларды дамытумен жүзеге асырылады. Олардың болашақ педагогтік тұлғасының қалыптасуы мен дамуы жолында кәсіби әдістемелік қолдау көрсету мақсатында қолға алынған «Педагогикалық бейінді сынып» жобасы өз жұмысын қарқынды жүргізе отырып, оқушылар үшін маңызы бар шараларды ұйымдастыруды қолға алды.
Арнайы сыныпта білім алатын жоғары сынып оқушылары гуманитарлық пәндерді тереңірек зерттейді. Зерттеулер жүргізе отыра әлеуметтік, педагогикалық, әлеуметтік-мәдени бағыттағы жобаларды қорғайды. Сондай-ақ оқушылар серіктес жоғары оқу орындарының жетекші мамандарының шеберлік сабақтарына, дәрістеріне, семинарларына қатысады.
Осы орайда Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінде жобаның алғашқы жұмысы басталып, Қазақстан Республикасының профессор-докторлары, Қорқыт Ата университеті ғалымдарының қатысуымен «OPENCONF» өткізілді.
Конференцияға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің игері Жұмаділ Байділдаұлы Шілдебаев, Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының директоры, Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті Шеститко Ирина Владимировна қатысты. Одан бөлек оқушыларға педагогика саласының қыр-сырымен бөлісу үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің педагог мамандары арнайы келді.
«Педагогикалық сынып» жобасы аясында зерттеу жүргізіп, конференцияларға жиі қатысқан оқушылар ел келешегі үшін айрықша маңызға ие болған мұғалімдік мамандықты жүрек қалауымен таңдап, қыр-сырын түсінетініне сенеміз. Сондай-ақ адалдық этикасын ұстанатын, жеке тұлғалық құзіреттілігін дамытатын, уақытты тиімді қолданып, қайырымды іс жасай алатын, ел білімі мен ғылымының дамуына зор үлес қосатын кемел тұлға боларына үміт артамыз», – дейді мектеп ұжымы.
