Kyzylorda-news.kz. Мектептің білім сапасын арттыруда педагогтің жауапкершілігі зор. Бүгінгі заман талабы педагогтерден кәсіби білімді, білік пен дағдыны, мақсат қоюшылықты игеруге деген қызығушылық және білім беру қызметінде ынталылық, педагогикалық және әлеуметтік педагогика, психологияның негіздерін қолдана білу қабілетін талап етеді. Міне, осы бір кәсіби біліктіліктерін ұштастыра білген Нәлқожа Ергешбаев атындағы №172 орта мектебі алдыңғы қатардан көрінуде.
Қазіргі таңда №172 орта мектепте білім сапасын арттыру, болашақта білімді азамат қалыптастыруда, мұғалімнің кәсіптік шеберлігін , құзырлығын арттыруда мектеп жұмысының, әдістемелік жұмыстың ұжымдық, топтық, жеке, белсенді түрлері мен әдістері кеңінен қолданылуда. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесі ІІІ тоқсан қорытындысында айқын көрініс тапты. Мекептің білім сапасы 60 пайызға жоғарылап, ІІ тоқсанға қарағанда 3,4 пайызға өскен. Міне, осы және ІІІ тоқсанның қорытындысы бойынша оқушылардың білімі мен шығармашылық жетістіктерін марапаттау мақсатында мектепте 5-6 сыныптар арасында арнайы жиын өтті. Жиынға мектеп әкімшілігі, пән мұғалімдері мен сынып жетекшілері қатысты.
Салтанатты жиынды мектеп директоры Мария Байділдаева оқушыларды ІV тоқсанның басталуымен құттықтап, ІІІ тоқсандағы жеткен жетістіктерімен құттықтады. Мектеп директоры ІІІ тоқсанның қорытындысы бойынша жоғары сапа нәтижесін көрсеткен 5-6 сыныптарды жетекшілерімен бірге ауыспалы медальдар және жүлделі орындармен марапаттады. Жоғары сыныптарға қарағанда басты ерекшелік, бірінші орынды иеленген сыныпқа «Бәйтерек» мүсіні қоса берілді. Алдағы уақытта бұл мүсін ауыспалы медальдің ең жоғары нәтижесімен бірге ең білімді сыныпқа ауысып отырады. Бұл мүсіннің маңызы мен ерекшелігін мектеп директоры түсіндіріп өтті.
Мектептегі 5 «Ә» сынып оқушылары білімін жүйелі тексеру және «Lesson study» зерттеу сабақтарын ұйымдастыру арқылы білім сапасын арттыруда үлкен жетістіктерге жетті. Бұл сынып шәкірттері ІІІ тоқсанда білім сапасын 13 пайызға арттырып, екінші орынды иеленді.
Мұндай жұмыстар оқушыны жауапкершілікке, білім алуда белсенділік танытуға баулып, оқушы білімінің тиянақтылығын, тереңдігін арттыра отырып, үлкен жетістіктерге жеткізетіні анық.