Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы № 124 мектепте қызмет барысында қаза тапқан полиция капитаны Әбішев Кеңесбек атындағы кадет сыныбының ашылу салтанаты өтті. Шараға Қызылорда облысы Полиция департаментінің Тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары полиция майоры Асқар Балқожаев және Жалағаш ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Лекеров Талғат, Жалағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Садықов Талғат, мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.

Іс-шара барысында қызмет атқара жүріп, жұлдызы ерте сөнген Әбішев Кеңесбектің өмір жолы туралы деректер айтылып, жиналған көпшілікке оның ерлігі дәріптелді.

Әбішев Кеңесбек Махметханұлы 1958 жылдың 20 наурызында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Ақарық ауылында дүниеге келген.
1964 жылы қазіргі Есет батыр ауылындағы №124 орта мектепке қабылданып, 1974 жылы бітіреді. 1975 - 1977 жылдар аралығында әскер қатарына қабылданып, Мәскеу қаласында екі жыл әскери борышын абыроймен өтеп келген. 1978 жылы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түседі. Оқи жүріп Жарылқағанова Кенжемен бас қосады. Жанұялы болған соң оқуын Қызылорда қаласындағы Гидромелиоративный институтына ауыстырып, сол жерден оқуын аяқтайды. Алғаш еңбек жолын туған өлкеде түрлі қызметтер атқарудан бастайды.

1990 жылы Шымкент қаласындағы № 9 полиция қызметкерлерінің курсынан өтіп, 1991 жылдан бастап 1997 жылға дейін туған жерге қызмет қылу мақсатында ауылда учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс атқарады. 1997 жылы АІІ бөліміне лауазымды қызметке ұсынылып, майор шеніне бұйрық тағайындалған шағында 23 қыркүйек күні қызметтік міндетін атқару барысында қаза болды. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында «Тәртіпке бағынған құл болмас» дегенді ұстана жүріп қызметінде адал ерлікпен есте қалса, өз отбасында асқар тау әкенің ізгі жолын жалғаған ұрпақтары әке-шешенің үкілі үмітін ақтаған ұрпаққа айналды.

Жары Қызылорда қаласында Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдаған. 1982-2021 жылдар аралығында үздіксіз еңбек етіп, ел ықыласына бөленген ардагер ұстаз атанды.

Әкеден жас қалса да ананың шексіз мейірімі мен қажырлы еңбегінің арқасында 5 баласы білікті маман иесі болып, үлгілі шаңырақ құрып өркендеп отыр.

Бүгінгі ерекше шара өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, оларды отансүйгіштікке баулу мақсатында ұйымдастырылды.
Жалпы кадет сыныбын құрудың мақсаты - табиғи және техногендік сипаттағы түрлі төтенше жағдайлар кезінде жедел дұрыс шешім қабылдау білімі мен дағдыларын дамыту, өрт қауіпсіздігі саласындағы алдын алу, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету бөлігінде жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеу болып табылады.

«Қызмет барысында қаза тапқан Әбішев Кеңесбек туралы естеліктер біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Ол құқық қорғау саласын таңдаған жас мамандар үшін адалдық пен абыройдың үлгісі болып қалады. Ерлік пен батылдық, ержүректік - тәртіп сақшыларының бойынан табылатын қасиеттер. Бұл ретте Әбішев Кеңесбек полицияның даңқты дәстүрлерін жалғастырды, қызметтік борышына адалдық танытты» деді полиция майоры Асқар Балқожаев.

Сонан соң кадет сыныбының мүшелері салтанатты түрде ант берді. «Жас құтқарушы» кадет сыныбына кірген оқушылар өз Отанының ержүрек, әрі батыл қорғаушысы болуға дайындалумен қатар, әрдайым ізденуге, оқуда озат, елінің патриоты ретінде қатарластарына үлгі болуға ант берді.

Тағы да оқыңыз: