Kyzylorda-news.kz. Бүгінде жарты ғасырдан астам уақытты артқа тастаған білім ұясы алғаш іргесі қаланып, ашылған тұста 200 балаға тәлім берген еді. Ал қазір Ә.Молдағұлова атындағы №173 орта мектебінде 1570 оқушы білім алуда.
Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ошағы осы уақыт ішінде талай шәкіртті қанат қақтырып, үлкен өмірге қадам бастырды. Талай шәкіртті тұлға етіп қалыптастырды. Өзіндік мол тарихы бар оқу ордасына еліміз тәуелсіздік алған жылы халқымыздың батыр қызы Әлия Молдағұлованың есімі берілген екен. Содан бері білім бәсекесінде білікті ұстаздар мен білімді шәкірттерді тоғыстырып келеді.
Іргесі қаланғанына 60 жыл болған бұл мектепке әр жылдары білікті ұстаздар басшылық етті. Олар тек шәкірті тәрбиелеп, білім беруді емес білім ордасының материалдық-техникалық базасын нығайтып, оқушыларға қолайлы жағдай жасау мүмкіндігін де қарастырды. Осылайша бұл оқу ордасы 1985 жылы осы күнгі көпқабатты ғимаратқа көшірілген.
Бүгінде Ә.Молдағұлова атындағы №173 орта мектеп ұжымы ғасыр көшіне ілесіп, білім саласындағы жаңа жүйеге сай қызмет етуді мақсат еткен. Мұндағы 1500-ден аса оқушы білім нәрімен сусындайды. Олар заманауи үлгідегі технологияны пайдаланып, ғылыми ізденістер жасайды. Зерттеулер жүргізеді. Соған сәйкес физика, химия, еңбек технологиясы, мультимедиалық кабинеттер қажетті құрылғымен жабдықталған.
Сапалы білім беру, саналы ұрпақ тәрбиелеуде 161 педагог аянбай еңбек етіп келеді. Олардың қатарында түрлі деңгейде әдістемелік құралдардың, оқулық, авторлық бағдарламалардың иелері бар. Қалалық, облыстық деңгейдегі үздік пән мұғалімдері де осы ұжымнан табылады. Осы орайда басшылық тарапынан көрсетілетін қолдаудың маңызды екенін атап өткен жөн. Білім саласында 30 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Гүлмира Қоңырбаева ұжымды төрт жылдан бері басқарып келеді. Бұған дейін Абылай хан атындағы №140 мектепке басшылық жасап, баланың сапалы білім, өнегелі тәрбие алуына еңбек сіңірген оның іскерлігін көпшілік жақсы біледі. Білім мен біліктілігінің арқасында «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған, «Білім беру саласындағы 100 жаңа есім» жобасына енген, бұдан өзге де лайықты марапат иегері атанған.
– Ұжымды басқарғаныма 4 жыл болыпты. Мектеп ұжымының ауызбіршілігі мол, өзі ісін сүйетін мамандар. Алпыс жылдық тарихы бар білім ордасы ғой. Басшылыққа алғаш келгенде мектепке жөндеу жұмысы қажет екендігін ұқтым. Келе сала қолға алған ісім де сол болды. Солай 2020 жылы білім ошағына мемлекеттік бағдарлама аясында күрделі жөндеу жүргіздік. Айналасын қоршадық. Көркейту-көгалдандыру жұмыстарын қолға алдық. Дегенмен аяқсудың тапшылығы салдарынан бұл жұмыстар әлі де жандандыруды қажет етеді, – дейді мектеп басшысы.
Бәсекеге қабілетті елдер көшіне ілесу үшін ең бастысы – сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Оның кепілі сапалы білімде. Бұл ретте ұстаздарға қойылар талап күшейген. Соның үдесінен шығуда оларға талмай ізденіс керек. Шәкірттерінің қызығушылығын арттыру, алға жетелеу, танымын кеңейту, онымен етене жұмыс жасау қай кезде де мұғалімнің негізгі міндеті саналады. Үздік атанған әрбір оқушының жетістігінде оның маңдай тері, жылдар бойы еткен еңбегі бар. Сол еңбектің еш кетпегені ол үшін бәрінен қымбат. Осы орайда, мектеп ұжымын абырой биігінен көрсетіп жүрген шәкірттер баршылық. Олар тек қалалық, облыстық емес, республикалық, халықаралық деңгейдегі білім додаларының жеңімпаздары.
– Білім сапасына баса көңіл бөлу – басты міндет. Мұны ұстаздар қауымына үнемі айтып отырамын. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруда түрлі байқауларға қатысып, «Үздік жас маман», «Үздік математика пәні мұғалімі» аталымының иегерлері де біздің ұжымда. Бұдан бөлек оқулық, әдістемелік құралдар авторлары да бар. Оқушыларымыздың жетістігі де қуантарлықтай. Республикалық «Алтын тобылғы» зияткерлік олимпиадасында әр сынып бойынша қатысқан шәкірттеріміз оза шауып, жүлделі орындарға ие болды. Сонымен бірге оқушылар «Ақбота», «SAPSAN» сынды республикалық олимпиадасының облыстық деңгейдегі жеңімпазы атанды. Ғылыми жоба, түрлі байқаулар мен жыр мүшәйраларына қатысқан шәкірттеріміз үнемі өздерінің білімді, өнерлі екендігін жүлделерімен дәлелдеуде. Сондай-ақ «Дебат» жобасы бойынша оқушыларымыз аймақта үздіктер қатарында. Спорттық жарыстарда да жетістігіміз мол. Мектебімізде болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы оқушыларымыз жетерлік, – дейді ұстаздар мен оқушылардың жетістігімен бөліскен Гүлмира Рәсілқызы.
Оқушының білім деңгейін арттыруда оқытудың жаңа технологиялық әдістерін қолдану өз кезегінде нәтижесін беріп келеді. Мұны мектеп түлектерінің жеткен жетістіктерінен байқауға болады. Білікті басшы білім ордасын барынша заман талабына сай жабдықтап, мұғалім сабақ беруіне, оқушының білім алуына қолайлы жағдай жасауды мақсат еткен. «Алда атқарылатын жұмыс көп, соған сәйкес жоспар да бар деген» мектеп директоры Гүлмира Қоңырбаева кемшін тұтсарды да жасырмады.
– Мектеп ауласы өте кең. Соны тиімді пайдалансақ деймін. Жоғары сынып оқушылары мен бастауыштағы балаларға арналған спорттық алаң салсақ деген жоспар бар. Қаржы мәселесі қолдау тапса, жуық арада жүзеге асады деп ойлаймын. Сонымен қатар «Жасыл мектеп» жобасын іске асыру мақсатында жылыжай салуды көздеп отырмыз. Мұны іске асырудың өзіндік талаптары бар. Сол мәселелр шешім тапса, тағы бір мақсатымыз орындалады, – дейді ол.
Былтыр білім ордасының ашылғанына 60, ал Ә.Молдағұлова есімі берілгеніне 30 жыл толған. Бұл мерейлі күнді мектеп ұжымы өз деңгейінде атап өтті. Осы мақсатта мектеп қабырғасынан қазақтың қаһарман қызы Ә.Молдағұлованың мұражайын ашқан. Сондай-ақ батыр қыздың Ақтөбе қаласындағы мемориалдық орталық мұражайымен екіжақты меморандумға отырып, мектеп мұражайын құнды мұралармен толықтыруда.
Білім мен өнерді, спортты қатар алып жүрген өрендердің қоғамда өз орнын қалыптастырары анық. Бұл ретте оқу ордасында спорт және өнер бағытында 17 үйірме мен секция жұмыс істейді. Бүгінде оған қатысушы оқушылар волейбол, футбол сынды спорттық жарыстарда қалалық турнир жеңімпаздары. Сонымен бірге домбыра, жас ақындар үйірмесінің өнерпаздары да үздіктер қатарынан көрініп келеді.
Бала тәрбиесінде тек білім беріп қана қоймай, оны рухани азықтандырып, танымын кеңейтуді де көздеген ұжымның білім бәсекесіндегі бәсі жоғары.