Kyzylorda-news.kz. Қызылорда ашық университеті шетелдік ЖОО-мен ынтымақтастық аясын кеңейтіп, халықаралық білім кеңістігіне адымдап келеді.
Университет Беларуссия Республикасы “Евфросиния Полоцкая” атындағы Полоцкий мемлекеттік университетімен, Болгария мемлекетінің Тракия университетімен екіжақты меморандумға қол қойған. Аталған құжат университеттер арасындағы өзара байланыстарды нығайтуға, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлық бағдарламалары, университет қызметкерлерінің тәжірибе алмасу тағылымдамалары және бірлескен білім беру бағдарламаларын даярлау жұмыстарын жүйелеп, кадрларды даярлауға, педагогтардың, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындауға сеп болады.
Қызылорда ашық университетінің бұған дейін шетелдік университеттермен жасаған ынтымақтастық туралы келісімдері қазірдің өзінде өз жемісін беріп, университетке сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы негізінде 4-15 желтоқсан күндері Польша Республикасының Экономика университетінен PhD, профессор Александр Скалий дәріс оқуға келді. Ол педагогикалық ғылымдар саласы бойынша студенттерге «Педагогика», «Тәрбие теориясы мен әдістемесі» бойынша дәріс оқыды. Сонымен қатар, университет оқытушы-профессорлар құрамына «Серіктестік жобаларды жазу: идеялардан іске асыруға дейін» тақырыбында біліктілік арттыру курстарын жүргізді.
Халықаралық тәжірибелерге негізделген келісімдер өңір студенттерін мамандандыруда мол септігін тигізбек. Өзге де шетелдік жетекші оқу орындарымен келісімдер ауқымы бұдан да ұлғая түседі.
