Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданының орталығы Тереңөзектен шалғайда жатқан Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектебі 1964 жылы құрылған. Міне, осынау жылдар ішінде ауыл мектебін көптеген мектеп түлектері бітіріп, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқаруда. Оның ішінде профессорлар, ғылым кандидаттары, мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, экономистер және де ауылшаруашылығында  жұмыс істейтін мамандар да бар.

Ауылдағы білім ошағы 1990 жылы 624 орындық қос қабатты ғимарат болып қайта салынғанда ел-жұрттың қуанышында шек болмады. Жаңа типті оқу орнының талабы мен сұранысына сай білім ордасында оқу-тәрбие үрдісін ізгілендіру жолында игі жұмыстар атқарылып келеді.

– Мектеп – ғылым ғимараты. Сондықтан мектптегі тәртіп мүлтіксіз орындалуы тиіс. Мектептегі басты принциптердің бірі – балаларды оқуға қызықтыра отырып білім беру. Мектеп те мешіт секілді қасиетті орын. 2023-2024 оқу жылын 185 оқушы аяқтады. 50 оқушы оқу озаты, 48 оқушы оқу екпіндісі болды. Бұл оқушылардың білім сапасының 67 пайызын көрсетті. Мектепте 16 кабинет жұмыс жасайды. 42 компьютер бар, 2 компьютер интернет желісіне қосылған. Оқушыларға 38 мұғалім дәріс береді. Оның 35-і жоғары білімді, 3-і арнаулы орта білімді. бірқатар пәндер электронды оқулықтармен оқытылады.

Жыл сайынғы оқушылардың білімдерін сарапқа салатын Ұлттық бірыңғай тестілеу Қазақстан Республикасында қолданылатын мектеп бітірушілердің білімін сынау жүйесі. ҰБТ-ның нәтижесі жалпы және орта білім ұйымдары бойынша мемлекеттік аттестацияның қорытындысы ретінде есептеледі. Жыл сайын ҰБТ- ге қатысқан оқушылар барлығы да грант иегерлері атанып жүр.

Биылғы оқу жылында орта мектепті 8 оқушы аяқтады. Осы оқу жылдарында 11 сынып оқушылары Әйгерім Дайрабайқызы «Алтын белгі», Әсемай Бекет «Үздік аттестат» иеленсе, негізгі мектепті бітіруші Шұғыла Әбдіразақ, Жайна Кәдірқызы, Айтолқын Темірбай, Аяулым Іңкәрбекқызы «Үздік аттестат» иегерлері атанды. Республикалық «Дарын», «Зерде» ғылыми жобалар сайыстарына оқушыларымыз белсене атсалысып келеді. Биылғы оқу жылында 10 оқушымыз қатысып, оның үшеуі аудандық кезеңде жүлделі орындармен марапатталды. Оқушыларды іскерлікке, еңбекке, төзімділікке үйрету мақсатында қолөнер, шахмат, волейбол, футбол, ән-хор, домбыра уйірмелері жұмыс жасайды, – дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Елена Сейдахметова.

Елена Сейдахметованың айтуынша қазіргі жаңа технологияға байланысты жаңартылған білім мазмұны бойынша 33 педагог, яғни 84,6% білімдерін жетілдірген. Деңгейлік курстан барлығы 6 педагог білім жетілдірсе, олардың 2-і І (ілгері) деңгей, 4-і ІІІ (базалық) деңгей бойынша бітірді. Тілдік курстан 1 педагог өткен. Химия және биология пәнінің мұғалімі Әйгерім Жәлімбетова В2, С1 деңгейі бойынша аяқтаған. Қысқа мерзімді түрлі тақырыптардағы жаңа технологияларға байланысты, критериалды бағалау, инклюзивті білім беру, жекелеген пәндер бойынша да кезекпен жылда 20-25 педагог білім жетілдіріп отырады. Мектепте 4 жас маман бар. 2-еуі жоғары, 2-еуі арнаулы орта білімді.

2023-2024 оқу жылы бойынша «Жаңа жыл – жаңа қадам, жаңа бағыт» акциясы өтіп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін көмекке мұқтаж және мектеп оқушыларына жаңа жылдық сыйлық беру мақсатында "Ақжарма және К" ЖШС төрағасы Қ.Нұрсейітов, "Думан" сауда үйінің директоры Мейрамбек Қонақбаев, «Ақжарма 1» ЖШС төрағасы Марат Бисенов, «Биали спорт» компаниясының директоры А.Шаукенбаев, ауыл кәсіпкерлері С.Несіпбаева, А.Сәрсенбаева оқу құралдарымен қамтамасыз еткен.

– Мектептің 4 оқушысы үйден оқытылады. Оларға мектеп мұғалімдері үйлеріне барып білім берді. «Қарақасқа» елді мекенінен, №42 бекеттен 10 оқушы тасымалданды.

Мектеп жанынан 2009 жылы «Еркетай» шағын орталығы ашылған болатын. Онда 2 топта 40 бала тәрбиеленуде. Ел ертеңі – жас ұрпақты саналы тәрбие, сапалы білім берген мектеп ұжымы тағы бір оқу жылын табысты аяқтап, жаңа оқу жылына дайындықты бастап кетті, – дейді Елена Сейдахметова.

Тағы да оқыңыз: